Баған

Еркелеу – есіру емес

Ол кезде сөздің түп-төркінін түсіне бермейтін оқушы едік. Үйге берілген тапсырманы орындамай, сөз естіп жатамыз. Тапсырманы орындауға ерінеміз бе, қайдам… Тіпті, сабаққа сәл ертерек келіп көшіріп алатын да уақыттар болды. Кейбір ұстаздарымыз ештеңе айтпастан журналға «екі» деген бағаны қонжитатын. Орнымыздан тұрып сөз естігенше, жай ғана екімізді алып отыра берген әлдеқайда жақсы секілді сезілетін.

Бір күні мынадай қызық оқиға орын алды. Мектепке алгебра пәнінен үйге берілген тапсырманы орындамай барып едім. Ертерек барып, басқалардан көшіріп аламын деген арам ойым да бар. Әне-міне дегенше, қоңырау соғылып, әлгі тапсырма есімнен шығып кетпесі бар ма?! Ұстазымыз сыныпқа кірген бойда, үй тапсырмасын сұрауға көшті. Көңіл-күйі көтеріңкі екені байқалды. Бүгінгі сабақ – қайталау жұмыстары екен. Үйге берілген тапсырма есіме сонда түсті. Ал, менен сұрап қалса не істеймін?! Қасымдағылардан көшірейін десем, үлгере алмайтыным анық. Енді менен сұрап қалмасын деген оймен, алдымда отырған оқушының артына бұғыңқырап, көзге түспей отырдым. Кенет менің есімім аталды. Маған дейінгі аты аталған балалардың біразында тапсырма жоқ екен. Енді қандай сылтау айтарымды білмей, ақырын орнымнан тұрдым. Тапсырманы орындамағанымды айттым. Мұғалім қолындағы қаламын ақырын үстелдің үстіне қойып, баппен сөйлей жөнелді.

«Білім – сендердің ертеңгі жейтін нандарың. Мен үшін емес, өздерің үшін оқыңдар. Сендердің бүгінгі мына істегендеріңді, еркеліктерің деп қабылдайын. Алайда, еркелеу бар, есіру бар. Екеуінің орнын шатастырып алмасаңдар болғаны» – деді.

Ұстазымның осы сөзі менің жадымда мәңгілікке жатталып қалды. Оқушы кезім келмеске кеткелі қашан?! Бір ауыз сөзімен өмірімізге азық болар жүк арқалатқан мұғалімімізді де күнде есімізге ала бермейміз. Бұл күні мұғалімнің еңбегі арқылы өмірден өз ырзықнесібемізді теріп жүрміз. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деген халық даналығы еске түседі.

Мәселен, Абылай хан өзін ұлы билердің, Шәкәрім мен сол замандағы көптеген дарын иелері өздерін Абайдың шәкірттеріміз деген. Шыңғыс Айтматов: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі қасиетім бар. Бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезов» деген екен. Бұл – шәкірттің ұстазға деген адалдығын танытатын жайт.

Қазіргі қоғам осындай ұлағатты ұстаздарға зәру. Білім саласының қызметкерлеріне құрмет көрсеткен сайын, ұстаздардың да қоғам алдындағы жауапкершілігі арта беретіні сөзсіз.

Бәлкім, сонда жалпы қоғам ұстаз алдындағы парызын сезінер. «Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуды үйреткен, көңіліміздің күйін ата-анамыздан да артық білетін мұғалімдерге еркелеп жүрген қоғам есіріп кеткен жоқ па?» деген ой келеді, кейде…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
газетінің тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button