Қарқаралыда «Еркін алаң» орталығы ашылды

Қарқаралыда жастарды қолдау бағытында іргелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, аудан орталығындағы жастар ресурстық орталығы орналасқан ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, коворкинг орталық ашылды. Мұнда жастар бас қосып, еркін пікір алмаса алады. Сондай-ақ, түрлі сусын ішіп, кітап оқуларына да барлық жағдай жасалған.

«Еркін алаң» деп аталатын орталықтың жұмысымен аудан әкімі Халел Мақсұтов танысты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған орталықтың тиімді тұстары көп. Жастар қауымы, әсіресе, ауылшаруашылық колледжінің студенттері мұнда интернетті тегін пайдаланып, кітап оқып, бос уақыттарын өткізе алады. Аудан орталығына түрлі жұмыстармен келген ауыл жастарына осы жерде аялдап, түстену мүмкіндігі қарастырылған.

Орталық қажеттілігіне қарай қосымша тұрмыстық техникалармен де жабдықталған. Ашылған күннен бері мұнда жастардың бастамасымен бірнеше шара да ұйымдастырылған екен. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылан Рахымбергеновтің айтуынша, өскелең ұрпақтың сұранысына сай қызмет көрсететін осындай орталықтың ашылуы жастардың қуанышын еселей түскені анық.

Осы орайда, жастардың игілігіне қызмет көрсетіп отырған орталықты қолданысқа беру мақсатында аудандық бюджеттен 3 млн.теңге қаражат бөлінгенін айта кеткен жөн.

Сағыныш Әбілова

«Ortalyq Qazaqstan»