АймақОсакаров

Кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік

Осакаров ауданында жастардың кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған жыл сайынғы гранттар мен «Жас Сұңқар» сыйлығы иелерін тапты. Марапаттау алдында аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде өңірдің жас кәсіпкерлерінің өнімдері қойылған көрме ұйымдастырылды. Арасында өз ісін ашуға грант алғандар да бар.

Биыл арнайы комиссия түс­кен өтінімдерден 13 жұмысты ірік­теп алған. Нәтижесінде, олар­дың сегізі 500 мыңнан 2 млн. теңгеге дейін мемлекеттік қол­дауға ие болды.

Жас кәсіпкерлердің бизнес жоспарында наубайхана мен жаңа тамақтану орнын, телефон жөндеу шеберханасын ашу, шаштараз, полиграфиялық және басқа да қызметтер көрсету жобалары бар.

Грант иегерлері арасында Молодежный кентінің 27 жас­тағы тұрғыны Татьяна Комар да болды.

– Бұл грант маған қазір жұмыс істеп тұрған бизнесімді кеңейтуге қажет болды. Менде кинокафе мен би студиясы бар. Тағы да жылдам тамақ сатуды қолға алдым. Ауылда бәсекелес­тер бар, бірақ, көп емес. Мемлекеттен 1 млн. теңге алдым, жабдық сатып алуды жоспарлап отырмын. Әрине, өз қаражатымды да саламын. Гранттар – бұл қазіргі және жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін үлкен көмек әрі мүмкіндік, – дейді Татьяна.

Аудан әкімінің «Жас Сұңқар» сыйлығы 12 номинация бойынша жемісті ғылыми, шығармашылық, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін көтермелеу мақсатында берілді. Номинанттар мен жеңімпаздар арасында жас педагогтер, медицина қызметкерлері, спортшылар, полиция қызметкерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер, жұмысшылар, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер мен мектеп оқушылары бар.

«Жылдың жас көшбасшысы» номинациясы Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың IV курс студенті Мұхамедали Боранбайға бұйырды. Ол бұған дейін бірнеше марапат пен сыйлық алған. Соның ішінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты да бар.

– Төрт жылдан бері еріктімін. Адамдарға көмектесу, маңайыма үлгі болу ұнайды. Университеттің қоғамдық өміріне де қатысамын. Меніңше, әркім белсенді азаматтық ұстанымға ие болуы керек. Бұл сыйлық – алға жылжуға, тоқтап қалмауға, жаңа биіктерге жетуге деген ынтамды оятты, – дейді Мұхамедали ­Боранбай.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button