Домбыра: Абай мен Әлиханның «тартысы»

Жәнібек ӘЛИМАН,

Қазақ зиялыларының пікірі қаққа айрылды осы күндері. Абайдың 175 жылдығы қарсаңында туған жері сырт Қасқабұлақ басында хакімнің үш ішекті домбырасының алып мүсіні жерге төселмек екен. Турасын айтқанда, домбыраның өзі емес, сұлбасы аяқ астыңызда жатады. Әлгі жобаның бір артықшылығы, домбыра сұлбасының бойына хакімнің қырық бес қара сөзінің ойылып жазылатындығы. Осыған байланысты, қазақ руханияты өкілдерінің пікірі екіге айырылды. Бірі «домбыра қазақтың киесі, оны аяқасты етуге болмайды» десе, екінші топтың уәжі «аяқасты болатын домбыраның өзі емес, көлеңкесі, онда тұрған ештеңе жоқ» дегенге саяды.

Мұның бізге не қатысы бар дейсіз ғой. Болғанда қандай. Ел ортақ, жер ортақ, жақсы ортақ демей ме? Ел десең – қазақ, жер десең – Арқа, жақсы десең – хакім Абай мен Әлихан тұр. Менің есіме бірер жыл бұрын Ақтоғайға қойылған домбыра мүсіні түсті. Айдыннан көтеріліп бара жатқан аққудай елестейді ол көзге. Кемпірбайдың кеудесінен қош деп ұшқан көк ала үйрек болуы да ғажап емес. «Жезтаңдайым, бозторғайым» болып әнге айнала барып, Күләштің көмейіне ұя салса керек. Біздің жақтың бұлбұлы бозторғай! «Дәурен-ай» әнінде «Сағындым бозторғайдың салған әнін» (Н.Айтұлы) деген сөзге Ахаң, Ақселеу тегін тоқтады дейсіз бе? Не десек те еркіндік пен азаттықтың нышанын танытады бұл домбыра. Жерден көкті бетке алып бара жатқан әсем құбылыс осыдан бірер жыл бұрын Ақтоғай ауданының 90 жылдығында бой түзеген болуы керек. Азаттықты көксеген Алаш рухына ұқсатпай көр көкке ұмсынып тұрысын. Алаштың азаттығын әйгілегендей асқақ құбылыс. Бір кездері бұл топырақта Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермек туып, Алаш азаттығына жол шығарған еді-ау. Ақсораң, Қарқаралы арқылы өткен олар «Алашорда» үкіметінің туын Семейден тіккенін кім білмейді? Алғаш Ақтоғай, Қарқаралы топырағында туған Алаш идеясы Қазақ даласына қарт Шыңғыстың бауыры, Семейден тамыр жайғанын Абаймен байланыстармай көр бұдан соң. Абай ауылы Алаш ақыл-ойы мен жүрегі орын тепкен қастерлі қара шаңырақ. Егер ХІХ ғасырда Шыңғыстауда Абай тумаса, Ақтоғайдың Жекежал, Желтауында Әлихан да тумас еді. Бірі таңның атқанындай болса, бірі Күннің шыққанындай бір-бірімен салыстыруға келмейтін, тек Тәңірінің қалауымен ғана болатын құбылыс. Тура сол сияқты, Алаш рухының жаршысындай домбыраның сұлбасы да әуелі Әлихан туған топырақта орнатылып, Абайдың Қасқабұлағына көшуі кездейсоқ құбылыс емес, меніңше. «Қарқаралы басына шыққан жанға, Шығыстаудың бөктері көрінеді…» (Ғ.Жайлыбай) дегендей бұл – тек сана-сезім, түйсікпен ғана болжап білетін құдіретті ғажайып. Жүрегіне Алаш азаттығын сыйдырған Әлиханның Ақтоғайда туып, әлемді кезіп келіп, Алаш автономиялы республикасының астанасын Семейден тіккенімен байланыстырса жарасады. Ендігі Алашқа одан басқа жол да қалған жоқ. Абай мен Әлиханның жолын мұрат тұта отыра, азаттықты баянды етуден басқа. Өңгесінің бәрі күйкі тірлікті айналсоқтаған жанама дүниелер ғана. Абайдың мерейтойына байланысты қолға алынған домбыра сұлбасының жерге төселуі кешенді жоба. Ғаламтор көзіндегі әлеуметтік желілерде үлкен сынға түсіп, зиялылар пікірін екіұдай еткен бұл жоба бұдан былай не істесек те, әуелі халықтың талқысына салу керектігін көрсеткенге ұқсайды. Менің ақылыма сыймайтыны, жерге төселетін алып домбыраның сұлбасы кеспетастардан  (брусчатка) құралатындығы.

Қала көшелеріне төселген әлгіндей тастардың сапасы мен жарамдылық мерзімін көріп жүрміз ғой. Асса бес-алты жылда борып, кетеуі кете бастайтынын. Орнаттың екен, жалтыратып ақ мәрмәрдан тұрғыз немесе одан да берігірек тастан қаша. Және жоғарыдан қарамаса, бір жағынан келіп қарағанға домбыра сұлбасының үстінде тұрғанына кімнің көзі жетеді? Мың жерден ақтап алғаныңмен, ұлттық аспабымыздың аяқтың астында жатқаны қазақ халқының көңіліне тимей қоймайды. Біздікі домбыраның алып мүсінін тік шаншып немесе қиғаштап қойып, шанағын алып ғимарат ретінде салып, хакімнің қара сөздері соның (шанағы) ішіне қашалып жазылған да керемет болар ма еді деген қияли пікір. Ішіне басқалай нәрселер қарастырмай, тек адам бір кіріп, көріп шығатын етіп жасалғанда қатып кетер ме еді? Астанадағы Бәйтерек сияқты ғой, бірақ, онда асхана, басқа да дүниелерсіз, тек қабырғаларында Абай нақылдары мен басқа да көркемдік құбылыстар орын алса, ғажап болар еді. Тіпті, ондай ғаламатты салу бірнеше жылға созылса да, Абай мұрасына құрмет мерейтойының аясында бір жылда салынып бітуі тиіс кешенмен шектелмеуі тиіс шығар? Әбіш Кекілбайдың «Аңыздың ақыры» романында айтылатын, Әмір Темір жорықтан оралғанша сүйікті тоқалының салдырған мұнарасындай үлкен өнер туындысы сонда болады. Бұл – Абай мұрасымен қатар домбыраға жасалған құрметтің зорына айналары тағы анық.

Іште пікір өлгенше демей ме қазақ? Өйтпесе, «қазаншының еркіндегі» дүние. Жаратпаса, «өз сөзім – өзімдікі», ағайын!