Арқаның алқасы

«Анненск» шахтасын кеншілер қауымы осылай әспеттейді. Бұлай бағалаудың басты белгісі — сыртқы кескін-келбетіне қатысты. Себебі, сәулеттік сипатына қарасақ, оның тұрпаты осы өңірдегі көз үйренген басқа тектес кәсіпорынға таза ұқсамайды. Тіпті, талай елдің дәмін татқандар да: «мұндай жобаны кездестірмедік» дегенді айтады.

Сыртқы сипаты соны кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – шахта құрылысының тарихында тұңғыш рет оқпанды проходкалау мен коперды монтаждау қатар жүргізілді. Ал, скиптің жұмыс процесі таразы тәріздес қозғалысқа негізделген: бір басында кен тиелсе, келесі басында түсіріліп жатады. Кенді көтерудің өнімділігін арттыратын мұндай жұмыс принципі басқаларда кездеспейді.

Әкімшілік-тұрмыстық корпусын сырт көз өнер отауының ғимараты деп ойлап қалуы ғажап емес. Оған өзіндік үйлесіммен қабысқан қос каперді қос. Қысқасы, көрген көзді қызықтыратын көрініс. Мәскеулік архитекторлардың қиялынан туған бұл жоба Францияда өткен әлемдік байқауда екінші орынды, ал Канадада алтын медальді тегін иеленбесе керек.

Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай  тұсауы кесілген керемет кәсіпорынды — «Тәуелсіздіктің тумасы» десек те артық емес. Одан небір танымал шетелдік фирманың жетілдірілген техникасын кездестіресің. Шахтада шпурды «Параматик» кешені бұрғылайды. Қуатты «Катер» кен тиесе, төзімді «ТОРО» тасымалдайды. Проходкаға алымды «Аксера» мен қарымды «Миниматик» қойылған. Забой төбесін «Робольт» бекітеді.

«Анненск» — аймақтағы ең терең шахта. Шыңыраудың түбі шамамен жеті жүз метрден асып жығылады. Кен қатпарының жатысы күрделі. Әдетте, Жезқазған аймағындағы көлбеу кен қабаты онша ойыс емес, ал Анненскінің жаратылысы айрықша. Қалыптасқан технологияны қолдану қолайсыз, әрі онша тиімді емес. Сондықтан, кен қатпарының орналасу ерекшелігіне қарай оны өндірудің арнайы жүйесі жасалған.

Кеншілер «Арқаның алқасы» атанған келбеті келісті шахтада істейтінін мақтаныш етеді. Данияр Өтепов басқаратын проходкалау телімінің жігерлі жігіттері солардың қатарында. Сағынтай Айтқұлов, Ерік Әубәкіров, Қайрат Алтынбеков жетекшілік жасайтын үш бригадаға біріккен қырық жігіт жыл басынан бері ай сайын орта есеппен 180 қума метр проходка өтіп, кәсіби мерекесін лайықты тарту-таралғымен қарсы алып отыр.

Жиырма жылға жетер-жетпес тарихында Анненскіден небір білікті өндіріс басшысы өсіп шықты. Соның бірі — Данияр Өтепов. Қатардағы қарапайым қызметтен өскен. Еңбек жолын Жезқазған университетін бітіргесін №73/75 шахтада кен шебері болып бастады. Одан бері де он төрт жыл өтті. Қазір кеншіліктің қыр-сырын терең меңгерген телім бастығы.

Телімде талай тарлан тау қопарып, табыстың тай қазанын тасытып жүр. Айталық, Сағынтай Айтқұловтың бригадасындағы Серік Қозыкенов пен Талғат Мұхамбетжанов үшін екі сағатта сапалы 35 шпур бұрғылау — онша қиын шаруа емес. Серік бұдан екі жыл бұрын омырауына үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін тақты. Ал, технологиялық колледждің түлегі Талғат он үш жылдан бері шыңыраудың шаңын қағып келеді.

Олар екі сағатта бұрғылаған 35 шпурды оқтауға шамамен бір сағаттай уақыт кетеді. Кен қопару жұмысы белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі. Тағы екі сағатта забой шаң-тозаңнан тазарған соң, тыңнан шпур бұрғылауға басқа ауысым жігіттері кіріседі. Кен қатпарына апаратын жол осылай салынады.

Әлібек ӘБДІРАШ