Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Фюрердің соңғы ышқынысы

1944 жылғы Арденна операциясы одақтастар арасында әбігершілік туғызып, Кеңес әскерінің алға жылжуын жеделдете түсті. Фюрердің ұрыс барысын өзгерту туралы жанталасқан әрекеті соғыстың тезірек аяқталуына әсер етті.Сол жылғы қыстың басында одақтастар Германияның соңғы ышқыныста екендігін түсінген. Кеңес әскері Шығыс майдандағы «Багратион» операциясы барысында «Орталық» әскер тобын тас-талқан етіп, Вислаға шыққан болатын. Одақтастар бұл кезде Парижді азат етіп, Рейнді кешіп өтуге дайындалып жатқан. Германияны сол сәтте англо-американдықтармен бейбіт келісім ғана құтқаратын еді. Гитлер олар көбірек шығынға ұшыраса бейбіт келісім жылдамырақ болады деп есептеді.

Гитлер Батыс майданда алға басу операциясын жүргізу арқылы, одақтастар үшін маңызды стратегиялық нысан болып табылатын Антверпен портын басып алу қажет деп тапты. Осы порт арқылы барлық әскердің қамтамасыз етілуі жүзеге асырылып жатқандықтан, одан айырылған соң басқа әдіс іздеуіне мәжбүр етіп қоймақ болды.

Батыс майдандағы ауқымды шабуыл өте қатаң әрі құпия сақталғандығына қарамастан, одақтастардың барлау ісі бұл шешімді 1944 жылдың қараша айының өзінде біліп қойған еді. Бірақ, неге екені белгісіз, тиісті тұжырым жасаған жоқ. Сондықтан, 1944 жылдың 16 желтоқсаны күнгі таңда нағыз тозақ отына түскендей болған еді.

Немістер негізгі соққыны Арденнаға жасады. Шабуыл астыртын, тұтқиылдан ұйымдастырылған еді. Одақтастардың тылына 2 мыңнан астам диверсант тасталды. Олар американдық киім үлгісімен байбалам салып, үрей туғызуы қажет болатын.

Арденнаға немістер СС-тің 6 танк дивизиясының 8 дивизиясын түсірген. Санаулы ғана сағаттар ішінде майдан мен одақтастар тылының арасы 50 шақырымға үзіліп қалды. Американдықтардың тірі күштері мен техникасынан айырылып, кейін шегінуіне тура келді. Одақтастар әскерінің басшылары аяқ астынан әбігерге түсті. Диверсанттар олардың берекесін алды.

20 желтоқсанда майданның 100 шақырымдай телімі 50-60 шақырым ішке қарай ойсырай кірген беті аралары алшақтап кетті. Егер немістердің Льеже мен Намюреден өздерінің жанармайларының қорын толтырғысы келген авантюристік әрекеті болмағанда, одақтастардың жағдайы одан да қиын болатын еді.

Немістер өздерінің қоймаларын жанармаймен толықтыра алған жоқ. Танктер тұрып алғандықтан, шабуыл тоқтатылды. Бұған қоса құпиялық қатаң сақталғандықтан, немістердің әуе қорғаныс күші шабуыл жасалып жатқандығын білмей, өздерінің ұшақтарына оқ жаудырып, 800 бірліктің кем дегенде 200-ін сол жерде құртады.

Арденнада қиын жағдайға душар болғандықтан, одақтастардың басшылары Сталиннен көмек сұрауға мәжбүр болады. КСРО-ның Жоғарғы Бас қолбасшысы 20 қаңтарға жоспарланған шабуыл дайындығын жедел қарқынмен аяқтауға шешім қабылдайды.

Қызыл әскер өзінің Шығыс майдандағы шабуылын 12 қаңтарда бастап кетті. Ал одақтастар болса, немістердің Арденнадағы шабуылынан беттері қайтып, ұзақ уақыт өздеріне өздері келе алмады. Сөйтіп, олар Батыс майдандағы шабуыл әрекеттерін 1945 жылдың наурыз айында қайтадан бастады.

Ғаламтор материалдарынан дайындаған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button