Билер институтының тұлғасы

 

«Қалың елді ұлылықпен билегін,

Сол билікпен – ұлы бектік,

күйлі елің!»

Жүсіп Баласағұн.

    Биыл қазақ халқының кемеңгер данышпаны, ұлттың ұлы тұлғасы, Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толып отыр. Қазыбек бабамыз бар мақсат-мүддесін ұлттың жарқын болашағына арнаған ұлы тұлға. Еліміз егемендік алғаннан соң бұған дейін бір жақты бағаланып келген билердің қоғамдағы рөлін жаңаша пайымдауға, тың көзқараспен қарауға, ұлы тұлғаларымызға шынайы баға беруге мүмкіндік туып отыр. Сондай тарихымыздың көлеңкелі тұсының бірі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы билер институтының маңызын ашып көрсету еді. Ұлы Қазыбек бидің іс-қызметі, қайраткерлігі арқылы қазақ тарихындағы билер институтының атқарған рөлін, жалпы осы басқару жүйесінің қалыптасу тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеп, шынайы баға беру Елбасы алға қойып отырған бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның «Рухани жаңғыруына» өз үлесін қосуы тиіс.

Тарихқа шегініс. Бектік

институт

Қазақтың билер институты бірден қазақ хандығы тұсында емес, одан бұрын ата-бабаларымыз болып саналатын әуелгі ортағасыр­лық түркілер дәуірінде қалыптасып, өзінің басынан эволюциялық дамуды өткерді. Қазақтың билер институты бастапқыда, яғни түркілер дәуірінде бектік институт ретінде тарих сахнасына шықты.

Бектік институттың қалыптасуы ежелгі түркі ру-тайпаларға ғұн, сақ дәуірінен басталады. Өйткені көшпелілігі мен мал шаруашылығы басым қоғамға осы бектік басқару жүйесі барынша қолайлы болды. Сондықтан, әр түрлі формаларда кездесетін бұл «бек» сөзі (көктүріктерде – бег, ұйғыр. – бәг, хазар. – беһ, пеһ, қазақ, қырғыз – би, пи, өзбек – би, бей, түрікмен – биг, бег, осман – бей, т.б.) негізінен мынадай мағыналарда қолданылған: 1) лауазым, атақ, шен; 2) қожайын, отағасы, ер; 3) мырза, қожа; 4)ханзада. Тарихта бүкіл түркі мемлекеттерінде болған бұл лауазымның басқа тілдерден (мәселен, қытайша «по», моңғолша «бегі», сасани (иран) әулетінде «бағ» немесе «баға» (тәңірі) енуі мүмкін деген этимологиясына қатысты әркелкі пікірлер алға тартылғанмен, семантикалық та, фонетикалық та тұрғыдан нақты шешімін тапты деу қиын. С.Арсал мұны түрікше бек түбірінің жұмсарған нұсқасы (бек – бег – бей) деп есептейді. Расында да, кейбір түрік диалектілерінде бек сөзі “сақтау”, “қорғау”, “бақылау” мағыналарын білдіреді. Орхон ескерткіштері бойынша да көне Түрік мемлекеттерінде қағанның көмекшілері іспетті болған бектер елді, мемлекетті қорғаушы, мемлекет істерін жүргізуші, бақылаушы қызметін атқарған. Бұл С.Арсал пікірін нақтылай түседі. Тарихи деректерде «бек» сөзінің түбірі түрікше (алт.) алғаш Азия ғұндарының императоры Мо-тун (б.д.д. 209 – 174 жж.) есімінде кездеседі: Мотун Викстун~Биктин~Бек-тун, яғни «бектің тектілігі» туралы мағынаны береді.

Көне түркілердің мемлекеттік құрылымында «бек» негізінен ру-тайпалардың басшыларына берілген атақ. Олар рудың ішкі бірлігін сақтап, керек кезінде сыртқы жаудан қорғауға міндетті болған. Бек болып батыл, адал, соғыс ісіне қабілетті, әрі бай адамдар сайланатын. «Қорқыт ата кітабында» бек болудың шартына қатысты мынадай жолдар бар: «Оғыз заманында Ушун қожа ұлы Егрек әй-шәй жоқ бектердің алдына шығып отыра кетеді. Бұған Терс Узамыш деген бек шамданып: «Әй, Ушун қожаның ұлы, мына бектердің (билердің) қай-қайсысы да осы отырған орындарын қылышы мен қызметінің арқасында иеленді. Ал сен не істеп едің? Бас кестің бе, қан төктің бе? Әлде жоқ-жітікке қарасып, ашқа, ас беріп, жалаңашқа тон кигізіп пе ең?» – дейді. Демек, бек лауазымы көне түркілерде адамның тегіне, шыққан ортасына байланысты берілген атақ емес, қарым-қабілетінің, еліне еткен қызметінің арқасында ғана бек дәрежесіне жететін болған.

