Жаңаарқа

Аграрлық сала – мамандар талқысында

Ауылшаруашылығы – ел экономикасын­дағы жетекші салалардың бірі. Азықтүлік қоры мен жеңіл өнеркәсіптің негізгі базасы болып табылатын ауылшаруашылығын заманауи өндірістік озық технологиялар жетістіктерін қолдана отырып дамыту – ауқымды мәселе. Сол арқылы ауылшаруашылығы тауарларының импортын барынша азайтып, экспорттық көлемін ұлғайту, әлемдік стандарттарға сай, нарықтық эко­номикада бәсекелістікке қабілетті тауар өндіру – экономикалық саясаттағы ең көкейтесті, шешімі кезек күттірмейтін іс.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауларында ауылшаруашылығы экономиканың драйвері болу керек екенін және өркендетудің тиімді жолдарын айтады. Нақтыласақ, ауыл шаруашылығы мамандарын да­­­йындау үшін жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын заманауи талапқа сай қайта жабдықтауды, тегін білім беруді міндеттеді.

Ауылшаруашылығына қажетті мамандар аграрлық колледждерде дайындалады. Колледж түлектерінің білімі мен біліктілігі, олардың нарықтық экономиканың сұранысына қабілеттілігі оқу-тәрбие сапасына тікелей байланысты. Осы орайда, кәсіптік-техникалық оқу орындары заман талабының үрдісіне сәйкес үнемі дамып отыруға мүдделі. Бұл мақсатты жүзеге асыруда кәсіптіктехникалық оқу орындарының өзара әдістемелік байланыстары мен тәжірибе алмасуларының атқаратын рөлі – ерекше.

 Жақында Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледжде колледж директоры Гүлнәра Әділханованың ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы бағытындағы облыстық әдістемелік бірлестіктің отырысы болды. Онда өңірлерден келген оқытушылар өз тәжірибелерімен бөлісті, пікір алмасты.

Ғ.Жарылғапов атындағы аграрлық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы А.Имангазиева «Ауылшаруашылық өндірісі саласына мамандарды дайындаудың өзекті мәселелері», Ақтоғай аграрлықтехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы А.Байтөкешов «Ауылшаруашылық мамандарын даярлаудағы арнайы пәндерді оқытудың тиімді технологиялары және туындайтын негізгі мәселелер», Шет аграрлық колледжі өн­дірістік оқыту шебері Қ.Қалижан «Ауылда студенттер практикасын ұйымдастыру мәселелері, қиын­дықтары және оларды шешу жолдары», Қарсақбай агротехникалық колледжі оқытушысы Ж.Сағымбаев «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылығы колледжі өндірістік оқыту шебері С.Мұздыбаев «Фермерлік шаруашылық» мамандығының тракторшы және КАТ маркалы арнайы техника жүргізушісі біліктілігі бойынша қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру» тақырыптарында баяндама жасады. Баяндамалар талқыланып, педагогтер ойларын ортаға салды.

Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Е.Үмбетжановтың «Жылжымалы қосылыстардың нұсқау картасы» тақырыбына, осы колледждің КММ өндірістік оқыту шебері Б.Игембеков пен нұсқаушы Т.Тілеубаевтардың «Автомобиль және Т-40 тракторын автодромда жүргізу» тақырыбына өткізген шеберлік сабақтары да өте тартымды өтті.

Облыстық әдістемелік бірлестік отырысына қатысушылар Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледждің материалдық-техникалық базасымен, пән кабинеттерімен, мұражайымен танысып, Атасу кентінің мұражайын аралады.

Қалкен Смайыл,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button