Қарағандыда «Қыс 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

Оқу-жаттығу құтқарушыларды, әскери және апаттар медицинасы қызметінің дәрігерлерін қыста болатын төтенше жағдайларды жою және алдын алуға дайындайды. Ол жыл сайын еліміздің барлық қалаларында өтеді. Биылғы жылы үйлестіру және басшылық жөніндегі штаб Қарағандыда орналасқан.

Құтқарушылар төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін екі күн қатарынан пысықтады. Шара құтқару техникасының көрмесінен басталды. Мұнда өрт сөндіру машиналары, шынжыр табанды жол талғамайтын техника, қар құрсауынан адамдарды эвакуациялайтын жол жүру өтімділігі жоғары автомобильдер, жылыту пункті бар шатырлы лагерь, далалық асхана және байланыс пункті көрсетілді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек техниканың қысқа дайындығын тексерді. Ол құтқару қызметінің иелігіндегі арнайы машиналар қаншалықты жеткілікті екенін және облыстағы ТЖД қызметкерлері қандай қиындықтарға тап болатынын сұрады. Қазір департаменттің иелігінде 400-ге жуық машина бар, тағы да 300-ге жуық техника сатып алу қажет. Бұл мақсаттарға жыл сайын бюджеттен қаражат бөлінеді. Құтқарушылар өздерінің негізгі мәселелері еңбекақысының төмендігі және кадрлардың тұрақтамауы екенін атап өтті.

«Меніңше, біз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен« департамент қызметкерлері үшін ипотекаға қатысты келіссөздер жүргізе аламыз. Үлкен қалаларда бұл жүйе 2020 жылдың қаңтарынан бастап құтқарушыларға жалақыны арттыратынын ескере отырып, жұмыс істей алады. Кішкентай қалаларда иесіз қалған үйлерді қалпына келтіруге және онда ведомстволық пәтерлер жасауға болады, біз қазір дәрігерлермен осылай жұмыс істейміз. Бұл кадр тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі», — деді Жеңіс Қасымбек.

Техникаларды тексеруден кейін құтқарушылар «ЖЭО-3»   стансада төтенше жағдайды жою кезіндегі іс-қимыл алгоритмін пысықтады.

Бүгін, шараның екінші күнінде құтқарушылар Федоров су қоймасында жаттықты. Сценарий бойынша адамдарды құтқару және эвакуациялау қажет болды. Одан кейін «Сарыарқа» әуежайы ауданында қар құрсауы, ЖКО кезінде жұмыс істеу, жолда зардап шеккендерге көмек көрсету және іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы тактикалық жаттығулар жүргізілді.