Бас тақырыпПрезидент

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: “Төтенше жағдай режимі аяқталды”

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысына қатысты. Онда Президент Төтенше жағдай кезіндегі атқарылған шараларға баға беріп, алдағы уақытта жасалатын қадамдарды жария етті. Ендігі уақытта Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ретінде қайта құрылады.

«КАРАНТИНДІК ШЕКТЕУЛЕР БІРТІНДЕП АЛЫНАДЫ»

 Президент соңғы екі айдың ел үшін оңайға соқпағанын атап, дағдарыстың толық еңсерілмегенін жасырмады. Бірақ, індеттің шарықтау шегінен өткендігін еске салды.

«Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.

Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады.

Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан, карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады» – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қоғамның түрлі саласының қызметі қалпына келе бастады. Қазіргі уақытта 1 миллионнан астам қазақстандық тұрақты жұмысын жалғастыруға шығыпты. Бұған қоса, кешегі күннен бастап, дүкендердің көпшілігі, сән салондарының, білім орталықтарының бірқатары жұмысын бастады. Саябақтардан да қоршалған тыйым салу жолағы алынады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалы да жандана түспек. Жалпы, көптеген шектеулер, кешегі күннен бастап күшін жояды. Дегенмен, Мемлекет басшысы сақтық шараларын мықтап есте ұстау қажеттігіне назар аударды. Індеттің белең алмауы және қауіпсіздікті қамту үшін әркімнен жауаптылық сұралады.

«Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді.

Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек. Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істей береді» деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарысты еңсеруге қатысты әлеуметтік һәм экономикалық маңызы зор жұмыстар еңсерілді. Атап айтқанда, 4,5 миллионнан астам адам 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек алды. 1 милиионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық бұйымдар үлестірілді. Коммуналдық тарифтер төмендетілді. Бұл орайда аса мұқтаждарға қосымша қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар, 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Мұның сыртында ауыл шаруашылық саласында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге де мемлекет тарапынан қомақты қаржы-қаражат бөлінгені мәлім. Шағын және орта бизнестегі 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды.

ДАҒДАРЫСТАҒЫ ЖӘНЕ ДАМУДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАР НЕ?

«Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Азаматтардың табысын арттыру. Бизнесті қолдау және оны дамыту. Білім және ғылым жүйесін жетілдіру» деді Мемлекет басшысы.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы зейінді өзін-өзі толық қамтитын қазақстандық экономикаға аударып отыр. Ол үшін қолда бар қуатты шикізаттық базаның негізінде өнеркәсіптердің жаңа мүмкіндіктерін дамыту көзделуі тиіс. «Болашақтағы Қазақстан экономикасына жаңаша көзқараспен қарауға тура келеді» дейді Президент.

Бұл арқылы Мемлекет басшысы экономиканың әр секторының маңызды рөлін анықтауға, сөйтіп, жаңа экономиканың құрылымы дереу әзірленуі қажеттігіне ерекше ден қойды. Соның ішінде, энергетика секторы да реформалардан қалыс қалмайды. Оның бұл дағдарыстан кейін бұрынғы қалпында әрекет ете алмайтынын, сондықтан, «жасыл экономикаға» бет бұратын кез туғанын да және бір ескертті.

Сондай-ақ, алдағы уақытта индустрияландыруға қатысты қадамдар да қайта қарастырылады. Бұл орайда, экспорттағы және ішкі нарықтағы мүмкіндіктер нақтыланады. Сөйтіп, айқын мақсаттар белгіленіп, оған жететін құралдар да қолға алынады. Отандық өнімдердің бизнесті дамытуда көптеп қолданылуына баса мән беріледі.

Инфрақұрылым бағдарламаларындағы осы күнгі 40 пайыз үлесті 60-70 пайызға жеткізу міндеті қойылды. Ал, Үкімет пен әкімдердің және квазисектордағы компания басшыларының жұмысын бағалау осыған негізделеді.

«Қазіргі таңдағы жағдай азықтүлік қауіпсіздігінің мемлекет қауіпсіздігінің бірден-бір кілті екенін айқын көрсетті. Сол себепті аграршыларға барынша қолдау көрсететін боламыз» дей келе, Президент ауылдарда «егіс алаңынан сөрелерге дейінгі» кооперациялық тізбекті дамыту жөнінде пилоттық жобаларды бірнеше өңірлерде іске асыруды тапсырды. Бұған Үкімет пен «Атамекен» ҰКП жауапты. Бұдан соң жобаның ауқымын ұлғайтып, 2021 жылдың ортасынан бастап, толыққанды бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін атады.

«Біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз. Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеуге де пайдалануға болады. Соның бәрі құзырлы орындардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады» деді Президент.

Экономиканы дамытуда серпін беретін бір сектор ретінде құрылыс бағаланды. Мұнда құрылыс саласы жұмыспен қамту, және әлеуметтік қолдау сипатын иеленеді. Кезектегілердің мәселесін шешу үшін тұрғын үймен қамтудың жаңа «5- 10-20» жобасын жүзеге асыру да жүктелді.

Ұлттық бизнесті қолдауда «Даму» қорының кепілдендірілген несие құралы кеңінен пайдаланылады. Айналым құралдарын несиелеу бойынша Ұлттық банк бағдарламасының аясындағы несиелерге қор кепілдік беретін болады. Оның құны 600 млрд. теңге еді. Енді ол қажеттілікке орай ұлғаяды. Шағын бизнестерге де баса назар аударылады. Мемлекеттік бағдарламаларда шағын бизнеске қатысты арнайы шаралар қабылдау міндеттелді.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІ – ФОРС-МАЖОРЛЫҚ МӘНГЕ ИЕ

Төтенше жағдай кезінде айтарлықтай зардап шеккен экономика секторлары үшін Төтенше жағдай режимін форс-мажорлық мән ретінде қарастыруды нормативті деңгейде нақтылауға тоқталды Президент.

«Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл жоспар жуық арада бекітіледі. Мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет. Сондай-ақ, олар өздерінің орынсыз әрекеттері арқылы бұл шаралардың маңыздылығын жоққа шығаруға жол бермеуі керек.

Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты. Біз дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуалдың және ұлттық экономиканың түбегейлі өзгергенін анық көріп отырмыз. Қазіргі ахуал мен факторлар, алдағы өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуге тиіс» деді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАР ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРУІ ТИІС

Дағдарыс бүкіл әлемде медицина, білім, әлеуметтік салада реформа қажеттілігін жайып салды. Сондықтан, Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған түбегейлі өзгерістер орын алатындығына басымдық берді. Атап айтқанда, медициналық мекемелердің қайта жарақтануы, медициналық қызметкерлердің өкілеттілігін арттыру көзделеді. Кез келген сипаттағы төтенше жағдайда жылдам әрекет ету жүйесіне бейімделу де маңызды. Телемедицина мен қашықтан диагностикалау енгізіледі. Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті де өзгеріс күтіп тұр.

Үкіметтің алдына белгілі ғалымдар мен сарапшыларды тарту арқылы билогиялық қауіпсіздік кеңесін құру міндеті қойылды.

МАҚТААРАЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ДА – НАЗАРДА

«Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік. Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда. Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді» деді Президент.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button