Тұлға

Ақылбайдың әні

    Белгілі қаламгер Марал Хасеновтің дүниеден озғанына да жыл толып қалыпты. «Орталық Қазақстан» газетінің тарихында өзіндік орны бар тұлғаның артында мол мұра қалды. Оған бүгінде ағамыздың асыл жары Рымбала апай бас ие болып отыр. Соның жемісіндей, Мәкеңнің өзі бастап, бірақ аяқтай алмай кеткен «Ескенеден шыққан елге танымал Ана», сондай-ақ, «Телегей теңіз Марал едің…» атты кітаптары жарық көрді. Алғашқы жинақ Марал ағаның анасы, Жаңаарқа ауданы бойынша қазақ әйелдері арасында белсенділік танытып, Қазақ ССР-ның алғашқы шақырылған Жоғары Кеңесіне тұңғыш сайланған депутат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әлкен Оспанова жайлы болса, екінші кітап М.Хасеновтің өзі туралы жазбалардан, естелік-эсселерден түзілген. Ол кітаптар жөнінде кезінде арнайы жазылғаны белгілі. Біз бүгін қарымды қаламгердің жарқын бейнесін еске ала отырып, сол жинаққа енген жазушының рухани інісі Жомарт Оспанның естелігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Барлық болмысымен, ақыл-санасымен, жан қуатымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аймақтағы қазақ көсемсөзінің қайта түлеуіне, ұлттық журналистиканың жаңа арнамен дамуына аса зор қызмет еткен қарымды да қара­көк қаламгер Марал Хасенов жаны таза, көңілі дархан, тамырын тереңге тартқан тұлға еді. Ол өзі­нің қасаңдау көрінетін қасиеттерімен, шырмауықтай ширатыла өрілген өзіндік ойлау жүйесімен, санасының сергек, жан-жақтылығымен әуел бастан серке болуға, ерке болуға жаратылған жан болатын. Қым-қуыт тіршіліктің қат-қабат құбылыстарын көңіл көзімен көріп, танып, шым-шымдай шыжымдап әуелі жүрегіне, содан кейін қағазға түсіретін бейнетті кәсіп – қаламгерлікті өмірлік мамандық етіп таңдауының бір сыры да осы болса керек.

Қалам ұстаған жандардың бәріне тән үрдіс – ол кісінің атын ең алдымен мерзімді басылым беттерінен танып білдік. Еңбек жолын Жаңаарқа аудандық газетінде, баспаханасында бастаған. Мектепті алтын медальға бітірген арманшыл жас жоғары білімді сонау алыс Мәскеуде алғысы келген екен. Оған отбасылық жағдайы, күрмеуге келмес қысқа тіршілік мүмкіндік бермепті. Ол жөнінде әредік сараң сөз етіп қоюшы еді. Содан бірден еңбекке араласқан. Талапты да талантты жігіт қолға алған істі дөңгелетіп алып кеткен. Үздіксіз өсу, өрлеу жолына түскен. Біз білгенде Марал аға Ақадыр аудандық газетінің редакторы еді. Облыстық «Жезқазған туы» газетінде, ара-арасында республикалық басылымдарда түрлі тақырыптардағы, сала құлаш мақала, материалдары үздіксіз жарияланып жататын. Енді ғана хат-хабар жазып, өлеңсымақ «тақпақтар» түртіп, солардың аудандық, облыстық газеттерде жарық көргеніне төбеміз көкке жеткендей болып, өз-өзімізге сыймай жүретін ауылдағы жас тілші, біздер үшін ол дүниелер қолдан келмес толағай туындылар сияқты сезілуші еді.

Марал ағаны алғаш жақын көргенім де жақсы есімде. Өткен ғасырдың 80-жылдары аудандық «Жаңаарқа» газетінің бір мерейтойы бола қалып, студент біздерді де шақырыпты. Салтанатты жиында Марал аға төралқада отырды. Кезегімен сөз алып, бүкіл баспа атаулының бастау көзі сияқты аудандық газеттердің маңызы, бұқара қауым арасындағы беделі жөнінде жылы әңгімелеп берді. Өзі әріп теруші болып еңбек жолын бастаған «Жаңаарқа» газетінің тарихынан қысқа-нұсқа тәмсілдер келтірді. Әріптестеріне қатысты әдемі әзіл-қалжыңды да ұмытпады. Ол барыста біз әрине, Марал ағамен жүзбе жүз кездесе алмадық. Тек сырттай біліп, сүйсініп қана аттанып кеттік.

