Ауыл кәсіпкерлері әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуде

Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылының кәсіпкерлері бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Олар жаңа жекеменшік балабақша ашып, спорт нысандарының құрылысына қаржы салды.


Аудан әкімі Шағурашид Мамалиновтың айтуынша, бұл — мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің жақсы үлгісі.
Елу орындық «Супер Ботақан» балабақшасы бұрынғы тұрғын үйдің орнында ашылған. Жобаны Мөлдір Бердалиева мен Арыстан Құсайынов жүзеге асырды. Ғимаратты жөндеуге және қажетті жабдықтарды сатып алуға ерлі-зайыптылар банктен несие алған. Аудандық билік құжаттарды рәсімдеуге көмектесті.
Балабақша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында ашылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша аудандық бюджеттен бір балаға 30,3 мың теңге бөлінеді. Субсидиялардың арқасында ата-аналар ай сайын нәбәрі 9 000 теңге төлейді.
Балабақша иелері ауыл тұрғындарына 12 жаңа жұмыс орнын ашты.
— Бүгінгі таңда бизнес өзара тиімді шарттарда әлеуметтік жобаларды іске асыруға қаражат жұмсауда. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша Көкпекті ауылында балабақша ашылған болатын. Келесі кезекте Үштөбе болды. 2020 жылы Ботақара аудан орталығында, Ғ. Мұстафин кентінде, Петровка ауылында  жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер ашу жоспарлануда, — дейді Шағурашид Мамалинов.
Сонымен қатар, ауылда жеке инвестициялар есебінен екі спорт кешені салынуда. Бұл ауыл халқына спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін арттыруға ықпал етпек. Аудан басшылары қос  нысанды МЖӘ бағдарламасына қосуға уәде берді.