Бостандық: Баға мен пайым немесе Желтоқсан философиясы

«Сіз қалай ойлайсыз, осы біз Тәуелсіздігіміздің қадірін қаншалықты парықтай алдық? Желтоқсан көтерілісімен тығыз байланысты дейміз Тәуелсіздігімізді. Алла қиып берген азаттығымыздың бағасын байыптап, елдік деңгейде мәніне жеттік пе? Мәселен, жастар патриот емес, отансүйгіштік сезім жоқ дейміз. Олай болатыны да сол тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастар санасына жеткізе алмағандығымыздан емес пе? Азаттықтың бағасын білген сайын желтоқсанның шындығы өзінен өзі ашылып, біз бермей-ақ мәртебесін алар еді ғой?» деген сауалдар тастап, бір топ қарағандылық ұлт зиялылары мен қоғам белсенділері, желтоқсаншылар мен тарихшыларды редакциямызға шақырып, ашық пікір алаңын ұйымдастырған едік. Мақсат – қоғамдық пікір қалыптастырып, Тәуелсіздік пен Желтоқсан шындығын қоғам қайраткерлерімен бірге талқылау. Алуан пікірден әр оқырман өзіне керегін алып, нәтижесін өздері шығарар. Сонымен, дөңгелек үстел басында әңгімені физик-математик, «Ғасыр адамы» Темірғали КӨКЕТАЙ бастады.

Темірғали КӨКЕТАЙ:

Мен Желтоқсан көтерілісін көзіммен көрдім. 16-17-18 желтоқсанда Алматыда іс-сапарда жүрдім. ҚарМУ-де істейтінмін. 16-сы күні ұшақтан түскенімде, лек-легімен ереуілдеп көшеде ел жүр екен. Жұрттан сұрасам, біреулері «білмейміз» дейді, біреулері «жастар Колбинге қарсы көтеріліп жатыр» деді. Ертеңіне қазіргі Абылай хан көшесі ғой, Жазушылар одағының алдындағы саябақтан өтіп бара жатсам, жастар лек-лек болып, қатар-қатар жүріп келе жатыр. Оған да көңіл аудармадым. Бір уақытта тек қана қыздардың тобын көрдім. Кәдімгідей тамаша киінген. Шеру тартып келеді екен. Мен де соларға ілесе бастадым. Алаңға дейін бардым. Жастардың қолындағы күллі ұрандарды түгел көріп, оқыдым. «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Әрбір республика өз басшысын сайласын!» деген сөздер анық есімде. Сосын барлығы қазіргі Әнұранды айтып жүр. Барлығы! Осы Әнұранымыз сол кездің өзінде гимн болып кетті десек, артық емес. Қасымдағылардан «мынау не?» деп қайта сұрадым. «Колбинге қарсымыз, кеше Ресейден әкеліп біздің елге басшы қылып соны тағайындады» деді. Сондай жауап алдым да, жұмыстарымды бітіруге кетіп қалдым. Алаңға кешке қарай келдім. Келсем, халық өте көп жиналған. Ұрандардың бәрін қайта оқып шықтым. Шынын айту керек, оның ішінен «Тәуелсіздік керек бізге», «Егемен ел боламыз» деген бір сөз оқығаным жоқ. Компартия басшылары шығып сөйлеп жатыр екен, бірақ, оларды жастар тыңдаған жоқ. Фамилиясы Мұқашев қой деймін, ұмытыңқырап қалдым, «профсоюздың» басшысы, сол адамды ептеп тыңдаған болды. 17-сі күні көзбен көрген оқиғам – осы.

Жеке көзқарасымды айтсам, дүмпу алдын ала дайындалған. Бұл – бір. Екінші, «бұл көтеріліс тәуелсіздіктің бастамасы болды» дегенге қарсы емеспін, бірақ, аса қуаттай бермеймін. Өйткені, ол уақытта тәуелділік деген сөз менің санамда мүлде болған жоқ. Тәуелсіздік деген ұғым көбінің миына кіріп те шықпайтын. Жеке пікірім. Тәуелділікпен күресеміз, егемендік аламыз деген ой 1991 жылдың күзіне дейін туған емес өз басымда. Бірақ, халық біріксе үлкен күш, елдің намысы осы екен-ау деген сезім бойда жүрді.

Көтеріліске керемет дайындалған жастар. Оның бір дәлелі, менің бір бажам ауыл шаруашылығы институтында істейтін, профессор. Сонымен бірге мен 17-сі күні жатақханаға бардым. Осы ауыл шаруашылығы һәм зоотехникалық малдәрігерлік институтының. Екеуінде де жастар дайындалып, біреулер келіп ұрандарды жазғызып жатқанын көзіммен көрдім. 18-і күні мені жібермеді. Әйелімнің апасы мен бажам кәдімгідей ұстап отырды. Өйткені, бажам қалалық парткомның жабық отырысына қатысып, біліп келіпті. Сырттан әскер кіргізіліп, қырғын болайын деп тұрғанын.

