Қажырлы қайраткер

Мемлекет және қоғам қайраткері Михаил ШАЕКИН – 85 жаста

Табиғатпен тамырлас тағдыр

Қарағандыға қызметке келген жылы қасиетті Қарқаралыны көру бақыты бұйырды. Көптен бергі арманым еді. Ақындардың асқақ жырына арқау болған Арқаның алтын алқасы ғой… Көрдім де, тамсандым. Һас сұлудың сәукелесі десе – дегендей екен. Көшелі көркемдік – осында. Тегеурінді тектілік те – осы топырақта. Әр барғанымда әр сапарымның бірі-біріне ұқсамайтын әсері болады. Сөйтеді де, кеше келген сапарымның солығы басылмай жатып, қайтадан Қарқаралыға сапарлағым келеді.

…Кербез Кенттің қойнауына алғашқы сапарымда-ақ ат шалдырғанмын. Табиғат-Ананың ғажабы да, ғазалы да осында сақталғандай! Саф ауасы – ғазиз ананың мейіріміндей, тау бөктерлеп өскен қарағайлары – өр рухтың алтын қазығындай ғой, шіркін! Осы жолы көргенмін, алты қанат ақ орданың аумағындай тасты жарып шыққан қарағайды. Діңінің жуандығына қос адамның құшағы әрең жетеді. Тамырының әлгі тастан өтіп, қанша тереңдікке кеткенін бір Аллам білсін.

Сол қарағай ойымнан шықпай жүрген. Жақында осы топырақтың тумасы, абыройы алпыс атанға жүк боларлық қадірлі аға, қажырлы қайраткер Михаил Шаяғзамұлы Шаекин ақсақалмен сұхбаттасудың сәті түсті. Сексен деген жасыңыздың жуан ортасына сергек жеткен аға болмысындағы қайрат-жігерді, бәтуәлі сөзді, биік парасат, даналықтан тамыр тартқан көркем мінезін көргенде, ойыма әлгі тасты жарып шыққан қарағай орала кетті. Неткен ұқсастық!

…Михаил ағаның тағдырын тура қара тас дерсің. Таста тамыр бола ма? Жоқ, әрине. Бірақ, сол мейрімсіз қара тасты жарып өскен қарағай тасқа да тамыр бітіреді екен. Менің кейіпкерім Михаил аға – соның нақ өзі! Табиғатпен тамырлас тағдыр иесі!

Тауқыметті тағдыр

ХХ ғасыр – қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатқан қанды дәуір. Тап тартысымен басталып, тақ таласымен дараланған сойқан заман болды ғой. Ежелден орыс патшалығының бекінісі болып, уездік қала дәрежесіне ие болған Қарқаралы осы дәуір тынысындағы беймаза һәм бейдауа сәттерді сергек қарсы алған. Өйткені, бұл топыраққа өркениет ерте орныққан-ды. Десек те, Қазан төңкерісі тұсында қазаны төңкерілмеген шаңырақ қалмады. Сонша зауалды күндер мен зұлматты жылдардың куәсі еді – қасиетті Қарқаралы. Ал, осынша тауқыметтің зардабын тартқан бір әулет болса, ол – Қарқаралы атырабына аты мәшһүр емші, ғұлама діндар Абдулқайым Мұстафаұлының әулеті. Имандылығымен елге жағып, емшілігімен алғысқа кенелген тақуа қарт Абдулқайым Мұстафаұлы 1937 жылы 3 қаңтарда 74 жасқа қараған шағында дүние салған екен. Ел ішін үрей билеген зұлматты жыл.

Ол кезде Мәкеңнің әкесі Шаяғзам «Томар» колхозының төрағасы еді. Арқаға аты мәлім абыз ақсақал дүниеден өтті деп, алыс-жақыннан ағылған ел Шәкеңе көңіл айтып келіп жатты. Қаралы үйге жер қайысар ел жиналды. Әкесінің жетісі, қырқы деген дәстүрлі шығындар батаға жиналған малмен жөнелтіліп жатты. Ардақты әкенің кіршіксіз ақыреті өзіне қара күйе болып жабысарын ол кезде Шаяғзам ақсақал сезген де жоқ.

