Басты тақырыпСпорт

Қарағандының қауқары

    Мешін жылы спорт саласында мерейімізді өсірген жетістіктер баршылық. Қарағандылық саңлақтар республикалық, жаһандық додаларда топ жарды. Жақсы жаңалықтармен сол сәттерде оқыр­манмен сүйіншілей бөлісіп келдік. Әйткенмен, «әттеген-ай» дегізер түйткілдер де жоқ емес…

Олимпиададағы олжа – жалғыз қола

    Төрткүл дүние көз тіккен Риодағы Олимпиадаға ел құрамасы сапында 11 қарағандылық аттанған еді. Үкілеп шығарып салдық. Он бірдің жолына үмітпен қарадық. Әйтеуір, балуан бойжеткен Эльмира Сыздықова сенімімізді ақтады. Олимпиада алауының сөнуіне үш күн қалғанда Қазақстан қоржынына қарағандылық спортшылардың алғашқы медалі түсті.

   Осы жалқы қола жыртығымызды жапқандай болды. Шүкір. 2000 жылы Сиднейден қарағандылықтар құр қол қайтып еді.

   Жалпы, егемендік жылдарындағы алты Олимпиадада көмірлі өлке спортшылары 8 медальді олжалапты. Боксшылар – Василий Жиров (Атланта, 1996 жыл) пен Серік Сәпиев (Лондон, 2012 жыл) алтыннан алқа тақса, жалғыз күміс Геннадий Головкиннің (Афины, 2004 жыл) еншісінде. Қалғаны – қола. Теміртаулық мерген Владимир Вохмянин (Атланта, 1996 жыл), жеңіл атлет Дмитрий Карпов (Афины, 2004 жыл), боксшы Серік Елеуов (Афины, 2004 жыл), теміртаулық таэквондошы Арман Чилманов (Бейжің, 2008 жыл) және еркін күрес шебері Эльмира Сыздықова (Рио-де-Жанейро, 2016 жыл) үшінші тұғырдан көрінді.

   Қазақстан Рио Олимпиадасын 17 медальмен 22-ші сатыда тәмамдады. Мұндағы Қарағандының үлесі қомақты болмаса да, бір жүлде бізден екендігі қуантады. Ендігі үміт – Токиода. 2020 жылы күншығыс елі әлемдік доданы қабылдайды. Қарағандылық қырандар биіктен көрінеріне сенім артайық.

Шатқаяқтаған «Шахтер»

    «Шахтер» футбол клубы биыл да Премьер-Лигадағы соңғы сатылардың бірінен көрінді. Ел біріншілігін 9-шы орында аяқтады. Әупіріммен жоғарғы лигада қалғанына қуандық.

   2011-2012 жылдары тасы өрге домалап, дәурені жүрген «Шахтердің» айбары әлсіреген қазір. Бір кездері Еуропада атой салып, Шотландияның «Селтигіне» сес көрсеткен ұжым еді деп айтуға ауыз бармайды.

   Былтыр «Шахтер» сатылымға шығарылды. Алайда, қызығушылық танытқан ешкім болмады. Қарызға белшесінен батқан клубты қосаққа алуға кім ниетті болсын?! Сөйтіп, облыс әкімдігінің қамқорлығында қалдырылды.

   Шатқаяқтаған «Шахтердің» келер жылы да жүгі түзелеріне жанкүйер қауымның сенімі шамалы. Себебі, команданың беткеұстар кейбір футболшылары өзге клубтарға ауысуда. Мәселен, гол соғудан «шахтерліктер» арасында көш бастаған голландиялық Деслей Уббник, жартылай қорғаушы Мақсат Байжанов және қорғаушы Евгений Горячий келешекте қарағандылықтар сапында ойнамайды. Бұл жігіттер «Шахтердің» ойын өрнегінде елеулі роль атқарушы еді. Клубтың ендігі халін уақыт көрсетер.

Ат спортына атүсті

көзқарас

    Қазір Олимпиада бағдарламасына енген ат спортына өркениетті елдер мықтап ден қоюда. Риода үздік бестіктен көрінген Германия құрамасы осы бір ғана спорт түрінен 6 медаль олжалады. Ал, жылқыға алғаш жүген кигізілген қазақ жерінде ат спортына атүсті қарау жалғасып келеді.

   Облыс орталығында «Қайрат» ат спорты мектебі деген мекеме бар. Бұрынырақ барып, жағдайын көріп, мақала жазған едік. Арнайы алаңы жоқ мектеп ұжымы алақандай аумақта балаларды ат спортына баулып жүр. Маңай – тынымсыз құрылыс. У да шу. Бауырын жазып, шаба алмаған аттардан әбден маза кеткен. Сол кезде мектеп басшылығы ипподром туралы айтқан еді. Ел төңірегіндегі ипподромы жоқ жалғыз аймақ – Қарағанды екен.

   Арқа жұрты ежелден желмен жарысқан жүйріктерімен мәшһүр. Қылқұйрықтарымыз әлі де бәйге бермейді. Былтыр ғана «Алтын тұлпар» республикалық бәйгесінде Шет ауданының тұлпары «Бақторы» бірінші келді. Мақтануға жақсы, әрине. Десек те, ат спортының Қарағандыда кенжелеп тұрғаны ақиқат. Бір ипподром керек-ақ…

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button