Бектер сонымен қатар, білімді де болуға тиісті еді. «Құты білікте» Жүсіп Баласағұн «бей» және «білгі» сөздері бір түбірден өрбіген деген пікір айтады. Қаған, хан басқаратын мемлекеттік құрылымда бектер қаған мен халық арасын байланыстырушы қызметін атқарды. Бек пен халық бір болған кезде елдің (мемлекеттің) күшті болып, ал олардың бірлігі бұзылған жағдайда елдің әлсіреп, ыдырағанын бітік тасқа қашап қалдырды: «Бектері де, халқы да адал /түзу/ болған екен. Сол үшін елдік құрып тұтынған /өмір сүрген/ екен. Елдік құрып төрін /өкімет/ орнатқан. Бектері, халқы адал /түзу/ болмағандығы үшін табғачтардың (қытай) алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, інілі-ағалының кектескендігінен, бектер мен халықтың ымырасыздығынан түркі халқы елдіктен, елдігінен айрылды», делінген. Ал, сол кездегі көрші Қытай империясы үнемі бектер мен халық арасына іріткі салу арқылы өздерінің империялық мақсаттарына жетуді қарастырған.

Түркілер исламды қабылдағаннан кейін де бұл атақ өзінің бұрынғы мағынасында қолданыла берді. ХІ ғасырда Қарахан мемлекетінің басшы қызметкерлері осы лауазымды иеленді. Сол кезеңде кездесетін “бекеш” атағын М.Қашғари «бек» сөзінен алынған деп көрсетеді. «Құтадғу білікте» бей – негізінен әміршіге берілген атақ. Селжұқтар империя­сының негізін қалаған оғыз тайпаларында “йабғу”, “йынал”, “инанч” тәрізді лауазым иелерінен басқа кейбір басшылар “бей” атағын иеленді. Мәселен, Чағры бек мен Тұғрыл бек. Бей атағы селжұқтар кезінен бастап кей түркі елдерінде (қыпшақ,түрікмен,шағатай) «әмір» орнына қолданылды: «әмір әл-жуйуш» бегі, «әмір дад» бегі, «әмір әл-умара» бектер бегі. Ф.Көпірұлы илхандықтар мен Алтын Ордада әмір орнына бек лауазымының қолданылуының басым болғанын атап көрсетеді (ұлыс бегі, түмен бегі, мың бегі, жүз бегі, т.б.).

«Бек» – сөзі атақ, лауазым емес, күрделі жалқы есім құрамында жұмсалғанда көбіне бірінші айтылатын болған (Бег-тегін, Бектемір, Бек-арслан, Бек-таш, Бек-барыс, т.б.). Сондай-ақ, Үндістандағы түрік патша сарайларында ханымдарға бегім делінгені мәлім. Османдықтар селжұқтардан алған «бектер бейі», «бейлікчі» секілді лауазымдар ғасырлар бойы қолданылып келді. Қазіргі түрікшеде бұрынғы терминдік мағынасы жойылған бей (бек) сөзі негізінен құрмет көрсету, сыйлау мағынасын білдіреді.