Сол жылдың күзінде Қазан төңкерісінің 20 жылдығы Қарқаралы төңірегінде кең көлемде аталып өтті. Аламан бәйге, көкпар, аударыспақ… «Томар» колхозының айғырын бәйгеге қосты. Мәреге жақын қалған сәтінде аяғын інге тығып алған айғыр мертігіп, пышаққа ілінді. Оның етін Шаекең (бұл төңірек Шаяғзам ақсақалдың азан шақырып қойған есімін ұмытып, ол кісіні осылай атап кеткен) халыққа таратып беріп, батаға кенелді. Иә, әкенің ақтық сапарындағы мінсіз міндеті мен мертіккен айғырдың өзіне ауыр айып болып тағылатынын Шаекең қайдан білсін?!

Әке қабірінің топырағы кеппеген, той дүбірі басылмаған. Дәлірек айтқанда, 11 қараша күні кешкі астарын алдарына енді ала берген Шаеке шаңырағына Жақып есімді милиция кіріп келді. Жанында Терехин деген орыс жендеті бар. Әй-шәйға қаратпай, Шаекеңді алдарына салып айдап әкетті. Бес жасар Михаил мен екі жарым жастағы Нұрмайылды екі етегіне тыққан күйі аңырап Қалқажан шешей қалды. Сол кеткеннен Шаекең «Әкесінің қонақасына қыруар шығындалып, жиналған елді колхоздың малын сойып жөнелтті. Сондайақ, колхоздың айғырын жарысқа қосып, зорықтырып өлтірді. Сөйтіп, колхоздың жылқысын қасақана құлынсыз қалдырған» деген айыпты арқалап, итжеккенге айдалды. Туған інісі Шайхан да әйгілі «58- ші статьямен» айыпталып, Қарағандыда атылды.

Ол аз десеңіз, отағасының артынан Қарағандыға іздеп барып, Сібірге айдалып кеткен Шаекеңнің орнын сипап қайтқан Қалқажан шешемізге де қара бұлт үйірілді. Күйеуіне жолыға алмай, күйінген ана қайтар жолда Қарқаралыдан Томарға жетіп қалу үшін көлік иесіне жолақысы үшін екі бас шәй беремін келісім жасайды. Сөйтіп, қонған үйінен жүгін алуға кіргені сол, соңынан бір сержант ере келіп: «Менімен бірге жүріңіз, жауапқа тартыласыз» демесі бар ма… Сөйтсе, мұның сыртынан «Халық жауының әйелі шәй сатып, сауда жасап жүр» деген ақпарат беріп жіберген екен. Қолыма-қол жауапталып, леп-лезде үкімін де шығарып жібереді. «Саудагерлікпен айналысқан «халық жауының» әйелі 5 жылға кесілсін» деген үкім шықты. Бірақ, «кейін өзіміз шақыртамыз, қазір үйіңізге қайта беріңіз» деген рақымшылығын қоса жасады. Мұңлық ананың «егер жазығым болса, бірден қамайтын еді ғой. Әшейін, үркітіп-қорқытып қойғаны болды ғой» деген үміті ақталмады. 1938 жылы 13 шілдеде Қарқаралыға шақырту алды. Екі баласын жетектеп келген ананы сол жерде тұтқындап, бес жасар Михаил мен екі жарым жасар Нұрмайыл шырылдап көшеде қалды. Баяғы Терехин деген орыс жендеті. Құлын даусы шырқырап, «Апатай!» деген аңыраған Михаилды итеріп жіберіп, анасының омырауына тұмсығын тығып алып, алаңсыз еміп жатқан Нұрмайылды жұлып алып, жендет жендеттігін жасады.