Кейінде ағамызбен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жолымыз түйісті. Ол кезде «Орталықтың» азуын айға білеп тұрған айбынды шағы. Мен мұнда жұмысқа 1991 жылдың тамыз бүлігінен соң батыр редактор Н.Оразбековтің белгілі ерлігі арқасында атағы аспандап кеткен 1992 жылдың басында қабылдандым. Редактор – жібек мінезді, жайсаң көңілді Рымқұл Сүлейменов аға, жауапты хатшы – алдында ғана ел газеті «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп, Шерағаңның (Шерхан Мұртаза) қарамағында шеберлік шыңдап келген Мағауия Сембай, редакцияда Р.Сағымбеков, Т.Әбуғалиев, Б.Мұстафин, Т.Шайхин, т.б. сынды ардагерлер, М.Хасенов, С.Жүнісов, С.Сексенов, С.Жанысбай, Т.Байтұрсын, Е.Имаш, Т.Ермекбаев, т.б. сын­ды тіс қаққан журналистер еңбек етеді. Жас­тық желігі басылмаған жас жігіт, мен әуеліде бір конвейерге түсіп кеткендей күй кештім. Дегенмен, қамқор ағалардың аялы алақандарының арқасында жылдам ес жидым. Күнбе күн, аптасына бес рет шығатын газет жұмысына ысылып, әсіресе редакцияның «кухнясы» (асхана деген аударма бұл ретте келіңкіремейтін сияқты), штабы саналатын хатшылық жұмысын шебер меңгеріп алдым. Айбынды ағаларымның шапағат шуағына бөлендім, ықыласына ие болдым. Бір сөзбен, «Орталық Қазақстан» менің үлкен өмір мектебіме айналды. Сол мектептің жемісін әлі күнге көріп келе жатқанымды әркез ілтипатпен айтып жүремін.

Міне, осы кезеңде Марал ағаның қалам­герлік шын шеберлігін танып білдім, кәсіптік қабілетіне тәнті болдым. Өзінің ыңғайына, жүрек қалауына орай «Жұмыр жер» атты арнаулы бетті, «Саяси күнделік», «Бір сөзім бар…» сияқты авторлық айдарларды тұрақты жүргізді. «Жұмыр жерде» әлемге әйгілі саясаткерлер жөнінде тың деректер беріліп тұратын, төрткүл дүние төріндегі түрлі оқиғалар төңірегіндегі жаңалықтар жазылатын. «Саяси күнделік» – сол тұста әлемді дендеген саяси сапырылыстарға жедел үн қату еді. Кеше кешкілік болған оқиғаны ертеңгілік газетке бар бояуымен, терең талдауы, ой түйінімен жариялап жіберетін. Бесаспап маман бір тақырыппен шектеліп қалмай, газеттің барлық жанрларында еркін қалам сілтейтін. Ой-толғау, талдау, репортаж, сұхбат дейсіз бе – ол кісіге оң-солы бәрібір болатын. Терең таным-білімінің арқасында өмірдің өзіндей қарапайым тіршіліктен үлкен ой қорыта білетін. Оның қаламынан шыққан ірілі-ұсақты дүниелер қашанда жан түкпіріндегі иірімдерді қозғайтын.

Ол кезде бүгінгідей дүңгіршіктерді басып жатқан басылымдар, 70-80 арналық теледидар, ғаламтор, әлеуметтік желілер деген жоқ, оқырмандардың осындай дүниелер­ге ықыласы ерекше болатын. Сол орайда М.Ха­сенов есімі көзі қарақты бұқара қауымға кеңінен танылды. Мәкеңнің адамшылық абзалдығы, мол ауқымды журналистік шеберлігі, қаламгерлігінің қырлары, т.б. жайында жазатын адамдар көп болар. Мен өзім сөзсіз мойындаған, қол қойған жеке қасиеттері жөнінде ғана айта кетсем бе деймін.

Марал аға, ең алдымен, телегей теңіз білім иесі еді. Көп, тым көп оқыған. Ертеректе текшелеп кітап жинау деген бір мәртебе болатын. Ол кісінің үйіндегі кітап қоры бес мыңнан асады деп естиміз. Және соның барлығын сән үшін жинамаған, санасына сіңірген, қилы ілім-білімді бойына молынан дарытқан. Сол зият білімдарлығы ағамыздың кісілік келбетінен мен мұндалап, өз-өзінен көрініп тұратын.

