Баған

“Еті – сенікі, сүйегі – менікі…”

Баяғыда дейміз-ау… Мұғалім атаулыға миықтан қарау деген болмайтындай еді. Бұзақылығың үшін ұстаздан ұрыс естіп, құлағыңды бұрап жатса да әке-шешеге жақ ашпайтынбыз. Неге? Айтсаң, ұрыстың екі есесін естіп, бұралған құлақтың көкесін сонда көретін едің. Мұғалім бейсауат шүйлікпейтінін ата-ана да біледі. Сондықтан, бүлдіргенімізді білдірмеуге тырысатынбыз.

Оған дейінгі жылдар мен ғасырларда да солай болған жоқ па? «Баламды медресеге біл деп бердім» деп Абай айтқандай, ұстаз алдына баласын жібергенде «еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейтін де – өз ата-бабамыз. Алайда, жылдар жылжып, айлар ағылған сайын үй-үйдегі еркелер мен серкелер саны арта түсті. Жоқ, бала саны артқан жоқ, керісінше, бірекі баланың бетіне телмірген ата-ана саны қаулап шыға келді. Сол бірдіекілі баланы кім «қанаттыға қақтыра, тұмсықтыға шоқтыра» қойсын? Сөйте-сөйте, баласының басынан бір тал шашы үзіліп түскен ата-ана айыпты баладан іздеудің орнынан жата кеп ұстаз жағасына жармасуды шығарды. Оны көрген ұрпақ оңсын ба? Ұстаз бетінен алмақ түгілі, көзіне тік қарауға жасқанатын байырғы шәкірт орнын ерке-шолжаңдар еркін басып кетті. Түптеп келгенде, жанға бататын да осы.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» (ӘбуНасыр Әл Фараби) екенін қай күні қаперімізден шығарып алдық? Мектеп қабырғасында білімнен бұрын, тәрбие алу маңызды емес пе еді? Осы күні ұстазды сотқа сүйреп, заң соғып жүрген ата-ананың ертең-ақ сан соғып қалмасына кім кепіл?

«Ертеде бір патша баласын медресеге беріпті» деп басталатын аңыз бар еді ғой. Естіген боларсыз. Естісеңіз де, енді бір рет көз тартыңыз. Сол патша баласы ұстазын тыңдамай еркелікке басса керек. Әкесінің кім екенін білгесін ұстаз да балаға бата алмай, қаймығып, шарасыз халге түсіпті. Бірақ, шәкірт – аманат болғандықтан, шыдамы таусылған ұстаз патшаға жағдайды жеткізеді. Патша әрі ойланып, бері ойланып, ұстазға ойын айтады. Ұстаз шошып кетсе де, патшаның дегеніне көнеді. Келесі күні дәріс үстінде бала күндегі еркелігіне басып, ұстазды тыңдамай, келемеж етеді. Дәл сол сәтте есік қағылып, патша есіктен бас сұқпай ма? Алдын ала келіскендей, ұстаз «Шық кәнеки, көрмеймісің, дәріс өтіп жатыр» деп айқайға басады. Патша мүләйімсіп, кешірім сұрап, шығып кетеді. Мұндайды көрген патша баласының аузы ашылып, көзі бақырайып кетеді. Қорыта келгенде, сол күннен бастап шәкірті ұстаздың айтқанын екі етпей, үлгілі бала болыпты» деп тәмамдалар еді аңыз.

«Өмірде олай болуы мүмкін емес, аңыз ғой» дерсіз. Болмаса болмаған да шығар. Мәселе онда емес, мәселе – ұстазға танытар құрметтің күн санап жұтап бара жатқанында. Ал, оған құрмет көрсетпей, баланы бетімен жіберу – болашаққа балташабумен пара-пар. Шілдеде «Педагог мәртебесі туралы» Заң да күшіне енеді деп долбарлаймыз. Алайда, «даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы» (Т.Айбергенов) демекші, ұстаз қадірлеу үшін де арнайы заңның қажеті шамалы. Ойланарлық жайт.

Рауан ҚАБИДОЛДА,
“Орталық Қазақстан” газетінің

білім, ғылым және патриоттық
тәрбие бөлімінің меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button