Басты тақырып

Қазақ «мыс», «жез» дейді, Әлем «купрум» дейді. НЕГЕ?

Елімізде неше түрлі компания бар. Атауларынан тілің түгілі, ат сүрінеді. Шет тіліне шекелерін беріп қойған. Содан ішегіңді тартасың, тіліңді бұрайсың. Қазақ ұғымына, тіліне жат. Басқасын айтпағанда арсылдап тұрғандай мағына беретін «Арселор Миттал». Бұл тізімді жалғастыра берсем, төбеңмен жортып кете жаздайсың. Ал, «Қазақмыс» ше? Қазағың да бар, мысың да бар. Осы компания туралы бұрынырақта жазған «Ұлы даладан – Ұлыбританияға» деген жолжазбамда «Атауына қарап, атасын танисың» деп айтқаным бар еді. Содан бері «Қазақмысты» атауы үшін де, басқа да игілікті шаруалары үшін де іш тартам. Сондықтан, «Қазақмыс» басшылығы Алматыда өткізілетін брифингке шақырғанда демалыста жүрсем де бардым. Бір қора журналис­тердің бәрі республикалық басылымдардан. Қарағандыдан – құдайы көршіміз «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы В.Рыжков екеуміз.

Мыс – купрум

Көне тарихтың қойнауына бойласаң, адамзат баласы мысты алғаш Кипр аралында тауып, балқытқан деп тұжырымдайды. Мыстың әлемде купрум аталуы осыдан. Дұрыс-ақ. Ал, қазақ мыс, жез дейді. Қазақ тілінде. Неге? Ұлы даламызды зерттеп жүрген археологтарымыз осы Сарыарқада ежелден бері мыс балқытып, жез құман жасағандарын дәлелдеді. Кипрдегі мыс өндіру уақыты мен қазақ даласындағы жез балқыту мезгілі шамалас. Сондықтан, бүкіл әлем «купрумдап» жүргенде бабаларымыз өз тілінде «мыс», «жез» деп атауын баяғыда беріп қойған. Қазақтың тағы бір сөзі бар. «Мысы басты» деген. Бұл күші тасып тұрса да, жүні жығылған, жеңілген адамның айтатыны. Бұл енді ежелгі бабаларымыздың қару-жарағына байланысты. Мыс пен қалайыны қоса балқытып, қоладан қару соққан ұсталарымыз сарбаздарын қапысыз жарақтап берген. Әрине, өзі тұлпар мінсе, аяғы үзеңгіде болса, қолына металл қару алса, кім болсын көшпенділерден айылын жияды ғой ол заманда.

Негізі, қазақ тілін менсінбейтіндер біліп жүрсін: бүкіл металдың ана тілімізде атаулары бар. Алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын. Одан әрі жалғастыра беруге болады. Сонымен, мыс Менделеев таблицасындағы 29-шы элемент. Ұмытпасам, 4-ші қатар болуы керек.

Түпкілікті өнім

Брифинг болған соң компанияның өндірістік көрсеткіштері әу дегеннен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бахтияр Әбдірахманұлы Қырықпышевтің сөз мәйегі болды. 2016 жылғы І жарты жылдықта 111,6 мың тонна катодты мыс өндірілген. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 8,3 мың тонна артық. Өсім – 8 пайыз. Жыл аяғына дейін 224,4 мың тонна мыс өндіруді кесіп-пішіп отыр. Рудадағы мыстың құрамы 4 пайыз өскен. Көрсеткіштерге көңіл толады.

Осыдан 5-6 жыл бұрын болуы керек. «Мыс кені таусылды. «Қазақмыс» жабылады» деген қауесет тараған. Анығында халықпен бірге біз де абыржыдық. Бүкіл Жезқазған өңірін, Балқашты ұстап отырған компания құласа, халық босып кетеді-ау деп қапаланғанымыз да бар. Бахтияр бауырымыз бұл күдікті бірден сейілті. Осы биылдың өзінде Жезқазған өңіріндегі Жыланды кеніші жұмысын бастап, 2021 жылы өндірістік қуатына жетпек. Сондай-ақ, жезді қалаға таяу Жаман Айбат-2 кен орыны да биыл игеріле бастайды. Ал, Нұрқазған кен байыту комбинатының өндірістік қуатын қазіргі 3,3 миллионнан 2017 жылы 4 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұған қосымша Қарағайлы кен-байыту комбинатын жаңғырту, сол жақтағы Абыз кенішін одан әрі игеру, Шығыс Қазақстандағы Құсмұрын кенішін жеделдете пайдалану нақты іске айналмақ. Бір сөзбен айтқанда, компанияның перспективасына алаң жоқ. Компания басшысы атап көрсеткендей, алдағы уақытта геологиялық барлау жұмыстарына айрықша назар аударылмақ. Оның ішінде, 800 метр тереңдікті барлай алатын томографиялық іздестіру жұмыстары, гидрометаллургия жобасы қолға алынуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Қаныш аталарының ізін үлкен даңғылға айналдыру ойларында бар екенін Бахтияр бауырымыз бүкпесіз ортаға салды.

