Жаңалықтар

Елорда тойы – елдің абыройы

Еліміздің бас қаласы – Астанаға 20 жыл! Қарағандылықтар да Елордамыздың құрметіне орталық саябақта «Елімнің тұмары – Астана!» атты үлкен мерекелік кеш өткізді. Шара барысында түрлі қолөнер жұмыстары, фотокөрмелер, зообақтар да ұйымдастырылып, танымал эстрада әншілерінің қатысуымен мерекелік гала-концерт те тұрғындар назарына ұсынылды.

Орталық саябақ қана емес, қала аспанында бұл күні – әуелеген ән, күмбірлеген күй. Мерекені атап өтуге ауыл-аймақтан келгендердің де есебі жоқ. Бас қаланың мерейтойы – барша қазақстандықтардың мерейтойына айналды. Шараға қатысқан қала әкімі Нұрлан Әубәкіров те қарағандылықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтап, тілегін жеткізді, сондай-ақ, оның көркеюіне, өсіп-өркендеуіне үлесін қосқан жандарды «Астананың 20 жылдығы» ме рейтойлық медалімен марапаттады.

Нұрлан Әубәкіров, Қарағанды қаласының әкімі:

 – Бұл мереке қоғамдық-саяси маңызға ие жалпыхалықтық мереке. ХІХ ғасырдың ең жас астанасының негізін салушы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Президентіміздің тұрақты назары мен қамқорлығының арқасында Астана мемлекетіміздің маңызды символына, бүкіл әлем танитын брендке айналды. Астанамызды бірінші қазақстандық инновация, жаңа мыңжылдық мегаполисі деуге болады. Астана арқылы Қазақстанды жер жүзі таныды. Ең бастысы – біз Астананы өзіміз үшін де, Отанымыз үшін де жаңа негізде аштық. Оны алмастыру – республика тарихындағы маңызды шешім болды және ел дамуының мықты импульсына айналды, Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына әсер етті. Әлемдік қоғамдастықтағы орнын нығайта отырып, Астанамыз гүлдене берсін!

Астана күнін мерекелеу аясында орталық саябақта «Шеберлер қалашығы» қолөнер шеберлерінің фестивалі де ұйым дастырылып, қолөнершілердің ең үздік жұмыстарына арналған шатырлар құрылды.

Мерекелік кеште Қарағанды қаласының танымал кәсіби ұжымдары – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік, мәдениет үйі ұжымының «Росинка», «Улыбка», «Нурби», «Экспромт» би бірлестіктері, сонымен қатар, «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблі өнер көрсетті. Қала қонақтарының көңілін Марат Бекішев, «Ностальжи» және Қарағанды симфониялық оркестрі көтерді.

 Шараға арнайы келген қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мәдина Садуақасова ән-шашуын сыйға тартып, шын жүректен Астанаға, қала халқына арналған тілегін жеткізді. Бас қаланың мерекесі балаларға да үлкен қуаныш сыйлады.

Концертті тамашалап, Мәдина Сәдуақасовамен бірге сахнаға шығып, би билеген бүлдіршіндер де Астанаға арналған балдырған балғын тілектерін арнады. Кешті жарқыратқан әйгілі «X-Factor», «Жұлдыздар фабрикасы» сынды бағдарламалардың қатысушылары, Әли Оқапов, Ziruza, Ayree, Махмуд Урумбаев болды. Кеш соңы үлкен мерекелік отшашуға ұласты. Сондай-ақ, орталық саябақтан өзге, Астана күнін тойлау құрметіне Молодежный мәдениет үйінде «Мерейтойың құтты болсын, Астана!» гала-концерті, Теміржолшылар мәдениет үйінде «Жайнай бер, Астана» мерекелік концерттік бағдарламасы, Жаңа-Майқұдық мәдениет үйінде «Саған, Астана» мерекелік концерті ұйымдастырылды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button