Баған

Ғибрат қайдан демеңіз…

Осыдан екі жылдай бұрын Қызылордада Жезқазған қаласының күндері өтті. Қос қаланың рухани жарасымының айғағындай қабылданған сол күндерде өзім куә болған екі жайт жадымда жазылып қалды.

Жанымда Бақытжан, Ізтілеу есімді жігіттер бар, атбасын тіреген үйімізден ертерек шығып, есік алдында әңгімелесіп тұр едік. Әңгіме өзегі – «Сырда туып, қырда өскен» кенші-ақын Шынболат Ділдебаев ағамыздың ғибратты ғұмыры. Аула сыпырып жүрген апайдың құралында (сыпырғыш) дамыл болмаса да, құлағы біздің әңгімеде екенін сездім. Шыдамады білем, сәлден кейін апай бізге жақындап, қайдан келгенімізді сұрады. Демде шүйіркелесіп кеттік.

  • Шынболат ағамызды айтып жатқан соң елең еткенім ғой. Мен де сол кісі дүниеге келген «Сұлутөбенің» қызымын. Шоқай бабамыздан үш ұл туған: Сыздық, Мұстафа, Нұртаза. Сыздықтан – Ерғали, Мүсілім, Дашар, ал Ерғалидан Данияр туады. Мен Даниярдың қызымын. Шоқайға – шөпшек, Мұстафа Шоқайға шөберемін. Есімім – Раиса, – деді.

Жасыратыны жоқ, мына әңгімеден кейін мен сенер-сенбесімді білмей, Мұстафадай ерді туған асыл тектің жалғасындай көрінген апайдың қолындағы сыпырғышына қарадым. Жанымдағылар да солай етті-ау деймін. Назарымыздың қолындағы құралға түскенін байқаған ол біздің ойымызды оқып қойғандай, «Сенбей тұрсыңдар-ау, сыңайы. Мүмкін Мұстафа Шоқайдың тұқымының мына тірлігіне мүсіркей қарап тұрған да боларсыңдар. Қолымнан сауда жасау келеді. Бірді бірге құрастырып, ақша табуды білемін. Іргедегі Қытайдан арзан тауар тасып, саудамды жүргізіп кетуге шамам да жететін еді. Бірақ, елімнің ақшасын Қытайдың «қоқысына» бола шашып, аулақтағы бөтен жұрттың қолына ұстата салуды қаламадым. Одан да нәпақамды туған жердің топырағында жүріп, ауласын сыпырып табуды жөн санадым. Ел ырзығын ысырап етпеген жөн, бауырларым» – деді.

Мұстафа Шоқайдың шөбересі өтінішімізді жерге тастамай, телефон нөмірін беріп, өз шаруасына кірісіп кетті. «Асылдың тұқымы-ай, қасиет қаныңда жүр екен-ау» – деп жөнімізге кете бардық. Құлағымда – апайдың «Ел ырзығын ысырап етпеген жөн, бауырларым» деген сөзі…

Қызылорда қаласындағы колледждердің бірінде өткен кездесуден қайтып келеміз. Көлік тізгіні – сол қаланың жастар ресурстық орталығының директоры Жанболат деген жігітте. Елгезек екен. Жол бойы қала тарихымен таныстырып келеді. Бір сәт бағдаршамның қызыл «көзіне» тоқтадық. Жанболат біз тоқтаған көше қиылысындағы кәріз құдығы қақпағының ашық жатқанын аңғарып қалды да, дереу әкімдікке телефон шалды. Мен одан «Бұл сендердің орталықтың міндетіне кіре ме?» – деп сұрадым. «Бізде осындай дәстүр қалыптасқан, аға. Әсіресе, мекеме-кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері қала ішінен қолайсыз жайттарды көрсе, менің міндетіме жатпайды демей, дереу әкімдіктегі тиісті құрылымға хабарлама түсіреді. Өз қаламызға өзіміздің жанымыз ашымаса, кімнің жаны ашиды?» – деді ол сабырлы қалпын сақтаған күйі. «Мыналарың жөн екен» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Іштей «мынау жеріңе жаны ашудың қарапайым, бірақ, керемет үлгісі екен» деген ой түйдім де қойдым…

Иә, ғибрат қайдан демеңіз…

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
филология ғылымдарының
кандидаты

Басқа материалдар

Back to top button