Аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Ұлы Жеңістің 75 – жылдығына орай, «Соғыс жылдарындағы Орталық Қазақстан» тақырыбындағы аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн форматта өтті.  Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бірлесе ұйымдастырған.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Нұрсахан Бейсенбекова тізгіндеген шара өте тартымды әрі тың деректерге толы болды. Спикерлер нақты мысалдарға толы баяндамалар жасады. Олардың тұщымды әңгімелері түрлі тақырыптарды қамтыды.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қымбат Абдрахманова соғыс жылдарындағы Орталық Қазақстанның өндірісіне тоқталды. Оның айтуынша, жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды майданның қуатты арсеналы болған. Үздіксіз көмірмен, азық-түлікпен, киіммен, ақшалай қаражатпен майдан мен тылмен жабдықтапты. «Яғни, қуатты тыл базасына айналды. Облыс аумағына А.Пархоменко атындағы Ворошиловград зауыты, С.Орджоникидзе атындағы Колчугин түсті металдарды өңдеу зауыты, Артемовка аяқ киім фабрикасы, Астрахан кондитерлік фабрикасы және басқа да ірі өнеркәсіп орындары көшірілді. Сондай-ақ, жұмысшылар мен көмір өнеркәсібінің білікті инженерлерін көшірудің ірі ағымы жүзеге асырылды. Көмір өндіру көлемі артты. Төрт жылда 46,1 млн.тонна өндірілді. Облыс аумағында 6 эвакогоспиталь орналастырылды. Облыстың еңбекшілері қорғаныс қорына 52 млн. рубль салды» – деді ол.

Айтыс өнері және ұлттық рух тақырыбында сөз өрбіткен «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, жеңіліп бара жатқан отандастарымыздың айтыс сияқты халық даналығының арқасында рухы қайта оянып, неміс басқыншыларына жойқын соққылар жасағанын тілге тиек етті.

Соғыс жылдарындағы қиындықтар – елдің рухын сындыра алмады. Керісінше, намысын жанып, Жеңісті жақындатуға үлес қосқанына осы жиын тағы бір рет көз жеткізді.

Жәлел ШАЛҚАР.