Жаңалықтар

Қарағандыда Балапан Әбеновті еске алуға арналған доп додасы өтті

Мемлекеттік қызметтің, заң, әділет, прокуратура, сот салаларының көрнекті қайраткері Балапан Әбеновті еске алуға арналған шағын футболдан доп додасы биыл да өз жалғасын тапты. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып, дәстүрге айналып отырған облыстық ашық біріншілік 10- 11 тамыз күндері Қарағандыдағы «Аmanat arena» спорт кешенінде қанат жайды.

Игі шараға ұйытқы болғандар – облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы мен марқұмның туған-туыстары. Сөйтіп, екі күнге созылған тартысты бәсекеде аймақтың түпкір-түпкірінен келген 10 команда бақ сынады. 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасындағы айтулы кездесулерге біз де куә болған едік. Сонымен…

  • Балапан Әбеновтің өмір жолы еңбекқорлық пен қоғамға қызмет ете білудің жарқын үлгісі іспетті. Сондықтан, бұл шара айтулы азаматтың есімін әйгілеп қана қоймай, облыстың спорт саласында да ойып тұрып орын алатын бәсеке боларына сенімдімін. Өз кезегімде, ашық біріншіліктің ұйымдастырылуына, жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын ұстануға елеулі үлес қосып, белсенділік танытып отырған Балапан Зипатоллаұлының туғандарына алғысымды білдіремін, – деді облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов жарыстың ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде.

Әрине, азаматтың атын асқақтатып, соңында қалған сөнбес ізі – игі істерін ел жадында жаңғыртатын да ағайын-туғаны. Олар жеңімпаз командалар мен үздік спортшыларға сыйлық тағайындап, қомақты жүлде қорын да жасақтапты. Сөйтіп, 1-орынға 420 мың теңге тігілсе, 2-орын иегерлеріне 270 мың теңге табысталатын болып келісілді. 3-орын алған команда 170 мыңды қанжығалайтын болды. Сонай-ақ, «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы» сынды әр аталым иегеріне 40 мың теңге тағы бар.

  • Өкінішке қарай, өткен шақпен сөйлеуге тура келеді. Балапанның өмірден озғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Десе де, інімнің өзі де, айтқан әр сөзі де, сіңірген еңбегі де жүрегімізде. Халқымыз «әр азамат соңында із қалдыруы тиіс» дейді. Міне, Балапан Зипатоллаұлы соңынан із қалдыра білген жан. Сондықтан, оның еңбегін, қалдырған ізін ұмытпай жүрген облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысым шексіз, – деді қоғам және мемлекет қайраткері, марқұмның ағасы Марат Райымбеков.

Көзі тірісінде «айналасын таспен емес, доспен қоршаған» тарлан тұлғаның кеңдігі мен өрлігін дос-жарандары да жасырып қалмады.

  • Бүгін біз есте қаларлық елеулі шарада бас қосып отырмыз. Өз кезегімде, сапқа тізілген жас спортшыларға назар аударсам деймін. Бұл доп додасының мәні мен мазмұнын ең алдымен Сіздер ұғына білулеріңіз қажет. Кезекті ойын, тағы бір тартыс деп қана қарамаңыздар. Айтулы азамат атындағы аламан – бұл. Ертеңгі күні Сіздер де осындай биікке ұмтылсаңыздар, елге еңбегі сіңген тұлға болып, көк Туымызды көкте желбіретсеңіздер деймін. Бұл ашық біріншіліктің түпкі мақсаты да – осы! Балапан Әбенов есімін жас буынға, ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұмның отбасылық досы Рымбала Омарбекова.

Сөйтіп, екі күнге созылған аладоп аламанында жүлделі 1-орын қарағандылық «Жастар» командасына, 2-орын Балқаш қаласының құрамасына, ал, 3-орын Сараннан келген саңлақтарға бұйырды. Сондай-ақ, «Үздік шабуылшы» ретінде ақтоғайлық Ербұлан Қайырпұл, «Үздік қорғаушы» болып қарқаралылық Нариман Тойшыбай, ал, «Үздік қақпашы» ретіне жаңаарқалық Нұрлыжан Шырымбетов танылды. Жүлдегерлер кубокпен, диплом және медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

  • Спортпен шұғылданып жүргеніме алты жылдың жүзі болды. Жасым – 14-те. Бұл додаға тыңғылықты дайындалдық. Себебі, командаластарымның басым бөлігі үлкен футболда өнер көрсетіп келген еді. Сондықтан, шағын футболға бейімделуімізге барын салған Жасұлан Жұмабекұлына зор алғысымды білдіремін. Қарсыластарымыз да осал болмады. Әсіресе, Балқаш қаласынан келген футболшылармен болған кездесуіміз қиынға соқты. Десек те, чемпион болуға барымызды салдық. Өзім 8-9 голдардың авторы атандым, – деді «Жастар» командасының жартылай қорғаушысы Әбілқайырхан Бекасылов.

Рауан Қабидолда

Басқа материалдар

Back to top button