«Экософия немесе киелі табиғат»

Таяуда жезқазғандық оқырмандарға таныстырылған кітап осылай аталады. Ол былтыр сайын даланың сәні мен мәні болған жезкиікті адамның қорқауынан қорғау кезінде қапияда оққа ұшқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтің рухына арналған.

Бұл – «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрген он бірінші кітап. Жас буынды туған өлкесін, киелі жерді, табиғатты қорғауға, аялауға шақырған туынды қазақ ауыз әдебиетін экология мен философия ғылымымен байланыстыру арқылы өскелең ұрпақ бойында экологиялық мәдениет қалыптастыруды алдына мақсат етіп қойған.

Қысқасы, Қазақстанда экософия ғылымына негіздеп жасалған алғашқы жоба. Мұнда ежелгі түркі дәуірінен басталатын қазақ фольклорының табиғат және жан-жануар әлемі туралы қызықты қиса мен аңыз жинақталған. Экософия өсімдік пен жан-жануар әлеміне қасаң биологиялық көзбен емес, жаратылысқа рухани құндылық ретінде қазақтың «кие», «обал», «сауап» сияқты қасиетті наным-сенімі тұрғысынан қарауға шақырады.

Оқырмандармен кездесуге «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, мәдениеттанушы Бағдат Құдияр, кітап авторының бірі, әлеуметтік ғылымдар магистрі Әділбек Нәби, психолог-лектор, әлеуметтік ғылымдар магистрі Сейілбек Мырзабеков қатысып, терең мағыналы қызықты әңгіме қозғады. 2017 жылы құрылған қоғамдық қор бұған дейін жалпы таралымы 100 мың данаға жуықтайтын «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр-Шәріп», «Логотерапия немесе өмірге ғашық болу», «Яссауи феномені», «Өмірге ғашық болу», «Махаббаттың мәні», «Өркениетті адам», «Мың сұрақ», «Әділ патша» кітаптарын оқырмандарға ұсынды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.