Абайдағы айрықша істер

Кеше Абай қаласында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені ашылды. Мұнда бір күнде екі ауысыммен 600-ге жуық адам бірнеше секцияларда жаттыға алады. Екі қабаттан тұратын ғимаратта 320 жанкүйерге арналған зал, волейбол, баскетбол, қол добы сынды спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары мен күрес, бокс секциялары заманауи үлгіде жабдықталған. Білікті 20 жаттықтырушы жұмысқа тартылған.

Салтанатты шараға облыс әкімі Ерлан Қошанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Дмитрий Карпов, Абай ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген бапкері Андрей Райш, Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Әлемнің екі дүркін чемпионы, боксшы Серік Сәпиев қатысты.

Құны 378 млн. теңге, аумағы 1637 мың шаршы метр болатын кешен Тұңғыш Президенттің бұқаралық спортты дамыту мақсатында елімізде спорт орталықтар салу тапсырмасы бойынша іске қосылып отыр.

Облыс әкімі абайлықтарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

 – Мен әрқашан Абай қаласына ерекше қуанышпен келемін. Қала мен аудан барлық бағыт бойынша жақсы дамып келе жатыр. Мұнда спорт мақтаныштары көп. Қасымда тұрған Серіктей батырлары бар. Серік сияқты талай спортшылардың түлейтіндігіне сенімдімін. Сондықтан, бұл жерде жастардың спортпен айналысуына жағдай жасап жатырмыз. Былтыр абайлықтарға бассейн салып бердік. Міне, биыл спорт ғимаратын ашып жатырмыз. Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев спортпен шұғылданғанда мұндай ғимараттың болмағандығы белгілі. Біз сіздердің орталарыңыздан болашақ спорт жұлдыздарын күтеміз. Бұл спорт сарайы абайлықтардың бұқаралық спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкіміне ризашылығын жеткізген Серік Сәпиев: «абайлықтар бұл күнді асыға күткен-тін. Шағын ғана бөлмеде жаттығып, үлкен спортшы болуды армандайтын балғын жастарға үлкен тарту болды. Абай қаласының тарихында болмаған жетістік. Бұл – ел дамуының жарқын көрінісі. Мен туған қаламның халқының атынан алғыс білдіремін. Міне, мына спорт кешені бұдан былай жастардың, үлкендердің игілігіне айналады», – деді.

Сондай-ақ, жас спортшылар спорт түрлерінен көрсетілімдер ұсынып, оқушылар флешмоб ұйымдастырды.

 

Сонымен қатар, осы күні Абай қалалық сотында өңірдегі тұңғыш мамандандырылған фронт-кеңсе келушілерге есік ашты. Аталмыш шараға арнайы қатысқан облыс әкімі жаңа кеңсенің ісіне сәттілік тіледі.

Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріповтің айтуынша, фронт-кеңседе қажетті құқықтық кеңестер алуға және даулы жайттарды медиаторлардың көмегімен шешуге болады. Халыққа қызмет көрсетудің заманауи стандарттары ескерілген. Азаматтарға қызмет көрсетудің тосқауылсыз қағидатына көше отырып, фронт-кеңсе жайлы жиһазбен, ұйымдық техникамен, сот отырыстарының кестесі және талап арыздары және басқа да арыздардың үлгілері ілінген стендтермен жабдықталған. Оның ішінде, интернетті пайдалану мүмкіндігі берілген. Мұнда ақпараттық орталық, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы, күту залы, медиатор мен адвокаттың кабинеттері орналасқан.

 – Сот қызметі кез келген мемлекеттік орган сияқты, халықтың нақты сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған. Мұны ашық, тез және сапалы жасау өте маңызды. Адам аз уақыт жұмсап, барынша нәтиже алуы керек. Бүгінгі таңда халықтың сотқа деген сенім деңгейі осыған байланысты. Біз осымен облыс бойынша бесінші фронт-кеңсесін ашып отырмыз. Жыл соңына дейін 10 фронт-кеңсе ашып, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға әзірміз, – деді Нұрсерік Шәріпов.

Нұрдос КӘРІМ