Поэзия

Қайғыға орап…

Қайғыға орап кешегі қамсыз ұлды,

Көкжиектен рауандап таң сызылды.

Қоштасарда, қия алмай қиылғанда,

Қос мойылдан мөп-мөлдір тамшы үзілді.

 

Күлкің сенің күйретіп күйрек мұңды,

 Керемет шақ кеудеме күй боп кірді.

 Көз алдымда дүние шыр айналып,

Жұлдызды аспан, жұмыр жер билеп тұрды.

 

Егіз жүрек қия алмай еркесін Ай,

Түн арудың сырылды көрпесі жай.

Саған жетер сапардың ұзақтығы-ай,

Саған жеткен түнімнің келтесін-ай.

 

Жаздың таңы қысқа әттең, көңілде алаң,

 Аңсау, күту сыйлайды өмірге мән.

Қимастықтың ең тәтті сазы шығар,

 Боталаған көзіңнен төгілген ән.

 

Зілмауыр мұң жаныштап мүлде еңсені,

 Сонда қалды жанымның бір бөлшегі.

Ақбоз үйді кетті екен қалай қиып,

 Таң асырып торыны мінген сері?!

 

Бүлдірген сай соңымда бөктерім қап,

 Әуре болдым қолымды текке бұлғап.

 Мен сонда да сол таңға өкпелі емен,

 Бақытымды байқатпай кеткен ұрлап.

Қайрат АСҚАР

Басқа материалдар

Back to top button