Біздің сұхбат

Думан БӘКІРОВ, Октябрь ауданы Қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник: «Отан қорғау парыз емес – міндет»

– Алдымен, алдағы мейрамыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Әскерімізге сеніп, әлі де алаңсыз ұйықтай беруімізге бола ма?
– (күлді) Оған шүбәңіз болмасын. Қазақстан әскері – қашан да қырағы. Бұл – ең алдымен Елбасының ерен еңбегі деуге болады. Себебі, Президентіміз қай кезде болсын қорғаныс саласына үлкен назар аударады ғой. «Бейбітшілікке ұмтылсаң алдымен әскеріңді күшейт» деген мақал бар. Тегін айтылмаған сөз деп білемін. Мемлекет басшысы әлемдік әлденеше жайттарда арағайын болып, татулықты ту еткенімен, әскерін қарусыз һәм қараусыз қалдырған емес. Оны заман талабы дейсіз бе, қоғам талабы дейсіз бе, өзіңіз біліңіз.
– Қырағылықтың қыр-сырын әскерде болмаған адам қайдан білсін? Жалпы, әскер қатарынан табылуға деген жастардың құлшынысы қандай?
– Жастарды жаппай жамандаудан аулақпын. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» дейді жұртымыз. Десе де, басым көпшілігі әскерге барудан бас тартпайды. Тіпті, сұранып бара алмай жүргендер қаншама? Ер азамат болғасын, сенің де таныс-тамырларыңның арасында әскерге аттана алмай жүргендер аз емес шығар? Осыған қарап, ой түзей бер. Тек, бір гәп – қазір ұлдардың шаруаларына шешелері көп араласады. Осы бөлімнің өзіне ертіп келеді. Меніңше, бұл дұрыс емес.
– Әскерден ат-тонын ала қашатындар көп болмаса, қару асынып кете барғандар да аз емес болар? Осы ауданның биыл қанша ұланы сап түзеді?
– Осы жылы 95 бала әскерге аттанды. Соның ішінде, шекара әскеріне – 47, мемлекеттік күзет қызметіне – 4. Қалғандары ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберілді. Әлі де 100-ден аса жасты Отан алдындағы борышын өтеуге шығарып салмақ ойдамыз. 20 мамырдан әрі Ұлттық Ұлан сапындағы сарбаздар санын толықтырамыз.
– Сіз атаған сарбаздар санын аз немес көп деп тон пішуден аулақпыз. Дегенмен, бұрынғыдай жаппай әскерге алынбау қаншалықты дұрыс немесе бұрыс деп ойлайсыз?
– Осы күнгі өзекті мәселенің бірі деп білемін бұл сұрағыңды. Ең алдымен, Отан қорғау парыз емес – міндет! Сондықтан, әскерден қалу деген ақылға сыймайтын дүние. Заңға өзгеріс енгізу қажет. Мен ғана емес, мұны өзге де әскери азаматтар қолдайтынына сенімдімін. Ол қандай өзгеріс дейсіз ғой? Айтайық. Мәселен, мектеп бітіре сала Отан қорғауға аттанған сарбазға жоғары оқу орнына түсудің белгілі бір жеңілдігі қарастырылу тиіс. Жастарды солай ынталандыруымыз керек.
– Жаппай әскерге алу қаншалықты маңызы болса, ынталандыру да соншалықты маңызды ғой? Дұрыс түсіндім бе?
– Дұрыс. Себебі, әскерге барған адам тәртіпке бағынып үйренеді. Ал, баһадүр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтсын ба? Жоқ! Әскер – ең алдымен ер баланың ішкі тәртібін қалыптастырып, жауапкершілік жүгін арқалай білуге баулиды. Ол қасиет отбасы құрған кезде де айқын білінеді. Өзің тәртіпке бағына алмасаң, балаңа не бетіңмен тәртіпті бол деп айтпақсың? Отбасы жауапкершілігін қалай арқаламақсың? Қарапайым мысал. Осыны ұғыну үшін де озық милы адам болу керек емес шығар?
– Тәртіптен бөлек, әскерге жарамдылық деген мәселе бар емес пе? Бұрынғыдай емес, қазір талап та күшейді. Дәрігер тексерісіне дайын, әскерге жарамды болу үшін жастарға нендей кеңес берер едіңіз?
– Көп жағдайда ақау жастардың көзінен табылып жатады. Бұған кінәлі – күні-түні телміріп отыратын телефон. Ал, дайын болу мәселесіне келетін болсақ, заң мұны әлдеқашан ойластырып қойған. Мәселен, ұлдар ҚР Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге алғаш тіркеуге алынған кезде салмағы жетпейтін, көзі көрмейтін, тісі бүтінделмеген сынды алдағы уақытта салмақ қосып, емделіп кететін балалардың жеке тізімін жасаймыз. Мекенжай бойынша емханаға емдеу шараларына жібереміз. Міне, сол тұста жастарға салғырттық танытпаған жөн.
– Осы қиындықтардың барлығын жеңіп, сарбаз атанған жастардың бұдан арғы борышы 1 жылдан аспай жатыр? Сонда, 1 жылдың көлемінде жауынгерлік өмірдің қыр-сырын түгел меңгеріп шықты деген қаншалықты көңілге қонымды?
– Сол 1 жыл деп отырғаныңа мен де келісе қоймаймын. Жауынгер енді-енді бой үйрете бастаған тұста әскери өмір де аяқталып үлгереді. Бұрындары әкелеріміз 7 жылдық білім алып, кәсіби училище жағалап кетіп жатқан еді. 1 жылдық әскер ойыма сол жайтты оралтады. Қазіргі күні берген білім шала болмас үшін керісінше, 11 сыныптың өзі 12 сынып болады деген жоспар бар. Ал, әскерге ондай көзқарас болмай тұр әзір.
– Ол бір жағынан, күн санап емес, сәт санап түрленіп жатқан жаңа технологиялар дәуірінде ғұмыр кешіп жатқанымыздан болар? Алдағы жылдарда сол технология қорғаныс көзіне айналып әскердің де керек болмай қалуы мүмкін ғой?
– Қазіргі күні ел дүрлігетін ең қуатты қару – атом бомбасы болар. Бірақ, оны қолданған мемлекеттің ертеңі мүлде баянсыз болары анық. Технология деп отырғаныңыз сол ма? Ал, терроризм, экстремизм сынды дәуір дертіне де сол атом бомбасын пайдаланар ма едіңіз? Жоқ. Ондай қатердің алдын алатын тек әскер ғана. Сондықтан, болашақта әскері жоқ, әскерінен өз еркімен бас тартқан мемлекет болады деуге өз басым сенбеймін. «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүргіміз келсе, қорғана да білуіміз қажет.
– «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» демекші, сөз соңында алдағы мереке қарсаңында оқырманға не тілер едіңіз?
– Отан қорғаушылар күні келе жатқанда Отанымыз тыныш болсын деуден басқа не тілейін? Әр ата-ана ұлының әскерге аман барып, сау оралғанын тілеп отырады. Ата-аналармен бірге біз де тақым қысып отырарымыз белгілі. Әлгінде атаған 95 баланың біреу қалмай туған үйлеріне қайтып оралуларына тілектеспін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Қазақстанды Тәуелсіздігінен айырмасын!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button