Екінші бір қыры – әмбебап аударма­шылығы. Екі тілге бірдей жүйрік – қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға іркілмей, жеңіл аудара береді. Сол шеберлігінің арқасында анау-мынау кезекті, күнделікті аудармалар былай тұрыпты ғой, кесек-кесек көркем дүниелерді сәтімен тәржімалады. Олардың алды республикалық беделді баспалардан басылып шықты, оқырман олжасына айналды. Тегінде орысшадан қазақшаға аударатын адамдар жетіп артылады, ал қазақшадан орысшаға сонша дәлдікпен, шебер аударатын аудармашылар қазірде қаламызда саусақпен санап аларлықтай ғана, тіпті жоқ шығар-ау…

Үшінші бір қыры – қазақы қалжыңға, ауыз екі әңгімеге шеберлігі еді. Халқымыздың арғы-бергі тарихына қатысты, ұлтымыздың ұлы тұлғалары, белгілі азаматтары турасындағы қилы қиямет, түрлі, тіпті, қызғылықты, күлкілі әңгімелерді көп білетін, әрі майын тамызып айта білетін, жалықтырмайтын. Сол себепті де ағаның төңірегін көп айналсоқтайтынбыз.

Төртінші бір қыры – әдебиет өз алдына ғой, өнер атаулының барлығына дерлік жақындығы, бейімділігі, зейінділігі болатын. Осы тұрғыда көп оқығандығының, жан-жақтылығының тағы бір көрінісі – қала ішінде болып жататын, көпшілік бара бермейтін түрлі классикалық көркем кештер, симфониялық, үрмелі аспаптар оркестрлерінің концерттерінен қалмайтын. Алған әсерін әдемі әңгімелеп отыратын. Орындалған симфония, кантата, опус, олардың авторлары, оркестр мүшелерінің шеберлігі – бәрі-бәрі талғампаз жанның назарынан тыс қалмайтын. Өзі де өнерден қара жаяу емес. Анау айтқандай әнші болмаса да, редакциядағы отырыстарда әуелетіп ән шырқап жіберетін әдеті бар-ды. Және де айтатыны бір ән – «Ақылбайдың әні». Осынау жоғары диапазонды қажет ететін әнді ден қойып, аса шеберлікпен орындап беретін.

Зиялы адамдарға тән бір қасиет – Марал аға атақ-дәреже дегенге сонша құштар болмады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі сыйлық, жүлде, атақ, белгілерді әлдекімдер реті келсін-келмесін «коллекция» жасап, жинап жүргенде, Мәкең соның біреуін де алмады, ұмтылмады да. Әйтпесе, сол Мәдениет қайраткері де, түрлі «Тұлпар», «Сұңқарың» да Марал ағаның «шікірасына» татымайтын дүниелер еді.

Есесіне, 70 жастан енді асқан шағында желкенін жыққан жайсаң азаматтың жақсы аты қалды. Жақсының ісі де, ізгілігі де жұртымен жасай береді солай. Ізін басқан іні буынға қайыр-құр­метін көзі­мізбен көріп, басымыздан кештік. Елдік мүддеге келгенде, азаматтық ұстаным сөз болғанда ешқайда мойын бұрмайтын бірбеткей, қарағайға қарсы біткен бұтақтай болмыс-бітімі – бәрімізге баянды өнеге, талай-талай татымды туындыларды бүгініміз бен болашағымызға жаратқан көпшілік қолды еңбек­тері – баршамызға берекелі өріс. Артында қалған асыл мұрасына аяулы жары, бүкіл жазған-сызғандарының алғашқы оқырманы, айнымас хатшысы – Рымкеш тәтеміз, алтын асықтай балалары көзайым болады деп білеміз. Балалары демекші, соларға қаратып, «бәрі өзіме тартқан максималистер шетінен, бар болғырлар» деп, сырттарынан «байланысып» отырушы еді. Енді соларға ғұмыр берсін, жақсы әкенің жалғасы болсын деп тілейміз.

Асыл ағамыздың топырағы торқа болып, пейіште нұ­ры шалқысын! Әзиз рухына арналған әрбір дұғаның әркез ішіндеміз.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button