Әке – 10 жылға, шеше – 5 жылға айдалды.

 Міне, болашақ қайраткер тұлғаның тағдыры осылайша тауқыметпен басталған еді.

Бір аяғын Сібір даласында қалдырып, әке де оралды. Бес жыл бойы жанарының жасы құрғамаған ана да оралды. Шаяғзам ақсақалдың шаңырағында шаттықты күндер қайта маздап, шуағы мол таңдар бірінен кейін бірі атып жатты.

…Михаил атқа мінген. Абыройы артып, Қарқаралы ауданының бірінші хатшысы болды. Сол күндердің бірінде баяғы жендет Терехин жолықты Қалқажан шешемізге.

 – Дүниенің төрт құбыласы қолыңда тұрғандай өктемдік жасап едің. Сонда сен шырылдатып көшеде қалдырып кеткен Мекежаным міне ел басқарып отыр. Дүние – кезек. Бізді темір тордың арғы жағында мәңгілік қалатын көріп едің… Біздің де күніміз туды, Терехин мырза, – деді кекпен емес, кекесінмен. Терехин телміріп, қос жанары жер шұқыды…

Абырой асуында

Тағдыр тауқыметі тумысынан қайсар Михаил Шаяғзамұлын мұқата алмады. Керісінше, қасіретті күндерде құрыштай шыныққан жігерлі жігіт шарболаттай қайралып, адалдығымен асқақтай түсті.

Айтпақшы, Мәкеңнің азан шақырып қойған аты Мекайл болатын. Періштенің есімі. Үлкендерден естуші едік қой, періштелер мен пайғамбарлардың есімін алып жүру ауыр болады деп. Иә, бұл есімді алып жүру Мәкеңе де оңай болмады. Атам қазақтың «атына заты – сай» деген сүйсінгенде тамсана айтатын тәмсілі бар еді ғой. Періште есімін алып жүру үшін де, періштедей пәк ғұмыр кешуің керек шығар. Мәкеңнің әділеттен айнымай, сындарлы сәтте сырғақтамай, тура тартатын қалыпта ғибратты ғұмыр кешуі де осы есімнің мағынасы мен талабында жатса керек-ті.

Тек қана әкесі марқұм төлқұжат аларда баласының Мекаил деген есімін Михаил деп жаздырып жіберіпті. Абдулқайымдай діндар әулиеден туған ұл ғой, ұлының ертеңін әлдебір тылсым күшке сүйеніп, болжады ма екен? Әлде, орыстан басқаның бағы олқы заман болған соң, бір табан болса да, сол «ұлы халықтың» ұлдарына жақын болсын деді ме екен, солай жасапты.

– Әкем «халық жауы» болып, 10 жыл итжеккенде болған. «Халық жауының баласы» деген құқайды қатты көре қоймасам да, әкеме жабылған жазықсыз жала кесе-көлденеңдеп алдымнан шыққан сәттер болды. Комсомол қатарына, партия қатарына қабылданар, кейін лауазымды қызметтерге келген кездерімде әміршіл жүйенің шұқшиған кездері жиі болды. Алайда, құжаттағы есімімнің «Михаил» болуы септігін тигізді ме, әйтеуір, ауыр анкеталардан аман өтіп жүрдім. Оның үстіне, әкем 1957 жылы «әрекетінде қылмыстық құрамның болмауы» себепті толығымен ақталған еді. Мүмін, соның да септігі тиген шығар. Дегенмен, менің есімімді құжатыма орысша жаздырып жіберген әкем әулие екен, – дейді Мәкең біздің «Халық жауының баласы ретінде коммунистік жүйенің қақпайлауына ұшыраған жоқсыз ба?» деген сауалымызға берген жауабында.