Сол уақытта қазақ жастарында намыс, рух, жүрек деген керемет еді. Өйткені, ол уақытта ауыл бар еді. Қазір ауылды әлсіретіп алдық. Ауылды құрту – қазақты құртумен бірдей. Кеңес Үкіметіне құл боп отырсақ та, намысы, қыжылы бар еді ұлттың. Ұйымшыл еді. Мысалы студент кезімізде 25 бала сынақ тапсырсақ, соңғы бала тапсырып шыққанша, бірбірімізді күтіп тұратынбыз. Қазір бір бөлмеде жататын екі бала бірбірінің нешеге тапсырғанында шаруасы жоқ. Тіпті, Абылай хан, Қазыбек би дегенді естімесек те, ептеген рух болды бойымызда. Неге? Өйткені, ауыл болды. Ата, ақсақал, әжелер мектебі бар-ды. Тәрбие көзі – солардан айрылып қалдық. Жапондар әрбір қаланың жанынан ауыл жасаған, мәдениетін қайтару үшін. Біз де сол рухты көтеруге жұмыс істеуіміз керек.

Айдос БӘДЕЛ, саясаттанушы:

Желтоқсан көтерілісіне мәртебе керек. Жастар желтоқсанның құндылығын біле бермейді. Егер мәртебе берілсе, идеология үшін керемет құрал болар еді. Мәселен, фильм түсірілсе. М.Шаханов «Желтоқсанды ұйымдастырушыларды іздемеңдер, Желтоқсанның бағасын іздеңдер» дейді. Герольд Бельгер болса, «Қазақстанда керемет күндер бар. Ол – Желтоқсан күндері. Өйткені, ол – толғағы келген тәуелсіздік күндері» дейді. Желтоқсан көтерлісі – азаттық аңсаған жастардың бір серпілген күні болды және соған қолдарын жеткізіп қана қойған жоқ, көптеген елдердің тәуелсіздік алуына ықпал етті. Желтоқсан философиясы – осы. Соны көрсетіп кино түсірсек, қаншама елдің бостандық алуына себепкер болған Қазақстан жастарын ұрпаққа үлгі етеміз әрі мақтанамыз»

Нұртас СМАҒҰЛОВ, тарихшы:

 Ол баста Қазақ – әлемдегі саны көп ұлт болған. Өйткені, ежелден мемлекет ретінде қалыптасқан ұлт едік. Түркі, Алтын Орда, Қазақ хандығы болды. Кенесары өлгеннен кейін де хандық жүйе сақталып тұрған, негізі. Айтыла бермейді, бірақ. 1881 жылы Қытай мен Ресей Қазақ жерін бөліп алды. Алтайдың ар жағын Қытай, бер жағын Ресей алып қалды. ХХ ғасыр басында Ресей империясы құрамында халық саны жағынан екінші орында тұрдық. 6 млн. болыппыз. Еуропаның анау-мынау ұлтынан әлдеқайда көп. Сол 6 миллионнан 1959 жылы 2 млн. 800 мың ғана халық қалған. Отаршыл империя қырып-жойып жібергісі келген бізді. 1986 жылы санымыз 6 жарым миллионға жетіпті. Рухы оянып кеткен халық қана бұлай өседі. Сол кезде тарихшылардың міндетін әдебиетші, жазушылар атқарды. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» жазылуы кездейсоқ емес. Мұрат Әуезов «1961 жылы «Жас тұлпар» ұйымын құрғанда, 1450 жастың басын қостық» дейді. Ұлттық рух оянып кетті деген сөз. Сондықтан, мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі заңдылық деп ойлаймын. Ұлттық рухы оянған жастардың санасезімінің сергектігі. Теперішті көп көрген ұлт жариялылықтың кезінде ерекше күш алады (85 жылы жариялылық болды ғой). Тек қана тәуелсіздік деген сөз болмауы мүмкін. Өйткені, «біз 15 одақтас республикамыз, бәріміз теңбіз» деген идеологияға сендіріп тастады.