Бектік (билер) институттың экономикалық негізі

Көшпелілігі басым қоғамда бектік институттың өміршеңдігі, оның экономикалық-шаруашылық негізінің болуында еді. Қытай деректеріндегі пайымдауларға қарағанда, түркі рулары малдарын қыста Сырдария, Шу, Талас өзендерінің бойында ұстап, жазда Ертіс, Есіл, Тобыл өзендері аралықтарын жайлап, Орал тауы мен Обь өзеніне дейін барған. Бұл дәстүр қазақтарда тіпті, XVIII ғасырдың ортасына дейін сақталып келді. Орта ғасырлық араб жазушысы ибн әл Асирдің айтуынша, тайпаларының жаз салқын жерде, ал қысқа қарай жылы жерлерге (Сыр бойы, Шу маңын, Талас) қоныстап жүріп, 960 жылдары ислам дінін қабылдай бастайды. Мұны қытай деректері де растайды. Мұндай жағдайда ру-тайпа басылары бек аталып, ру-тайпалық қоғамды басқаруға ең қолайлы басқару институты болып қалыптасты. Ал бірнеше ру-тайпаларды біріктірген конфедерациялық құрылым «ел» деп аталып, оның басында қаған, яғни хан отырды. Негізінен көшпелілігі басым шаруашылықты шағын, дербес, жекелеген ру-тайпалар түрінде жүргізу қолайлы болды. Мұндай жағдайда жайылым үшін таласу жоқтың қасы, не болмаса табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайтын көшпелілер өздерінің «экологиялық мәдениетін» де толығырақ сақтауға мүмкіндік алатын еді. Мысалы, ежелден Іле жазығында мал шаруашылығы “тік-көшпелі” (вертикальды) болды. Онда далалық қыстау мен таулы жайлау аралығындағы көшіп-қону 200 шақырымнан аспайтын. Мұндай шаруашылықтың тағы бір ерекшелігі сол, шағын рулық топтар көктемгі және күзгі жайылымдарда ұзақ уақыт бір жерде, көбінесе тау етегінде тұрып қалатын. Шағын қоғамда өмірдің барлық құбылыстары көз алдында өтіп жатқандықтан бектер сол өзі басқарып отырған қоғамның мұң-мұқтажын жақсы білді. Сонымен қатар, бектің өзі де халық алдында адал, түзу, ел тағдырын ойлайтын дана, ақыл мен ойдың иесі болуы шарт еді.

Дәстүрлі Шығыс елдерінде мемлекеттің қалыптасуы және дамуы Еуропа елдеріне қарағанда басқаша жолмен жүрді. Түркі дәуірінде дәстүрлі мемлекеттік институттарға онша мұқтаж бола қойған жоқ. Өйткені, оған шаруашылықтың даму ерекшелігі тікелей ықпал етті. Еуропадағыдай дәстүрлі мемлекеттік жүйе құрылымының болуы бұл қауымдық қо­ғам дәстүрінің онан әрі эволюциялық дамуына кедергі жасайтын еді.

Ру-тайпалық бірлестік арқылы құрылған қағандық бірлестікке қарағанда жеке территориялық принциптегі бектік дербес иеліктер озық болды. Өйткені бектік иелік өндіргіш күштердің барлық категорияларымен тікелей, еркін, дербес байланыста бола отырып, қағандық (хандық) жүйеге қарағанда шаруашылық тұрғыдан прогрессивті еді.

А.Смит мал ертеден жеке меншікке айналғандықтан, көшпенділерде мүліктік және әлеуметтік жіктелуі де, қоғамдық саяси институттардың кұрылу процестері де тез жүруі мүмкіндігін айтқан болатын. Алайда, Еуропада антикалық дәуірден бастап мемлекет қондырма болса, Шығыс елдерінде ол өндірістік қатынастардың субъектісі ретінде базистік құрылымға кірді. Еуропалық елдерде мемлекет үстем тап қоғамының мүддесін қорғады, тіпті, болмаған күнде өкіметке ұмтылған таптар арасындағы қозғалысты реттегіш рөл атқарды. Ал Шығыста мемлекет әміршілдік мәнге ие бола тұрып, жеке меншіктің өзін де бақылап отырады. Мемлекет және осы өкіметке қатысты әлеуметтік үстем етуші топ Шығыс елдерінде өзара бірігіп, бір-біріне сіңіп біте қайнасып кетті. Сонда мемлекет жеке меншіктің шектен тыс байып кетуіне тыйым салып отырды. Өйткені, жеке меншіктің күшеюі мемлекет қазынасын толтырып отыратын қоғамның басқа әлеуметтік топтарын күйзелтумен қатар жүретін еді. Міне, осы жағдай халықтың ішінен даналығымен, әділдігімен және ең бастысы қарапайым халықтың мүддесін ойлайтын бектер мен билердің шығуының әлеуметтік-экономикалық негізі болды.

Ал, ірі ру-тайпалық бірлестіктер көбінесе соғыс жағдайында өздерінен күшті жауға тойтарыс беру үшін құрылды. Бірақ, соғыс бітісімен-ақ ру-тайпалар дербестікке, еркіндікке ұмтылып отырды. Ол туралы Түрік қағанаттарының саяси тарихы жазылған бітіктастардағы жазуларда жиі кездеседі. Мысалы, Үлкен Күлтегін жазуында: «Күлтегіннің 27 жасында еркіндік пен тәуелсіздікте болған Қарлық халқы дұшпан болды» – делінеді. Бұл бір кезде Шығыс Түрік қағанатына тәуелді болған қарлық ру-тайпасының тәуелсіз болуға ұмтылысынан пайда болған бас көтеру еді. Мұндай оқиғалардың қағанаттар тарихында орын алғаны туралы деректер жиі кездеседі.