Сонымен, «халық жауының» халықшыл баласы ел ісіне араласты. Алматы ауыл шаруашылығы институтын «ғалымагроном» мамандығы бойынша бітіріп келіп, өзінің Қарқаралысына оралды. Қатардағы агроном болып қызметке арласқан Михаил Шаяғзамұлы өте қысқа мерзімде іскерлігімен танылып, іргелі қызметтерге жоғарылатылды. «Орда бұзар» отыз жасында Қарқаралы аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымына келді. Қызметтегі жинақылығы, талапшылдығы, әділдігі облыс басшыларының назарынан тыс қалмады. Үнемі комсомолдан жоғарылап, партия, кеңес жұмысына келген мамандарға Шаекиннің жауапкершілігі мен мінсіз қызметі үлгі етілетін.

Мәкеңнің қызмет бабындағы адалдығы, ұйымдастырушылық іскерлігі, басшылық қабілеті жайлы таңды-таңға ұрып айта беруге, жаза беруге болады. Ал, Мәкеңнің аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымынан совхоз директорлығына өз ырқымен төмендеп кете барған мәрттігін біреу білсе, біреу білмес. Оқиға былай болған.

Ауданның «Киргизия» совхозының халі сын көтермейтін жағдайға түседі. Шаруашылығынан күй кетіп, директор тұрақтамайды. Ашылғанына 9 жыл болған тың совхозын осы 9 жылда 9 директор басқарды. Оныншы директор таңдауда аудан былай тұрсын, облыстың басы қатты.

1963 жыл. Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы обкомының бірінші хатшысы Бәйкен Әшімовтің атшаптырым кабинеті. Мейлінше сабырлы хатшы Қарқаралы аудандық атқару комитетінің төрағасы Михаил Шаяғзамұлының қысқаша есебін тыңдап алып, ойға шомды.

– Тәәәк, Михаил Шаекович (Бәйкен Әшімұлы Мәкеңді осылай атайтын), мынау «Киргизия» совхозын не істейміз? Аудан көрсеткіштерін артқа тартып, Қарқаралыны көштен қалдыратын болды ғой…

Шынымен-ақ, жағдай солай болып тұрған. Бәйкен Әшімұлы 5-6 жігіттің атын атап, «осылардың қайсысы басқара алады?» дегендей емеурін танытты. Нақты жауаптан тайсақтап көрмеген жас төраға:

– Бәйкен Әшімұлы, бұл жігіттердің ешқайсысы да «Киргизияны» игеріп кете алмайды. Иә, бұлар қалыптасқан шаруашылықты алып кетер. Бірақ, тура осы совхозға шамалары келмейді,– деп, әңгіменің ашығын айтты.

 Бірінші хатшы ауаткомның жас төрағасының жауабына риза болды. Жалпы, Бәйкен Әшімұлының осы Шаекинге деген ықыласы ерекше. Сөзі мен ісі қабысқан тамаша басшы өсіп келе жатқанын біледі. Тағы бір сынағысы келді ме, сәл ойланып отырды да:

– Михаил Шаекович, осы шаруашылыққа өзіңіз барсаңыз қайтеді? — деп қалды. Жас төраға көп ойланып жатпады.

– Сіз солай көріп, солай шешсеңіз, барайын, Бәйкен Әшімұлы. Бас тартарлық дәлелім жоқ, – деді жұлып алғандай. Бірінші хатшының таңданысы жүзіне ойнап шыға келді. Шынымен де, бұлай болады деп екі тарап та ойламаған еді. Иә, Мәкеңнің орнында карьера қуған басқа біреу болса, «Менің осынша төмендейтіндей жазығым не? Бұл қызметке кеше ғана келіп едім ғой. Өзімді көрсетуге мүмкіндік берсеңізші» деген секілді сөзбұйдаға салынар еді. Мәкең олай жасамады. Қанына сіңген мәрттігі облыс басшылығын да, өзін де, «Киргизияны» да тығырықтан алып шықты. «Облыс неге бұлай жасады? Мына жігітке обал болды-ау» деген бір адам болсашы… Тек қана ауданның әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Зейнолла Сейсенбеков ағасы ғана: «Қарқаралыда өз елін басқаратын бір ұл тумағаны ма? Өзіңнен көп үміт күтіп отыр едік, мұның не, шырағым?» деді.