Нақты білмегенімізбен, көтеріліс ұйымдастырылған. Бір кісімен сөйлесіп тұрамын, отставкадағы полковник. «86 жылы Алматыда оқитын курсант едік. Бізді қарусыз алаңның алдына қойып қойды. Тек милиция формасымен. Сонда бізге тас, темірлер тиді. Қасымдағы жігіттің басына темір тиіп, жараланып қалды. Жастар ешкімді тыңдамады. 18 күні кешке жақын Рязаньнан арнайы жасақ, дивизия келді» дейді. Әскери күрекпен ұрғанда адамның басын қаққа бөледі екен. Бір естелікте «қашып келе жатыр едім, әскери күрек орып өткен бір қыз жатыр. Ешкім ешкімге қарайтын шамасы жоқ» дейді. Желтоқсан құрбандарының санын нақты білмейміз. Бір деректерде 200 құрбан дейді. Адамдарды көміп, үстінен асфальт төгіп тастаған. Кеңес үкіметінің құдіреті сонша, М.Шаханов айтады. Партияда істеген бір адамның жалғыз ұлы қайтыс болған ғой. Соған КГБ-дан адамдар барып, сөйлесіп, ана кісіге ұлының қайтыс болғанын айтқызбаған. Жүздеген адамдардың баласы қайтыс болды. Соның барлығымен КГБ жеке-жеке сөйлесіп, баласы қайтқаны жөнінде ашық айтпайтын қолхат жаздырып алған.

Жаңағындай күректермен орып, ұрып-соғып, жүк көліктеріне тиеп, қаланың сыртына үйіп-төгіп тастай берген. 8500 адамның ұсталғаны – ресми тіркелгені ғана, 20-30 мың жасты ұрыпжығып, төгіп тастаған. Сондықтан, құрбандар санын нақты ешкім білмейді. 70 мың милиция алып келді дейді. Арнайы жасақтар бар ішінде. Оған қосымша зауыттардағы ұлты басқа жұмыскерлердің қолдарына темір, қару беріп, 16 мың адам жасақтап шығарған. «Қазақтар өзге тілді балабақшаларға шабуылдап, балаларды қырып кетті» дегенақпарат таратып, арандатқан. Іріп-шіріген жүйені жасыру үшін осындай әлеуметтік бұзақылық әрекетке ұластырып жіберген. Кейін күллі партиялық аппарат жұмылдырылып, елге белгілі тұлғалар сөйлеп, мақалалар жазды. «Көшедегі бұзақылар, нашақорлар. Өздерін оқытқан Кеңес үкіметіне қарсы шықты» деген насихат кетті. Бір сөзбен айтқанда, Желтоқсан көтерілісінің зардабы өте ауыр болды.

Ол кезде шетелдік ақпарат құралы «Қазақ түркілерінің Ресей империясына жасаған көтерілісі» деп хабар таратқан.

Қайрат Рысқұлбековті ату жазасына кескенде, әлемдік қауымдастық, БҰҰ, Чехия Горбачевқа хат жазады. Қайратты ату жазасына кеспеу жөнінде. КСРО қорқып, оның жазасын 20 жылға ауыстырды да, ақыры өлтіріп тынды».

Ахмет ХАЛЕН, қарағандылық желтоқсаншы:

Басты себептерінің бірі, қазақ 70 жыл бойы екінші қатардағы ұлт болып келді ғой. Үкімет басында бірінші хатшы өзімізден болса, екінші хатшы әрдайым өзге ұлттан қойылды. Қазақтардың көбі ауылда болғандықтан, қаладан пәтер алатын мүмкіндік қарастырылмады. Уақытша тіркеліп қана тұратын. Ал, уақытша тіркелгенге заң бойынша пәтер берілмейді. Осындай көптеген келеңсіздіктер мен кемсітулерге деген қыжыл жүрді ғой кімнің болсын ішінде. Оның үстіне, 70 жылға дейін Ілияс Есенберлин, тағы басқа жазушылардың шығармаларын оқыған ұрпақтың ұлттық санасы өсіп кетті.

Мен ол кезде қазіргі ҚарМТУдың 5 курсында оқимын. Қойлыбай Асан, тағы басқа балалар бірге жүретінбіз. Алматыдағы дүмпудің дақпыртын естідік. Түрлі клубтың балалары ертеңіне алаңға шығамыз деп келістік. Негізі, ұлттық мүдде тұрды. Бірақ, Темірғали аға айтқандай, тәуелсіздік ұраны көтерілмегені рас. Түптің түбінде бір еркіндік аңсау болғаны тағы анық. Осы қаладағыГагарин алаңына барғанда, қазіргі Әнұранымыз «Менің Қазақстаным» әнін шырқап кеттік. Өрт сөндірушілер пайда болғанда шегініп, жазғы концерт алаңына ойыстық. Ол жерде бізді қаруланған шахтерлер қоршап алды. Күш көрсетіп, автобустарға салып әкетті. Бізді ешкім жетелеп апарған жоқ қой алаңға. Сондықтан, ұлтазаттық аңсау жатты ішімізде. Оның үстіне, 1982 жылдан Суслов бастап «Советтік ұлт» деген сұмдықты шығарып, төлқұжатқа да солай жазғызу мәселесі көтерілді. Оған да қарсылықтар туды. Соның бәрі Желтоқсанға алып келді.

