Жаңалықтар

Қажетті жабдық алынады

Ақадырдағы ауылдық аурухана «Burabike – 2018» қайырымдылық веложарысында жиналған қаражаттың есебінен медициналық жабдық алады. Бұл туралы облыс әкімінің ресми сайты хабарлады.


«Burabike» қайырымдылық веложарысы алты жыл қатарынан Щучинск-Бурабай курорт аумағында өткізіліп келеді. Бұл спорт шарасының мақсаты – қазақстандық клиникаларды қажетті медициналық жабдықтармен жабдықтау болып табылады. Биылғы жылы қайырымдық көмегін алушылар тізіміне ұйымдастырушылар Ақадыр кентіндегі аурухананы да енгізуде.
Шараның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Министр «Burabike» Қазақстанда велоспортты дамытуға және танымал етуге септігін тигізетіндігін және емдеу мен қайта оңалту ем-шараларын қажет ететін балаларға деген ерекше ықыласты көрсететіндігін атап өтті. «Astana Pro Team» командасының бас директоры Александр Винокуров та бұл қайырымдылық веложарыстың маңызын атап тоқталды.
– Мен кезекті Burabike шарасына қатысып отырғаныма қуаныштымын және жыл сайын қатысушылар саны артып келе жатқаны қуантады. Себебі, басты мақсат – қайырымдылық.
«Astana Pro Team» командасы үшін бұл веложарысқа қатысу дәстүрге айналған. Біз «Астана» командасының атынан аукционға лоттар қоямыз, – деді Александр Винокуров.
Қайырымдылық аукционы веложарыс аяқталған соң өткізілді.
Онда «Асыл мирас» аутизмнен емдеу орталықтарының балалары салған суреттер, «Барыс» ХК формалары, Геннадий Головкиннің қолы қойылған қолғаптар, түрлі сертификаттар, Новак Джокович пен Рафаэль Надальдің ракеткалары, Тур Де Франц түстеріне боялған Аргон 18 велосипеді, Батырхан Шүкеновтің қоры берген «Отан Ана» бірегей винил альбом шығарылымы және тағы да басқалары болды. Жалпы, аукционда 121 млн. теңге жиналған.
Ал, тіркеу және демеушілік салымдармен, жеке қайырымдылық қаражаттарымен, қайырымдылық жәрмеңкесінде жиналған қаржымен санағанда ұйымдастырушылар 205 млн. теңге жинаған.
Биылғы жылы жиналған қаражат Мерке ауданының Орталық аудандық ауруханасына (Жамбыл облысы), Тимирязев орталық аудандық ауруханасы (СҚО), Панфилов ауылының перзентханасына және Алакөл орталық аудандық ауруханасына (Алматы облысы) және Ақадыр кентінің ауылдық ауруханасына беріледі. Ақадырдағы аурухана үшін реанимобиль мен ота жасайтын үстел сатып алынады.
– Медициналық технологиялар алға жылжып отырады. Және біз де ауылдық жерде орналасқанымызға қарамастан заманға сай қадам басқымыз келеді. Медициналық жабдықтарымызды жаңартып, емделушілеріміздің жағдайын жақсартқымыз келеді. Біздің ауылда бұл заттар болған жоқ. Біз арнайы көмек көрсетілетін мекемелерге емделушілерімізді тасымалдаймыз. Сол үшін бұл техника бізге өте қажет, – деді Ақадыр кентіндегі аурухананың бас дәрігері Есенжол Қазыбеков, спорттық шараға қатысу барысында.

Биылғы жылы «Burabike» веложарысы рекордық қатысушылар санын жинаған – 2200 адамнан астам. Олардың 841-і 30 шақырымдық дистанцияны өткен. Веложарысқа қатысуға атақты қазақстандық веложарысшы, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бастаған «Astana Pro Team» командасының өкілдері – Алексей Луценко, Морено Мозер, Жандос Бижігітов және Даниил Фоминых келген.
«Burabike» қайырымдылық веложарысын Болат Өтемұратовтың қоры және «Rixos Borovoe» кешені ұйымдастырған.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button