«ҚАЗАҚТАР»: «Оларды ешқандай от тоқтата алмайды»

Аяғына шөп-шалам байлап, шәркеймен жүрген Еуропаға былғары етікпен барған бабаларымыз араға ғасырлар салып, тағы жеткен-ді. Кейінгіде Советтің керзі етігімен. Әуелгіде Еуропа жерін кең пішілген қасқыр ішікпен, ауыздықпен алысқан, алтындалған ер-тұрманды атымен басса, соңғысында иығына ілгені киіз шинель, ұстағаны ұңғыма мылтық, мінгені шынжыр табанды танкі еді. Сырт болмысы бөлек болғанымен, ішкі дүниесін өзгерте алмаған уақыт қазақтың биік рухын сонда тағы бір мәрте мойындады. Бұл – қанқұйлы 1941-1945 жылдар еді…

Адольф Гитлер 1945 жылдың қаңтарында Германияның қас жауы атап, ұстап алып, дарға асуға тікелей бұйрық берген орыстың атақты жазушысы, публицист, журналис Илья Эренбургтің «Қазақтар» деген тарихи очеркі баршаға мәлім. 1942 жылдың 18 қыркүйегінде жазылған. Сол очеркте Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлері туралы керемет штрих бар. Онда Эренбург бүйдейді…

«Маған бір фриц былай деді: «Біздің қарсылас солдаттарымыз қорқынышты болды, оларды ешқандай от тоқтата алмады, бізге тура жүгіреді. Олардың қазақтар екенін мен кейін естідім. Бұрын мұндай халықтың бар екенін де білмеген едім…». Осы очеркті алғаш оқыған бейжай қала алмайды. Өйткені, онда аталарымыздың арыстандай айбаты айқын сезіледі. Бұл – очерктің басы. Мұнымен тәмамдалмайды. Әрі ерлік жасаған қазақтардың аты-жөндері мен жаужүректілігі жөнінде жалғасады.

Ал, Халық қаһарманы – Бауыржан Момышұлының өзі ше? Тұнған бір дастан. Тұлғасы, болмысы, бітімі, ерлігі – жеке-жеке кітапқа жүк.

Шығыстың жарқ етіп, жанып сөнген жұлдызы – Әлияның ерлігі. Кімге дәлел емес? Батальонның политругы Г.Варшавскийдің Лия (Әлия) туралы керемет естелігі жарыққа шықты. Сол естелік оқырманын егілтпей, еңіретпей қоймайды. Оқып отырып, көзімізден жас парлады. Мұнша қайсарлық, мұнша өжеттік… Өрімдей ғана қыздың бойына қалай сыйған дейсіз?!

Бұл мысалдың бір парасы ғана. Арын – жанының садағасына байлаған қазақтың дала философиясын ұстанып өскен ұл мен қыздың бойындағы рух Мәскеу, Ленинград, Брест қалаларын, Украина елін, әрісі Еуропа құрлығын азат етуде сөйтіп атойлап көрініс тапты.

Қаншама қазақстандықтар Батыр атағына лайық танылды. Сол мәртебеге ұсынылды да. Бірақ, кеңестік жүйенің қабылдамай тастағаны кейінде анықталып жатыр. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты, зерттеуші, ғалым, Нұрлан Дулатбеков әлеуметтік парақшасында жариялаған-ды…

«Қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, оның 100-ден астамы – қазақтар. Кейін ашылған Ресей архивіндегі құжаттардан мәлім болып отырғандай, осы жоғары наградаға ұсынылған қазақтардың саны әлдеқайда көп болған. Нақтырақ айтқанда, жоғарыда аталғандардың сыртында 133 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, алмаған. Олардың арасында екі-үш реттен ұсынылғандары да бар.

Өткенге өкпе жүрмейді. Кезінде бағаланбаған сол батырларымызды ұлықтауға әлі де кеш емес деп білеміз. Ол үшін арнайы, бапталған бағдарлама жасап, есіл ерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру шараларын жан-жақты қолға алса жөн болар еді. «Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран». Кешегі тарихын ұмытпаған елдің болашағы ғана жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес» деп жазады Фейсбук парақшасында Нұрлан Орынбасарұлы. Ойланатын деректерді ортаға салады ғалым. Арнайы бағдарлама хақындағы ұсыныс та орынды екен.

