Жаңалықтар

Адамзатқа ортақ той

БҰҰ Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта азияда және Таяу шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын мәлімдеп, 21 наурызды «халықаралық наурыз күні» деп бекіткен болатын. Қар көбесі сөгіліп, күн мен түн теңелетін, ең бастысы мейірім мен қайырымдылықты ту еткен мейрамды әр ел әртүрлі тойлайды екен. Көршілес қырғыз, өзбек ағайындарды айтпағанда, оннан астам мемлекет пен Еуропа елдеріндегі қазақ диаспоралары кең көлемде атап өтеді.

Еуропа

Кейінгі жылдары Еуропаның бірқатар елдері де Наурыз мерекесін кеңінен атап өтуде. Мәселен, былтырғы жылғы Наурыз мейрамы Польшаның Краков қаласында өтті. Мерекені тойлауға сол елдегі қазақ диаспорасымен қатар, барлық түркітілдес ұлттардың өкілдері белсенді қатысады. Еуропалықтарға Наурыз туралы ақпарат беріп, ұлттық тағам түрлерін, киімдер, әшекейлер мен салт-дәстүрлерді насихаттайды. Аустрия, Литва, Чехия елдеріндегі қазақстандықтар да мерекеге атсалысады. Франциядағы қандастар Парижегі атақты Лувр мұражайының алдына киіз үй тігіп тойлапты былтыр. Ал, Германиядағы мереке биыл Гамбург қаласында 22 наурыз күні өтпек.

Әзірбайжан

Новруз байрамын тойлау Әзірбайжанда 20 наурыздан басталады. Көшелерде шығыс базары ашылып, қолөнер бұйымдары саудаланады. Жеті түрлі дәмнен жасалатын «йеди-левин» тағамы жасалады. Келген меймандарға ай, жұлдыз және күн белгісіне теңейтін шекербура, пахлава, гогал тағамдарын ұсынады. Ежелден келе жатқан ұғым бойынша көктеген бидай табиғаттың көктемдегі ояну белгісі болып есептеледі.

Дастарқанға айна, балауыз және боялған жұмыртқа міндетті түрде қойылады. Әзірбайжан халқының ежелден келе жатқан аңызы бойынша жер үлкен өгіздің мүйізінің үстінде тұр. Жаңа жыл кіргенде бұқа жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырады. Дәл сол кезде жер қозғалып, жаңа жыл да кіреді екен. Міне, сол жердің қозғалған сәтін жіберіп алмау үшін айнаның үстіне боялған жұмыртқаны қояды. Жұмыртқа орнынан сәл қозғалса немесе қимылдаса – Жаңа жыл кіргенін білдіретін болған.

Иран

Ирандықтар көктем мерекесін «Жаңа жыл мерекесі» деп атап, 13 күн бойы үздіксіз тойлайды. Оның алғашқы бес күнінде алыс-жақындардың үйіне қонаққа барып, қыдырады, ал, тоғызыншы күнін Шахрйаран Навруз (шах Навруз) ретінде тойлайды. Соңғы он үшінші күн Сизда‑бедар («Он үшіншісі үйден тыс») ретінде атап өтеді. Ескі жылдың соңғы сәрсенбісінде от жағып, «бәле-жала шаңырағымнан, ауру-дерт бойымнан кетсін» деп оттың үстінен секіреді. Ерлері қызыл түсті киім киіп, беттерін қара күйе немесе қара бояумен бояп, қала көшелерін серуендейді. Мереке күні әулеттің үлкендері кішілерге күміс не алтын тиын-тебен береді. Бұл рәсім «аиди» деп аталады. Мерекелік дастарқанға «хафт-син», яғни, «с» әрпінен басталатын 7 түрлі тағам қойылады.

Интернет мәліметтері бойынша әзірлеген Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button