Жезқазған

Бір жылдың бедері

Бұдан бір жыл бұрын Жезқазған қаласына әкім болып тағайындалған Қайрат Бегімов жуырда облыстық және жергілікті баспасөз құралдары өкілдерімен жүздесті. Журналистермен кездесу кезінде осы кезеңде басы қайтарылған бірқатар шаруа әңгіме өзегіне айналды.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бір жыл бедерінде бірқатар оң өзгеріске қол жеткенін көрсетті. Экономиканың базалық саласында 52 пайыз өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 258 миллиард теңгеден асып, 1,6 есе артты. Ауыл шаруашылығында алынған жалпы өнім 742 миллион теңгеге жетті, бұл – былтырғы межеден 20 пайызға артық. Құрылыс қарқыны күшейді (1,6 есе). Негізгі капиталдағы инвестиция 2 пайызға өсіп, 6 миллиард 200 миллион теңгеге жетті. – Бюджет түсімі 9 пайызға ұлғайды. Облыс әкімі Ерлан Қошановтың қолдау көрсетуі арқасында бұрнағы жылмен салыстырғанда қаланың қаражат «қоржыны» – 2, даму бюджеті – 7, мақсатты трансферттер түсімі 3 есе өсті. Ұзынырғасы 40 миллиард теңгені құрайтын осынау қыруар қаражат барлық әлеуметтік міндеттемені толық және сапалы орындауға мүмкіндік береді, – деді қала басшысы.

Индустриалдық-инновациялық саясат аясында 2015-2019 жылдары 7 жоба қарастырылған. 13 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген бұл жобалар биыл толық жүзеге асқанда жаңадан 489 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, әл-ауқатты жақсарту мен қолайлы жағдай туғызу мақсатында қала базарларын сәулеттендіру мен одан әрі өркендетудің іс-шара жоспары жасалған. “Шаруа” базарын жаңғырту биыл аяқталады. Ал, аймақты сапалы көкөніспен қамтамасыз ету үшін “Талап” ауылдық елді мекенінде 3 мың гектар суармалы жер қайта қалпына келтіріледі.

Қала экономикасындағы үлесі бір жылда 1,4 пайыз артқан шағын және орта бизнестің белсенділігі негізгі көрсеткіштерге оң серпін берді. Қазір бұл секторда 14 мыңнан астам адам, яғни, экономикалық жағынан белсенді жұртшылықтың үштен бір бөлігі нәпақасын тауып жүр. Кәсіпкерлікті дамытудың қозғаушы күшіне айналған “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 762 миллион теңгелік 18 жобаға қолдау көрсетілді. Соның арқасында 107 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы қалада 1726 адам жұмысқа орналастырылды.

Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қала ішіндегі автобуста тегін жүруі үшін 529 анаға тиісті құжат берілді. Жаңа оқу жылынан бастап, бастауыш сыныптың 1300 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады, 17 мектепте 25 ұзартылған күн тобы ашылады. Балабақша қызметіне жартылай жеңілдік жасау және үйірмеге тегін қатысу үшін жергілікті бюджеттен 49 миллион теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасыларға 30 пәтер алу үшін республикалық бюджеттен 254 миллион теңге бөлінді. Қазір 24 өтінім түсті. Таяуда 4 жекеменшік балабақшадан 310 орын ашылады, сонда мектеп жасына дейінгі бөбектерді қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.

Бірнеше жылдан бері бәсеңсіп қалған тұрғын үй құрылысына пәрменді бетбұрыс жасалды. Мәселен, былтыр “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 қабатты 36 пәтерлік және 5 қабатты 30 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл төрт үйдегі екі жүзден астам пәтерде қоныс тойы жасалады. Ал, салынып жатқан несиелік негіздегі 3 қабатты 18 пәтерлік және жалға берілетін 5 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй келесі жылы ел игілігіне айналады. Жаңадан 90 және 60 пәтерлік екі көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Жеке баспана салғысы келетіндерге қолдау көрсетілуде. Қазір 670 жер телімінің 611 пайдалануға берілді, қалғаны жыл аяғына дейін иесін табады.

Қала басшысы білім беру, денсаулық сақтау, денешынықтыру мен спорт саласында атқарылған жұмыстарға да жанжақты тоқталды. Биылғы маусымда қайта пысықталған Ұлытау-Жезқазған аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына қатысты келелі әңгіме қозғады. Металлург мекеніндегі басқа да бірқатар маңызды мәселелер тілге тиек етілді.

Қайрат Баяндыұлы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тиянақты жауап берді.

– Биыл шырайлы шаһардың 65 жылдығын тойлаймыз. Оны лайықты көрсеткішпен атап өтеміз. Газет пен телеарнада кемшілік пен жетістікті “жіліктеп”, шынайы көрсетіп, ортақ іске өзіндік үлес қосып жүрген қаламгерлер қауымына алғысым шексіз, – деді ол.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы

Басқа материалдар

Back to top button