Өнім өндірілген соң сатылу керек. «Қазақмыстың» өнімін негізінен Қытай алады екен. Былтыр мыстың 60 пайызы Қытайға, 40 пайызы батыс елдеріне сатылса, биылғы жарты жылдықта Қытай 70 пайыз өнімін алыпты. Белгілі жағдай. Әлемдік дағдарыстың Еуропа елдерін есеңгіретіп тастағанының белгісі бұл.

Осы тұста Б.Қырықпышев болашаққа қажет, тіпті, бүгінгі күннен жедел қолға алатын мәселені көтерді. Ол – мысты табақша-табақша күйінде сата бермей, ширатпа сым, кабель түрінде, тіпті, шешем іс тігетін қол машинкадағы ең жіңішке ондық жіптей жіңішкертіп сату, яғни, түпкілікті өнім ретінде саудалау қажеттігін айтты. Сонда өнімді қазіргіден де қымбатқа пұлдауға болады. Осы Қарметкомбинат СССР кезінде өнімдерінің басым көпшілігін ішкі Ресейге, атап айтқанда, Магнитогорскіге кесек-кесек болат құйма (слябинг) күйінде жөнелтетін. Шамалы ғана қаңылтыр өндіріп жатты. Белгілі жағдай. Болат құйма – арзан, қаңылтыр күйінде – қымбат. Мұны жастау кезімде бірнеше рет жаздым. КПСС, Госплан бізді қайтсін?! Өктемдігін жасады. Сонда СССР-де шығатын барлық дерлік тоңазытқыштың қаңылтыры Теміртаудың темірі екен. Бір сөзбен айтқанда, СССР-дей алып империя Қазақстанға қаспағын қалдырып, қаймағын қалқып ішіп отырған. Бахтияр бауырымыз осыны меңзейді. Бұл, енді, Үкіметіміз шұғылданатын шаруа.

Электр тогы мәселен, аллюминий сымымен өткенде алғашқы қуатын көп жоғалта қоймайды. Ал, мыс сыммен жүгірсе, мүлдем жоғалтпайды. Мойындау керек, жұмыртқадан жүн қырқатын Қытай мыс табақшалардан неше түрлі сым созатыны белгілі. Одан компьютерден бастап, қуат өтетін бүкіл техникалар жасайтыны белгілі. Бұл өнімін, әрине, қымбатқа пұлдайды.

Биржа бағамы

Ақыры, мыс туралы жазған соң ғұлама Қаныш Сәтбаев атамызды айналып өту мүмкін емес. Екінші дүние жүзілік соғыс бітіп, СССР Жоғары Советінің депутаттары қатарында Қаныш атамыз Лондонға барады. Әйгілі Черчилль қабылдайды. Еңсегей бойлы Есім хандай Қанекеңе келіп: «Сіздің қазақтардың бәрі бойшаң келе ме?» деп кекетеді. Қайран Қанекең: «Иә. Бірақ, халқым менен де биік» деп табан астында жауап беріпті. Черчилль тағы бір сөз арасында «Мистер Сәтбаев, осы Сіз екеуміз бас киім айырбастасақ қайтеді» деп Қанекеңнің басының үлкендігін меңзеп, ағылшынша қалжыңмен қағытады. «Мистер Черчилль, өкінішті, менің бас киімім Сізге үлкен болады» депті Ұлы Даламыздың ұлы перзенті.

Лондонда минералдар музейі бар. Кезінде әлемнің әрбір төртінші пендесіне әмірі жүрген Ұлыбритания басып алған, сатып алған, елдерден жинаған металдар. Сол музейге ағылшындар Ре­сей империясы тұсында Қарсақпайдың мысын өндіріп жүргенде таза күйінде табылған мыс құйманы алып кеткен екен. Қанекең музейді аралар алдында ағылшындар құйманың жазуын өзгертіп, Родезияда (қазір Оңтүстік Африка) табылған деп өзгертіп қояды. Қанекең қалт тұра қалыпты. «Бұл Қазақстаннан, Жезқазғаннан табылған мыс құйма» деп туған елінің жұдырықтай тасын да жазбай таныпты. Ағылшындар кешірім сұрапты.