Айналасы бір жыл жеті айда «Киргизия» көш басынан көрінді. 1964 жылғы егін орағында бір миллион пұт астық беріп, айды аспанға шығарды. Аяқ астында жатқан абырой бар ма? «Киргизияны» осынау жетістікке ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер арқылы алып шыққан-ды. Ашығын айтайық, мұндағы ахуал өте күрделі еді. «Ет сасыса – тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» демекші, директор осал болса орнынан алып тастарсың, ал, халық бұзылса, не істеуге болады? «Киргизияның» жағдайы осы күйге түскен. Халық басшылыққа сенбейді. Сенім жоқ жерде жұмыс бола ма?! Ел бойкүйездікке салына бастаған. Жұмыс істегілері жоқ. Істейін деген ниет жоқ. Бас мамандар жан-жаққа үдере көшіп кетіп жатыр. Мал шығынға ұшырап, егістік алқабы тусырай бастапты. Осының бәрін бір-ақ жылда қалпына келтірді.

1965 жылы Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Елжандылығы еңселеніп, абыройы асқақтаған жылдар еді. Аудан орталығы Қарқаралының қала мәртебесін алғанына бір жарым ғасыр уақыт өтсе де, әлі күнге дейін бас жоспары болмапты. Ауданның белгілі бір кезеңді қамтитын даму бағдарламасы да жоқ. Бұған дейін науқаннан-науқанға шығып, әр саладағы ағымдық көрсеткіштерге арқа сүйеп келген екен. Михаил Шаяғзамұлы ұйымдастырудың ұтқыр қадамдарын ойластырды. Проблема тамырынан талданып, салдары анықталғанда ғана шешіледі. Бұл – 32 жасар жігерлі хатшының принципі. Аудан шежіресіне үңілсеңіз, Қарқаралыдағы маңызды деген нысанның дені Шаекин билігі тұсында жүзеге асырылғанына көз жеткізесіз. Аса маңызды 18 нысан бой көтерген екен. Телерадио хабарларын тарату станциясы салынып, Қарқаралы халқы телевизор көрді. Байланыс торабы жетілдіріліп, қала, аудан партия комитеттерінің әкімшілік ғимараттары бой көтерді. 500 орындық Мәдениет үйі, 300 орындық аурухана… Мәкеңнің қолтаңбасы қалған нысандарды тізбелей берсек, мақала көлемін шектен шығарып алармыз. Қарқаралы Қарқаралы болғалы мерейтойы 1974 жылы (150 жылдық) тойланды. Бұл жөнінде бастама көтеріп, мәселені обком хатшысы В.Акулинцевтің алдына қойып жүрген де – Мәкең. «Той атымен тон тігіледі» демекші, әлгі қарқынды құрылыстардың дені осы мерейтой бағдарламасы аясында жүзеге асырылған екен. Әсіресе, Қарқаралы халқы Жарлы өзенінен тартылған су құбыры арқылы ауыз су мәселесінің өзектілігі күн тәртібінен түскенін аңыздай қылып айтып жүр. Енді қызықты қараңыз… Бес жыл бойы Қарқаралының 150 жылдығы деп ат болдырған бірінші хатшы Михаил Шаекин 1973 жылдың желтоқсанында қызмет ауыстырып, көрші Молодежный ауданына қоныс аударады. 1974 жылы Қарқаралының 150 жылдығы дүркіреп өтеді. «Дайын асқа – тік қасық» болып келген жаңа басшылық көрші аудандағы Михаил Шаяғзамұлын тойға шақыруға құлықсыз болады. Не деген сорақылық десеңші!

