Жаңалықтар

Белсенді жас – қоғам беделі

Жастар жылында жастардың мүддесін көздейтін, мәселесін шешетін игілікті шаралар республиканың әр өңірінде жалғасын табуда. Әсіресе, жұмыссыз жастардың бос сенделмеуіне себепші болып, жұмысқа тартудың жаңа тетіктері айқындалуда. Жас мамандардың және жас отбасылардың баспаналы болуына қатысты жеңілдіктерге көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – өткен аптада Қарағандыда өткен денсаулық сақтау қызметкерлерінің республикалық IV «Жастар – сенім мен серпін» форумы. Оған облыстағы «Сенім» кәсіподақ ұйымы мұрындық болды.

Қазіргі таңда «Сенім» кәсіподақ ұйымына республика бойынша 250 000-ға жуық медицина саласының қызметкерлері мүше. Осыған орай, кәсіподақтың басты басымдығы медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, сондай-ақ, ауылға барып жұмыс істейтін жастардың қатарын көбейту болып отыр. Бұл орайда, жас мамандарға тегін грант беру мәселесі де кәсіподақ ұжымының жоспарына енгізілген.

Форумға республиканың 16 өңірінен 220 делегат келді. Екі күнге созылған шарада дәрігерлер, медбикелер, сондай-ақ «Сенім» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының мүшелері болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін жас мамандар бас қосты. Бұған дейінгі аймақтық форумдар Атырау, Қызылорда, Қостанай қалаларында өткен болатын. Биылғы форумның мақсаты – әртүрлі салада қызмет атқарып жүрген жастардың әлеуетін арттыру, ауыл жастарына қолдау көрсету.

Бұл жөнінде «Сенім» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподағы басқармасының төрағасы Ноян Бидайбаев атап өтті.

– Ел әлеуетін арттыратын қозғаушы күш – жастар. Осы ретте, ең әуелі жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуді қолға алған жөн. Қазіргі таңда баспанасыз жүрген жастарға арналған жатақхана үлгісіндегі көпқабатты тұрғын үйлер салынып, жастар кәсіпкерлігін одан әрі дамыту бағытында көптеген жұмыстар қолға алынды. Біз «Сенім» кәсіподағы денсаулық сақтау жүйесінде қызмет атқаратын жастарды әрқашан қолдауға дайынбыз. Облыс жастарының табысты жұмыстары, кәсіби қызметі – біздің назарымызда, – деді Ноян Бидайбаев.

Форумда Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық балалар ауруханасының травматолог-ортопеді Олжас Байназаров сөз алды.  

– Жастар жылы ерекше жыл болады деп сенемін. Себебі, мемлекет әр жас азаматқа өз алдына ерекше тұлға ретінде қарайды. Әрбір тұлғаның өмірге көзқарасы, өзіндік мақсаты болуы тиіс. Мектепте жүрген кезімде дәрігер болуды армандаған едім. Қазір балалар ауруханасында бүлдіршіндерді емдеймін. Мақсатың болса, алынбайтын қамал жоқ екеніне көзім жетті, – деді Олжас.

Форум аясында қатысушылар Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына барды. «Сенім» жастар кеңестерінің әр облыстағы төрағалары кәсіподақ мүшелерінің бірінші форумын есте қалдыру мақсатында ҚарММУ алаңына 16 шырша отырғызды. Екінші күні Қарағанды медициналық университетінде жастарға арналған тренингтер өтті. Белгілі қоғам белсендісі Мұрат Әбенов тренингте әлеуметтік бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін тиімді қолдану жағына тоқталса, Қазақ гуманитарлық заң университетінің докторы Бибігүл Нұрашева жастарға еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді жолдары туралы айтып берді.

Салтанатты шарада Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов форумға қатысушыларды Жастар жылымен құттықтап, форум жұмысының сәтті өтуіне тілек қосты. «Жақында облыстағы «Сенім» кәсіподағы «Достастық» орталығын ашты. Бүгінгі таңда қоғамдағы әртүрлі жағдайларды шешуге өзіндік үлесін қосып отыр» – деді Асхат Қанатұлы.

Форумда белсенді жастарды Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев марапаттады. Республиканың әр өңірінен таңдалып алынған денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 21 жасқа 500 000 мың теңге көлеміндегі куәлік құжаттары, 25 жас маманға жалпы сомасы 10 500000 теңгеге бастапқы жарнаның 20% мөлшерімен тұрғын үй сертификаттары табыс етілді. Қарағанды облысының жастарына бұйырған 4 сертификат иелерінің арасында 2 медицина саласының маманы және резидентурада білім алып жүрген 2 жас бар.

Салтанатты шарада «Сенім» жастар қозғалысының белсенділері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, облыс әкімдерінің, «Сенім» кәсіподағының Орталық кеңесінің, денсаулық сақтау департаменттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жастар өздері үшін арнайы ұйымдастырылған шоу-бағдарламаны тамашалады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button