Бас тақырыпРуханият

Барымен бөліскен халық

Өткен ХХ ғасыр бойы Қазақстан аумағында көпэтникалық халықтың қалыптасуының күрделі процесі өтті. Ғасырдың басында Столыпин реформалары кезеңіндегі шаруаларды қоныстандыру кезінде Қазақстанға Ресейден, Украинадан және Беларусьтен 1 миллион 150 мың адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аймақтарынан Қазақстанға 250 мың мүлкі тәркіленген бұрынғы бай-құлақтар жер аударылды. Осы уақытта өнеркәсіп нысандарын салуға Одақтың барлық түкпірінен 1,2 миллион адам көшіріліп әкелінді. 

Сталиндік режим кезінде Қазақстанның барлық аумағы ГУЛАГ бөлімшелеріне айналды. Қазақтың біртуар ақыны Олжас Сүлейменовтің сөзімен айтсақ, «Сендерді каторгаға өлімге айдап апарып еді, біздер осы айдауда дүниеге келдік…».

 Әр жылдары 800 мыңға жуық неміс, 100 мыңнан астам поляк, 600 мыңнан астам Солтүстік Кавказ халықтарының өкілі, 18,5 мың кәріс отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Олардың барлығын мал артатын вагондарға тиеп, жапан далаға төгіп тастады. Сол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын, олар күштеп қоныс аударылғандарды жатсынбай қабылдап, өздері де әупірімдеп күн көріп отырса да, қолында барымен бөлісті. 

Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барлық этностардың бірбіріне және жер ауып келген адамдарды туысқанындай қабылдаған қазақтарға Ризашылық білдіру күні ретінде атап өтіліп келеді. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жалпы азаматтық сананың, дәстүрлі қазақ менталитетінің және басқа этностардың ұлттық өзіндік санасының ерекшеліктерін үйлестіретін этносаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді және органикалық жүйесі қалыптасты. Мұндай өзара іс-қимыл әрекет, негізінен, қазақ халқының рухани және менталдық ортақтығының нәтижесі болып табылады. Бүгінгі таңда көпэтносты Қазақстанда тұрып, біздің еліміздің әрбір этностық топтары бір-біріне өнегелік үлгі танытып отырғандығы көңілге қуаныш ұялатады. Ұлтына, діни наным-сеніміне, саяси көзқарасына қарамастан, Қазақстан азаматтары руханиятқа, адамгершілік ұстанымдарына, мәдениетке, заңға құрметпен қарауға қатысты бірауызды пікірде.

Біздер бұл күні қазақ халқына түсіністік танытып, мейірімділік білдіргені үшін шексіз алғысымызды айтамыз. Қазақ еліне мың алғыс! 

Увайс ДЖАНАЕВ,

 Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары.

Басқа материалдар

Back to top button