Болат СЫЗДЫҚ, заңгер:

1980 жылы Егіндібұлақтың Шөптікөл ауылында құрылыс отрядында болдым, студентпін. Сонда жасы елудің шамасындағы бір кісі «Қазақстан Тәуелсіздік алу үшін БҰҰ ұйымына кіруі керек. Ол үшін 1930-1954 жылдар аралығында көшіп келген өзге ұлт өкілдерін территориямыздан шығарсақ дұрыс болар еді» дейді. Ана кісінің сөзін қабылдау оңайға соқпады маған. «БҰҰ-ға кіруіміз керек, ол үшін қазақтардың саны 80 пайызға жетсе жарайды» дейді. 80-ші жылы. Яғни, бостандыққа ұмтылу болды деп ойлаймын.

Темірғали АРШАБЕКОВ, тарихшы:

 ХХ ғасыр басында социалистік революция орнағанда, революциялық ахуал туындады ғой әуелі. «Ол – жоғарғы топ бұрынғыша басқара алмады, төменгілер бұрынғы саяси жүйеге бағынбады» (Ленин). Осы қоғамдық құбылыстың бейбіт түрі ғой Желтоқсан көтерілісі. Себебі, 70-80 жылдары ауылдан қазақ мектебін бітіріп келген жастар 2-3 жыл жоғары оқу орнына түсе алмай жүрді. Емтиханның бәрі орыс тілінде болғандықтан. Егер сіз орыс тілінде оқымасаңыз, болашақ жоқ. Осы, тағы басқа қысастықтарға қарсы іштей қайнап жатқан ашу мен ыза сыртқа тепті, бір жағынан. Сонымен қатар, Д.Қонаевтың ел алдындағы беделі жоғары болды. Басты принцип – жастар басқа ұлт өкілінің басшы болғанын қаламауы. Сөйтті де, ұлы төңкеріске жол ашты. Желтоқсан көтерілісі социалистік жүйенің іріпшірігенін дәлелдеп, компартияның бет-пердесін сыпырып берді. Мәселен, мен онда Қиыр Шығыста әскерде жүргенмін. Сонда барлық қазақты жинап алды да, «оқу-жаттығуға барасыздар» деп, қару-жарақсыз айдалада бір жеті орманда жаттық. Күш-қуаты күллі КСРО-ны шарпыды деген сөз. Соның негізінде 1991 жылдан бастап көптеген республикалар тәуелсіздік алды. Бұған 1985 жылы Горбачевтің жариялығы да септігін тигізді. Оған дейінгі басшылардың бәрі тек өтірік мақтаумен келсе, Горбачев ауыл шаруашылығының құлдырап, өндірістің тұралағанын жайып салды ғой. Жалпы, Қазақтың тәуелсіздігі деген сөз плакатта болмаса да, желтоқсаншылардың жүректерінде тұрды. Бұл көтеріліс болғанда да, әлемнің бірнеше елін тәуелділіктен құтқарған тарихи маңызы зор көтеріліс.

Мәрия АБДРАХМАНОВА, қарағандылық желтоқсаншы:

Мен 1976 жылы Политехникалық институтқа жұмысқа келгенімде «Парфос» деген орыс клубы бар екен. Бір жыл істеген соң, әдебиет пен мәдениетті насихаттайтын қазақ клубын ашуды ойлап, оны құрдым. Белсенді қазақ жастары топтасты. Сонда біз сол кездің өзінде бас қосқанда отырып алып, қазақ тағдырын, ел мен жер мәселесін әңгімелейтінбіз. «Бес облысты Ресейге, Каспий жағалауын Түркіменстанға қосамыз» деген мәселелерді сөз қылатынбыз. «Бізге не қалады?» деп. Яғни, 1986 жылы дүмпу бұрқ еткенде, сол жастармен біз наразылығымызды білдіруге саналы түрде шықтық. Және Политехтың айналасын қарулы тәртіп сақшылары қоршап алғанына қарамастан, кітапхананың апатты жағдайға арналған есігі арқылы өтіп, алаңға бардық.

Оның алдында сол кездегі осы «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымымен жастардың басын қосып, кездесу ұйымдастырғанмын. Жайық Бектұров, Зарқын Тайшыбайлардың әңгімелерін естіп, көзі ашылып қалған жастар болмады деуге болмайды. Желтоқсан қызыл империяның қабырғасын сөгіп жібергені анық.

Дөңгелек үстел отырысын жүргізген Жәнібек Әлиман.