Жаңалықтар

Қарағанды жастары «Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидатты қолдады

ҚарМТУ-да «Нұр Отан» партиясының атынан Президент сайлауына ұсынылған кандидатты қолдауға арналған «Елім үшін» жастар форумы өтті. Оған аймақтағы жоғары оқу орындар мен колледждердің төрт жүзге жуық студенті, үкіметтік емес ұйымдардың, шығармашылық және еңбек ұжымдарының жас буын өкілдері мен спортшылар қатысты.

  • Қарағанды қашанда елдің экономикалық және саяси тірегі бола білді. Біз кен орындарында, шахталар мен карьерлерде еңбек еткен жерлестеріміздің жетістіктерімен мақтанамыз. Қазақстандықтардың адал еңбегінің арқасында еліміз биік белестерді бағындырды. Біз Президент сайлауына «Нұр Отан» партиясының атынан ұсынылған кандидатты қолдаймыз және Елбасы салған сара жолды жалғастырарына сенеміз, – деді «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері Алдияр Қазкен.

Форумға қатысушылар елімізде жастардың сапалы білім алуына, жұмысқа орналасуына және әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орталықтарында кәсіби біліктіліктерін арттыруға қажетті жағдайдың жасалғанын атап өтті. Олардың пайымдауынша, кезектен тыс Президент сайлауы ел экономикасының дамуына жаңаша қарқын береді және ішкі келісімді нығайтады.

  • Елбасы саясатының арқасында біз бәсекеге қабілетті, беделді мемлекет құрдық. Жастардың сайлауға қатысуы – азаматтық ұстаным, әлеуметтік жауапкершілік және патриотизмнің айғағы. Біз бұл сайлауға белсенді қатысуымыз керек, – деді ҚарМУ студенті Әуен Тұрғынбаева.

«Елім үшін» форумы студенттер мен шығармашылық ұжымның бірлескен концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Басқа материалдар

Back to top button