Бектік институттың күрделі түрі – бірнеше ру-тайпадан тұратын бірлестікте қатардағы бектермен бірге олардың үстінен билік жүргізетін аға бектің болуы. Оны ортағасырлық эпикалық «Оғызнаме» тарихи шығармасынан көруге болады. Қадырғали би Қосымұлы Жалаирдың “Жамиғат тауарих” еңбегінде: “Оғыздың бағзы аға оғланлары, бек бірге ерділер. Оғыз қаған тарих сахнасына шыққанға дейін дәуірде өмір сүрген тайпалар қаңлы, ұйғыр, қыпшақ, қарлық және ағачир болатын. «Оғыз­намеде» Мұзтауда жоғалып кеткен Оғыз қағанның айғырын алып келген бекке қаған: “Ай, сен бектерге бек болған бастық, Менен саған ат болсын, Қағарлық!”- деп айтқан. Мұндай оқиғалар жазба деректерде де молынан кезігеді.

Бектік институт әсіресе ортағасырлық түркілердің дамыған мемлекеттерінде жеті­ліп, қоғам өміріндегі маңызы арта түседі. Оны Қарахандар мемлекетінің Ата заңының қағидаларын белгілеп берген Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» дастанынан көруге болады. Онда түркі жұртында, оның әлеуметтік өмірінде, мемлекеттік жүйеде бектердің үш тобы ерекше бағаланғаны айтылады. Олар дана ғалымдар, зиялылар, екінші тобына хат танитын және мемлекеттік іске белсене араласып қызмет етуші хатшылар, ал үшінші – елді жаудан қорғайтын батырлар болып табылады. Бұл үш әлеуметтік топтың түркі елі өмірінде осындай маңызды рөл атқаратынын Жүсіп Баласағұнның “Құтты Білігінің” 2704 бәйітінде:

«Бірі – дана, ғалымдар, зейінділер,

Бірі – хатшы білсін дер кейінгілер.

Үшіншісі – жүректі ер, батырлары

Жау десе, жайдай жайпар жасындары.

Бұл үш түрлі ер бір жеңнен қол шығарса,

Калған жұртты үйіріп, қоңсыға алса…»

Көшпелілігі басым түркілердегі дербес, тәуелсіз иеліктерден тұратын ру-тайпалық құрылым бектік институттың қалыптасуына және сақталуына ықпал етті. Кейін бұл жүйе Қазақ хандығы тұсында да жалғасын тапты. Қарапайым, бюрократиядан ада, көшпелілікке ыңғайлы бектік немесе билер институты шынында да көшпелі қоғам үшін өте қолайлы және оңтайлы басқару жүйесіне айналды.

Қазыбек би – қазақтың

билер институтының

көрнекті тұлғасы

Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлы – қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Сол кездегі қазақ қоғамы үшін аса маңызды рөл атқарған сыртқы саяси факторлар қатарында негізгі екі мәселені атап көрсетуге болады:

солтүстіктегі ежелгі көрші мемлекет Ресеймен қарым-қатынастарды жолға қойып, тұрақтандыру;

ХҮІІ ғ. 30-жылдарында барынша күшейіп, өз алдына қуатты мемлекет ретінде тарих сахнасына шыққан Жоңғар мемлекетімен арадағы байланыстарды реттеу.

Міне, осы екі маңызды мәселелерді шешуде Қаздауысты Қазыбек би ерекше еңбек сіңіріп, өзінің мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Мысалға алғанда, Орта жүз бен Ресей өкіметі арасындағы қарым-қатынастарда тек қана хан әулеті емес, елдің «хан ұлынан кем емес» беделді тұлғаларының бірі – билер де елеулі рөл атқарған. Мәселен, Орынбор әкімшілігі мен Орта жүз өкілдерінің арасындағы келіссөздерге Қазыбек би араласқаны белгілі. Оған Қазыбек бидің Орынбор әкімшілігіне жолдаған екі хаты дәлел. 1744 жылы Орынбор губернаторы генерал И.Неплюевке жазған бірінші хаты Орта жүздің Ресей империясымен көршілес бола отырып, тәуелсіздігін сақтап қалудың амалдарын ойластырғаны байқалады. Ал, 1745 жылы жазылған екінші хаттың мазмұны бидің екі елдің арасындағы қарым-қатынасты терең бағдарлап, оның болашағына алаңдағанын өзінің дипломатиялық тұрғыдан тәжірбиелі де шебер қабілеттілігінен паш етеді.