 …Қарқаралыдан кейін екі ауданда (бұрынғы Молодежный, Ульянов аудандары) басшылық қызметтер атқарған Мәкең қайда жүрсе де, абыройын аласартып көрген емес. Ел алдында еңселі болып, халық құрметіне бөленді. Мемлекет тарапынан да еңбегі лайықты бағаланып, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, ондаған медальмен марапатталды. КПСС XXIV съезіне, Қазақстан Компартиясының ХІІ, ХІІІ, XV съездеріне делегат болып сайланды. Кейінгі жылдардағы еңбегі тәуелсіз Қазақстанның да жоғары мемлекеттік наградаларына лайық деп танылып, «Құрмет» орденімен марапатталды, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Қарқаралы, Осакаров, Бұқар жырау аудандарының Құрметті азаматы.

Абырой деген қастерлі ұғымның бұдан да биік асуларын бағындыра ма еді, кім білсін… Аяқтан шалу, етектен тарту дегенді көріп бақты. Жоғарыға әділдігі, төменге талапшылдығы үшін жақпады. Ең бастысы — ақиқаттың ақ жолынан айныған жоқ!

Біздің түйін

Бұл түйін Михаил Шаяғзамұлына тиесілі тағылымды тағдырдың емес, біздің түйін – сөздің түйіні болсын.

Қарсы алдымда – өткір жанар, ширақ қимыл, сергек жады, толағай парасат, көркем мінез, кемел кісілік отыр. Тәнтімін! Әдемі қартая білу де өнер екен ғой…

– Тағдырыма ризамын! Бірді-екілі маңдайыма көлеңке түсіп, табанымнан ызғар өткен сәттер болды ғой. Балалық шақтағы тауқымет, қызмет бабындағы қайшылықтар… Осының барлығынан балаларымның анасы Күләндамның қазасы ауыр болды. Балалар ер жетті, ел ісіне араласты. Ризамын! Күләндамның орнын басқан Рымкешімнің де адалдығына ризамын. Алайда, көңілде бір мұң бар. Алдым тазаланып қалды. Сұлтан Қапарұлы, Хамза Бижанұлы секілді ағаларға іні болып жүруші едім. Олар кеткелі алдым ашылып, көштің басы болып қалдым. Сол батады жаныма, – деді ауыр күрсініп.

– Күрсінбеңіз, Аға! Ұл-қыздарыңыздан өрбіген немере-шөберелер қызығыңызды еселеп, шаттығыңызды шалқытсын!

Ұрпақ қызығына кенелгеннен асқан бақыт бар ма? Марқұм жұбайы Күләнда екеуі төрт бала тәрбиеледі. Аллаға шүкір, балалары ел тәуелсіздігін нығайтуға сүбелі үлес қосып жүр. Тұңғыш қызы Жанат – үлкен ғалым, экономика ғылымдарының докторы. Күйеу баласы Еркін Көбеев – ҚарМУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор. Екінші қызы Зинат – кәсіпкер. Күйеу баласы Барлық Нүкенов – Банк саласында. Ұлдың үлкені Рауан Шаекинді білмейтініміз жоқ шығар. Төрт шақырылым бойы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, сертіне адал халық қалаулысы болды. Зайыбы Лейла – адвокат. Кенжесі Руслан – «Концерн Азия-Центр и К» ЖАҚ вицепрезиденті. Жолдасы Жанна – экономика ғылымдарының кандидаты. Мәкең – 11 немере, 5 шөберенің атасы. Қанағат – қазығы.

Кешегі «халық жауының» әулетінен халықтың шынайы жанашыры да, халық қалаулысы да шықты. Ақ пен қара алмасқан тіршіліктің қозғалысында бәрі бар ғой. Халық – қараорман. Бірақ, сол қараорманның арасында біздің Мәкең секілді тасты жарып шыққан, қара тасқа тамыр бітірген зәулім қарағайлар – сирек.

…Өз басым Қарқаралыны сағынсам, Михаил Шаяғзамұлына сәлем беріп қайтамын.

Ерсін МҰСАБЕК,

«Орталық Қазақстан»

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.