Алтын ұяға – айрықша назар

Нұрдос КӘРІМ,

Ortalyq Qazaqstan                                                    

Биыл Балқаш қаласындағы мектептердің қашықтықтан оқытуға көшуіне және балабақшалардың уақытша қызметін тоқтатуына байланысты аталған нысандардағы жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын басталды. Қазіргі таңда 18 білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жуырда қала әкімі Ораз Тәуірбеков жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірнеше мектеп пен балабақшаны аралады. Жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

– Биыл №9 мектепте электр жүйесі ауыстырылады, қасбеті жаңартылады. «Күншуақ» балабақшасында терезелер жаңаланады. «Таңшолпан» балабақшасының асханасы жөнделеді. Басқа оқу орындарында жылу жүйесін және еденін ауыстыру, қасбеттерін қалпына келтіру сынды жұмыстар жүргізіледі. Барлық жұмыстарды 30 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. «Жасқанат» лагерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 15 маусымға дейін әрлеу, электр жүйесін, шатырын ауыстыру, жуыну бөлмесін жаңарту, жатақхана қасбеттерін жөндеу, абаттандыру жұмыстары аяқталады. Балаларды күрделі жөндеуден өткен лагерьде қарсы алмақпыз. Мердігерлер жұмысы бақылауға алынды, – дейді шаһар басшысы.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысып шыққан әкім бір аптадан соң мекемелерді қайта аралап, тексеретінін ескертті. Айта кетейік, биылға білім беру жүйесіндегі шараларға жергілікті бюджеттен 6,2 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде, материалдық-техникалық базаны нығайтуға – 207,4 млн. теңге, жөндеу жұмыстарына – 466,8 млн. теңге қарастырылған.

БАЛҚАШ қаласы.