Бірқатар деректерге қарағанда, Қаздауысты Қазыбек бидің дипломатиялық шеберлігін Абылай ханның тұтқыннан босауына септігін тигізіп қана қоймай, қазақ пен жоңғар арасында бітім жасалуына да қол жеткізгенінен көруге болады. Бұл туралы Қазанғап Байболұлының Төле бидің тарихында былай делінеді:

Қазыбек: “Татуластырар екі елді, тапсам деймін мен емін. Көшпелі етіп Шыңғыс хан, араластық сіз бен біз. Затымыз моңғол, түріктен, тарап жатыр ізден із. Түйінді сөз не болсын, бірлік түбі – сауап дер. Мен еліме қайтайын, қалау сізде жауап бер… Менің де түскен жұртыма, босатайын халқыңды”.

Қонтайшы: “Бәрекелді, Қазыбек, естуші едім даңқыңды. Жесір-жетім, тұтқынды босатады біздің ел. Хабар айтқын, босатсын, тұтқындарды сіздің ел”.

Сөйтіп, қазақ-жоңғар осылайша бітімге келіп,”екі жағы елдесіп, қатты уәде, шарт қылса” керек. 1755-1799 жж. аралығында қазақтар Қытайға жиырма алты елшілік аттандырған болса, оның тоғызына аузын айға білеген билер бас болған: Өміртай би, Досай би, Құттыбай би, Мамық би, Байтұрған би, Отаршы би, Бұқар жыраудың баласы Жарылғап би, Қаратоқа би және т.б. Қазақ елшіліктерін басқарған билерге әрқашан ілтипатпен қарап, қайта-қайта әрі молынан сый-сыяпат көрсетуіне қарағанда, Цин өкіметі қазақ билерінің ел іші, халық арасындағы саяси-әлеуметтік үлес-салмағын жақсы түсінген. Бұған бір дәлел, Қытай боғдыханы бұрынғы жоңғар иеліктерінен жер беремін деп хан тұқымы Абылаймен қатар, Қазыбек биге де сөз салғаны.

Сол замандағы билер мен хан арасындағы қарым-қатынастарды зерделеу қазақ қоғамындағы билердің рөлінің зор болғандығын айшықтайды.

Патша үкіметі Қазақтың Билер институтын қоғамды артқа сүйреуші күш ретінде көрсеткісі келгенімен, қазақ даласындағы билер институты өзінің әділдігімен, туралығымен көзге түсті. Уақыт өте келе билер институты заманына сай өзгеріске тап болды. Оның негізгі себебі қазақ жерінде патша үкіметінің отаршылдық саясатының жүргізілуіне тікелей байланысты болды. Билер институтын алғашқы зерттеушілердің бірі Ш.Уәлиханов: «Возведение в звание бия не обусловливалось у киргиз каким-либо формальным выбором со стороны народа и утверждением со стороны правящей народом власти: только глубокие познания в судебных обычаях, соединенные с ораторским искусством, давали киргизам это почетное звание. Чтобы приобресть имя бия, нужно было киргизу не раз показать народу свои юридические знания и свою ораторскую способность. Молва о таких людях быстро распространялась по всей степи, и имя их делалось известным всему и каждому. Таким образом, звание бия было как бы патентом на судебную и адвокатскую практику» – деп әділ баға берді.

Сонымен, билер институты қоғам өмірінің саяси, әлеуметтік және рухани салаларын ұлттың ғасырлар бойғы арман-мұраты – тәуелсіздік жолындағы тынымсыз күреске жұмылдыра білген қоғамдық құрылымдардың бірі ғана емес, бірегейі десе болады. Түркі дәуіріндегі бектік институт өзінің эволюциялық дамуы нәтижесінде Қазақ хандығы тұсында билер институтына өтіп, мемлекетті тұрақты дамытушы, яғни басты әлеуметтік-қоғамдық құрылымға айналғанын көруге болады. Мұны біз алдымызда 350 жылдық мерейтойы аталып өтейін деп отырған Қаздауысты Қазыбек бидің тұлғасы арқылы айқын көріп отырмыз.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Күлтегін сыйлығының лауреаты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.