Алғаны алғыс қашанда

Таяуда Осакаров ауданындағы Сұңқар ауылына жолым түсті. Тостақанға құйған астай, шағын жинақы ауыл екен. Ауласына тал-терек егілген ақ шаңқан үйлер, есік алдында қаңтарулы тұрған түрлі маркадағы жеңіл көліктер ауыл тұрғындарының талғамы мен тұрмыс дәрежесін аңғартқандай. Өзге ауылдардағыдай есік-терезесі аңғал-саңғал болып тұрған ғимараттар көзге шалынбайды. Көшелердің ой-шұңқырына құм төгіліп, тегістелген.

Арнайы ат басын тіреп барған адамым «Жұмаділ» шаруа қожалығының жетекшісі Қани Жұмаділов ақсақал еді. Амандық-саулықтан кейін:

Қанеке, ауылдарыңыздың көркі көз тартарлықтай екен, – дедім ризашылығымды жасыра алмай.

Е, мұның бәрі ауыл әкімі Қарлығаш Сапарқызы Махметованың еңбегі ғой, – деп бастаған әңгімесін Қанекең одан әрі сабақтады.

Мен осы ауылға көшіп келіп, шаруа қожалығын ұйымдастырғаныма он бес жылдай болды. Осы уақыт ішінде ауылда бес әкім ауысты. Ешқайсы халық үшін саусақтарын қимылдатпай, мезігілімен жалақыларын алды да жайларына кетті. Қарлығаш әкім болып тағайындалғалы көзіміз ашылды. Келген бойда үй-үйді аралап, отбастарының жағдайымен танысты. Азаматтардың айтқан ұсыныс-пікірлерін ойына түйді. Ауылдың үлкендерімен алдағы уақытта атқарылар жұмыс жоспарын талқылады. Ауылда жекеменшік көлік көп. Сондықтан, бірінші кезекте көшеаралық жолдарды ретке келтіруді қолға алды. Осы жұмысқа ауыл тұрғындарын жұмылдырады.

Аула тазалығын үнемі бақылауында ұстайды. Қыс қарсаңында әрбір отбасының жеткілікті мөлшерде отын-сумен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Қажеті болып жатса, бұл іске шаруа қожалықтарын жұмылдырады. Округ бойынша 14 шаруа қожалығы бар. Олардың жетекшілерімен тығыз байланыста. Ауыл әкімімен учаскелік инспектордың бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде ауылдағы ұрлық-қарлық тиылды. Күн сайын екі-үш үйір жылқы, екі табын ірі қара өріске шығады. Жайылымдары белгіленген. Бақташылар бар.

Былтыр Қарттар күнінде арнайы жылқы сойғызып, ауылдағы қарияларға арнап дастарқан жайды, сый-сияпат жасады. Мұндай қошеметтен Қоянды, Сельстрой бөлімшелерінің ардагерлері де шет қалған жоқ. Ауыл әкімі тарапынан өткізілген мұндай шараны алғаш көрген тұрғындар Қарлығашқа алғыстарын білдіріп жатты. Орыс мектебі бар. Кейінгі жылдары жергілікті ұлт өкілдері көбейіп келеді. Осыған орай ауыл ақсақалдарының «Алдағы уақытта бастауыш қазақ сыныбы ашылса» деген тілектері бар.

Мәдениет үйі істеп тұр. Меңгерушісі – Роза Черкасина. Айтулы оқиғаларға байланысты мәдени шаралар өз деңгейінде өткізіліп тұрады.

Амбулатория жедел жәрдем машинасы бар. Тұрғындардың денсаулығы учаскелік дәрігер Василий Батишевтің бақылауында. Ауылдағы мал дәрігері түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпе жұмыстарын белгіленген кесте бойынша жүргізіп отырады.

Ауылымыз жылдан жылға көркейіп келеді. Көшіп жатқан ел жоқ. Қайта көшіп келушілер қатары көп.

Бүгінде Қарлығаш Сапарқызы көшелерге жарық тартқызу қамымен жүр. Әрине, бұл шаруа жалғыз ауыл әкімінің қолынан келмейді. Бірақ, аудандағы, облыстағы мекемелерге барып, бұл жұмыстың соңына түсетін бір адам керек қой. Биыл жыл аяғына дейін ауыл көшелеріне жарық тартылатынына сенеміз. Өйткені, Қарлығаштың қолға алған ісін аяқсыз қалдырмайтынына көзіміз жеткен.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.