Бүгінгі зерттеулерге сүйенсек, қазақтың жауынгер халық екендігі сол кезде досқа да, дұшпанға да мәлім болыпты. Ұрыс тактикасын білетін қолбасшысы қалмағанда Совет Үкіметінің қазаққа жүгінгені де содан, сірә.

Жалпы, Сталин қазақтың жоңғарлармен соғысын, өзге де қырғындарда жеңіп шыққан ерлігін білді деген ақпар сенуге тұрарлық сияқты. Сол себепті де соғыс басталған сәтте Қазақстанда қаншама дивизия жасақталса керек.

Дәл қазақ даласында әскердің көп дайындалуына Сталиннің өзі аса бір пейіл танытыпты. Ол туралы жиі жазылды да, айтылды да. 2010 жылы жарық көрген Қазақстан тарихының 4-томында «Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны 2 миллионнан кем емес деп жорамалданады. Қазақстаннан майданға 4 ұлттық атты дивизия, 7 атқыштар бригадасы, сондай-ақ 2 ұлттық атқыштар бригадасы жөнелтілген еді, 50-ге жуық əртүрлі əскери полктер мен батальондар құрылды. Барлығы Қазвоенкоматтан соғыс жылдары майданға 14 атқыштар жəне атты əскер дивизиясы, 7 бригада, 1 зенит полкі, 12 құрылыс жəне 2 автобатальон аттандырылды. Қазіргі кезде «Өмір жолы» атанған Ладога өзені арқылы Ленинградқа жүк тасымалдаған жүргізушілердің жартысы қазақстандықтар болды» деген дерек бар. Осының өзі зерттеушілерді ойландырмай қоймайды. Сондықтан, біздің ойымызша, аңызға бергісіз ақиқаттар әлі айтылады, әлі ашылады. Уақыт еншісінде…

Сталин дейміз, тіпті, Гитлердің де соғыстағы қазақтар туралы білгендігі кейінде жиі сөз бола бастады. Мысалы, жауынгерлер Ұлы Отан соғысы кезінде «Темір сауытты комбат» атаған Хәкім Бекішев айтты (Қарағандыға бөтендігі жоқ бұл кісінің, себебі өмірдеректеріндегі мәліметтер 50-ші жылдары Осакаров ауданында әскери комиссариат бастығы болғанын көрсетеді – авт.) деген мынадай сөз бар. «1944 жылы берген бір бұйрығында Гитлер: «Россияны жеңгеннен кейін, екі халықтың қолына мылтық ұстатпау керек: бірі – орыс, бірі – қазақ» деген. Сол кезеңде Гитлердің бұл бұйрығының мазмұны «Известия» газетіне де берілді дейтін дерек бар. Мұның өзі қазақ жауынгерлерінің майдандағы бейнесін аңғартса керекті.

Қайсыбірін айтайық, қасық қаны қалғанша, шыбын жаны кеудесінен шыққанша антына адал бір жарым млн. арыстың тең жартысы сол майдан даласында қалды. 37-нің зобалаңында өз қолымен кәсіби офицерінің үштен бірін қынадай қырып тастаған Кеңес Үкіметінің жеңіске жетуінде қазақтың осындай орасан үлесі бар, таласы бар.

Сол тұста ер-азаматтар ғана емес, қазақ қыздарының да майданға сұрануы алпыс екі тамырда тектің шиыршық атқаны шығар. Мәселен, мәліметтер Қарағандының əскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған қазақ қыздарының саны 10 мыңнан асқандығын айтады. Сұмдық қой! Рухты айтсаңызшы?! Қандай-ды?! Еуропа таңданса, таң қалатындай емес пе?!

…Бүгін біз 75-ші рет жат жұрттың иен даласында дамыл тапқан бабаларға, Жеңісті алып келген аталарға басымызды жерге жеткенше иеміз. Ата мен немере арасын шорт үзген соғысқа лағнет айтып, немересін емірене иіскей алмай кеткен әкелерімізге 75-ші рет тағзым етеміз…

Қызғалдақ АЙТЖАН