Капитализмнің отаны – Англияға осы «Қазақмыстың» арқасында тағы В.Рыжков екеуміз бүкіл республикалық басылымдардың бас редакторларымен 2007 жылы сапарлағанбыз. Қазақстанның Лондондағы мәдениет күндерін өткізу де «Қазақмыстың» мойнында. Бүкіл өнер жұлдыздарымен қоса, бір топ журналистерге жеке бағдарлама әзірленген. Сонда әйгілі Лондон қор биржасын өз көзімізбен көрдік. Сол кезде Ресейдің 40 компаниясы, Қазақстанның 9 компаниясы тіркеліп тұр екен бир­жада. Әрине, маңдай алдыда біздің «Қазақмыс». Осыдан аттай тоғыз жыл бұрынғы «Ұлы даладан – Ұлыбританияға» атты жолжазбамда («Орталық Қазақстан» газеті, 2007 жыл, қараша «Алаштың алдаспаны» кітабымда 2010 жыл, «Фолиант» баспасы, 67-бет) жазғандай, 2007 жылғы 7 қараша күнгі биржадағы мыстың әлемдік бағамы тоннасына 7 мың 451 АҚШ доллары болыпты. Брифингте «Қазақмыс» қазір саудалап отырған баға тоннасына 4 мың 500 доллар екені айтылды. Сол кездегіден мыс бағасы 2 мың 951 долларға арзандаған. Міне, бүгінгі күндегі май жаққан шынының үстінде жүргендей аумалы-төкпелі әлемдік рынокта тайып кетпей нық тұрған «Қазақмысқа», оның басшыларына, менеджерлеріне разысың.

Алаштың баласы

Брифинг болған соң журналистердің сұрамайтыны жоқ. Бір қызығы орыс тілді жас журналистер Кипрдің жер шарының қай нүктесінде екенін білмей тұра «Қазақмыста» қанша адам мерт болды, қаншасы жарақат алғанын қазбалап қоймады. Ал, Астана мен Алматы күре жолында жол апатында ай мен күн аманында өліп жатқандарға, мүгедек болып қалғандарға еттері үйренген. Бұл проблема емес. Ал, шахтада бір жұмысшы абайсызда шыр айналып тұрған тетікке жеңін ілдіріп алып, қолсыз қалса – проблема. Парадокс. Бұл – менің жеке пікірім.

Бахтияр Әбдірахманұлы биылғы бірінші жарты жылдықта 34 адамның жарақат алып, 3 адамның мерт болғанын тілге тиек етті. Бұл цифрларда «Қазақмыспен» бірге мердігер ұйым­дардың жұмысшылары да бар. Былтырғы жылғымен салыстырғанда шамамен 60 пайызға азайған оқыс оқиғалар. Осыған орай, инженерлерді былай қойғанда, жұмысшыларды да өз мамандықтары бойынша оқытып-тоқытып тұруды ойластырып отыр екен.

Қазақта «жеті қат көк, жеті қат жер асты» деген ұғым бар. Жеті қат көкті алғаш көрген Тоқтар ағамыз қазақтан. Жеті қат жер астын көргендер көп. Соның бірі – мен. Қазір ардагер журналист А.Жанғожин сол кездегі жас журналистерді Қарағандының 22-шахтасына түсірді. 1000 метр жер астындамыз. «Ал, сендерді тірідей көрге кіргіздім» деп қалжыңдағанда арқам шымырлаған. Содан бері шахтерлер мен кеншілер еңбегінің қандай ауыр екенін білемін. Бахтияр бауырымыз да еңбек жолын жер астында қатардағы кен қазатын жұмыстан бастапты. Ішім сезді. Кенші еңбегінің бейнетін біледі. Ең бастысы – осы.

Сталинді қанша күстаналасақ та, бір сөзі әлі мәнін жоймайды. «Кадры решает все» деген. Қазір білмейтіндер білетіндерге бастық болып, ақыл айтып, ақыратын болды. Елдің бәрі батыр емес. Амалсыз, үнсіз, құмығып келісе береді. Осы Сарыарқада металлургия саласында Қарағанды металлургия комбинатын М.Ақбиев деген ағамыз басқарды. Жүздестім, сұхбат алдым. Балқып жатқан болатты, қорытылып жатқан шойынды ешқандай приборсыз-ақ қайнауы жеткенін көзбен айырып беретін. Бұл енді, ағамызға сонау қола дәуірдегі ұста бабаларынан дарыған шығар деп ойлаймын. Бахтияр бауырымызды да осы ағасының дара жолы шақырып тұр. Сонау Штифановтан бастағанда Жезқазғанда қазақ баласы екі тізгін, бір шылбырға ие болмапты. Мұны Бұқар жырау бабамыз «Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деп нүктесін бір-ақ қойған.

Мұхтар Мағауин көкем айтқандай, қотанымызға оралайық. Әңгімеміз – мыс. Адам ағзасы – толған металл. Соның ішінде, мыс азайса, адам дімкәстанады, әр түрлі дерттерге шалдығады екен. Адам бойында 9 грамм мыс болу керек. Қазақстанымыздың экономикасы да мыс азайса жүдейді, тұралайды, болдырады. «Қазақмысқа» сендік.

P.S. Сонымен, атаның баласы емес, Алаштың баласы атқа қонды. Осы тұғырнамада тұрайық бәріміз.

ҚАРАҒАНДЫ – АЛМАТЫ – ҚАРАҒАНДЫ.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button