Қаныш қаласының мерейтойы

Қазақстанның ғылымына ғана емес, әлемдік деңгейдегі өркениет өрісіне ойып тұрып олжа салған Ұлы Дала төсіндегі ұлағаты мол ұлттың болмыс-бітімі бірегей перзенті, академик Қаныш СӘТБАЕВ – есімі жалпақ жұрттың жадында мәңгілік жатталып қалған тұлға. Ел көлемінде ғұлама ғалымның атындағы даңғылдар, оқу орындары, музейлер мен өзге де нысандар баршылық. Тіпті, жұлдыздар әлеміндегі бір ғаламшарға Қанекең жарықтықтың есімі берілген. Солардың бірі һәм бірегейі – Арқадағы айтулы Сәтбаев қаласының тұрғындары шаһар атауын лайықты мақтан етеді. Жуырда Қаныш қаласы өзінің 45 жылдық мерейлі тойын аса жоғары деңгейде өткерді.

Суреттерді түсірген Нұрия ІЛИЯСОВА.

Мерейтой бағдарламасына орай түзілген мерекелік бағдарламаларға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, қаланың Құрметті азаматтары және жалпы қала тұрғындары қатысты.

 Іс-шаралар тізбегі жаратылысы дара, данышпан тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Содан кейін қалың қауым қалалық мемлекеттік мекемелер үйі алдындағы алаңға орналастырылған Қаныш Сәтбаевтың жаңғыртылған ескерткіш-мүсінінің ашылу салтанатына жиналды.

Шуақты шара барысында жұртшылықты қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтап сөз сөйледі. Ол өз сөзінде атақты академиктің саналы ғұмырының бастапқы кезеңі Ұлытау-Жезқазған өңірінде өткенін, ғалымның ғибраты өлшеусіз қызметінің нәтижесінде ашылған кен орындары осы аймақтың ғана емес, барша қазақстандықтардың ырыс-несібесі артуына ықпал етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Мемлекет пен қоғам мүддесіне бар ғұмырын сарқа жұмсаған танымал тұлғаның рухына көрсетілер құрметтің алдағы уақытта да еселене түсерін айрықша атап өтті.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, қаланың бұрынғы басшыларының бірі Мұзараф Аханов Қанекеңнің өнегелі өмір өрнектері хақында тереңнен толғай сөз тарқатса, қалалық мәдени-сауық орталығы жанынан құрылған аймақтық өнер орталығы ақындар үйірмесінің жетекшісі Ардақ Тойлыбаева жырдан шашу шашты.

Ел құлағына ерекше жағымды болған белгілі айтыскер Жанбол Көпбосынов төкпелеткен арнауға бұқара қауым айрықша ықыласы мен қошеметін білдірді.

Мүсіннің шымылдығын Асқар Ыдырысов, Мұзараф Аханов пен мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеев түсірген соң жоғары лауазымды мәртебелі меймандар мен қала тұрғындарының өкілдері ғалымның тастан қашалған бейнесінің іргесін гүл шоқтарымен көмкерді.

***

Сол күні қала орталығында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының заманауи үлгіде жаңғыртылған жаңа кеңсесінің тұсаукесері өткеріліп, таныстырылым өткізілді.

 Іс-шара барысында жиынға қатысушыларға қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы Асқар Ыдырысов, «Нұр Отан» партиясының «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов, ҚР Парламентінің депутаттары құттықтау лебіздерін арнады.

Тұсаукесер рәсімінен кейін жаңа кеңсенің мәжіліс залында Елордадан келген қонақтардың қатысуымен қалалық партия филиалы Саяси кеңесі бюросының шағын құрамдағы отырысы өткізіліп, партия филиалының алдағы міндеттер ауқымы айқындалды. Партияға жаңадан қабылданған мүшелерге партиялық билеттері салтанатты жағдайда табыс етілді.

***

Қала мерейтойына байланысты Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында көрермен назарына ұсынылған шаһардың өткені мен бүгіні туралы сыр шертетін, өңірдің даму үдерісі жайлы түсірілген деректі фильм мазмұн-мағынасының тереңдігімен, айтар ойының айшықтылығымен тәмам жұртты тамсантты. Содан кейінгі «Туған күніңмен, Сәтбаев!» атты театрландырылған қойылым жұрт көңіліне ұялаған әдемі әсерді одан әрі қоюлата түсті.

Қала басшысы Асқар Ыдырысовтың қысқа да нұсқа һәм нәрлі құттықтау лебізінен кейін қала әкімі мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарушы кеңесінің Бас директоры Бақтияр Қырықпышевке «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағының айшықты лентасын, төсбелгісі мен куәлігін табыс етті.

Өзінің жауап сөзінде Бақтияр Әбдірахманұлы «Қазақмыс» корпорациясы мен кеншілер шаһары ұғымдары өзара ажырағысыз деңгейдегі байланыста екендігіне ерекше екпін беріп, қаланың өсуі мен өркендеуі алып компанияның алдындағы мерейлі міндет болып қала берерін қадап айтты. Қала басшылығы мен қалалық мәслихаттың депутаттар корпусына алғаусыз алғысын білдірді.

Асқар Абылайұлы мерейтой аясында қоғамның саяси өміріне белсене қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке және шығармашылық табыстары үшін Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған бір топ азаматқа лайықты наградаларын салтанат ты жағдайда тапсырды. Сонымен қатар, қаланың 45 жылдық мерейтойы аясында еселі еңбектерімен ерекшеленген қоғам мүшелерін Сәтбаев қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Жұртшылыққа жылы лебіздерін мемлекет және қоғам қайраткері, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мұхамбет Көпеев, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік қызмет Хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов арнады. Қала тұрғындарының атынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, кенші-ақын Мұса Тілеуов сөз алып, сәні мен сәулеті дәулетімен келісті ұштасқан шаһар мерейтойына арнау жырын оқыды.

Жергілікті өнерпаздардың тартымды концерттік бағдарламасы көрермен көңілінде жағымды әсер қалдырды.

Кешкілік орталық алаңда орналастырылған сахна төрінен мерейтойға орай кенді өлкеге арнайы өнер сапарымен келген Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары шырқаған әсем әндер көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды.

Тойдың тартымды бағдарламалары Сәтбаевтың түнгі аспанын «тілгілеген» мерекелік от-шашумен түйінделді.

***

Сөз реті келгенде қаланың 45 жылдық мерейтойы аясында жоспарланған іс-шаралар бір күндік бағдарламамен шектелмегенін айрықша атап өткен абзал. Әлеуметтік-қоғамдық сипаттағы, мәдени-спорттық мазмұндағы, басқа да бағыттарды қамтитын тағылымы мол, қоғам үшін қайтарымы ересен қалыптағы ілкімді іс-шаралар жыл басынан бері өткеріліп келеді. Олар жыл соңына дейін мақсатты түрде жалғасын таба бермекші.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

 «Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.