Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Балдаққа сүйенген ғұмыр

Жездем Бәйбек ШАДИН қан майданнан мүгедек боп оралды. Жан жарасына енді тән жарасы қосылған еді. Ғажап азамат болатын. Балдақпен жүрсе де, бойын тік ұстайтын, айтқанын орындататын ер мінезділігін айтсаңызшы… Кейде «Адамнан мықты ештеңе жоқ. Жан төзгісіз қанды майдан салған жарақат жүректе қалады екен…» деп қалың ойға беріліп, тұнжырап отыратын. Бір де бір фотосы жоқ. Түспеген. «Біз көрген қиын күндерді балаларымның басына бермесін» деп, сандықтағы төлқұжат, әскери билет, басқа да құжаттарды түгел отқа салып жібергенін Сара әпкем айтып отыратын…

Содан бері оның балалары әкелерінің түр-түсін, кескінкелбетін де елестете алмайды. Бәйбек жездем ақсары, ұзын бойлы болғанымен, бет-жүзінен бірбеткейлігі айқын аңғарылып тұратын. Көп сөйлегенді ұнатпайтын, көкшіл шегір көздерінен қаталдығы көрініс беретін. Ал, сөйлегенде түйдек-түйдегімен санаңа дәл жететіндей «шаншып» айтатын, шешендік қасиеті бар-тын. Бізге сабақ оқытып, қиын есептерді шешуді жалықпай үйрететін талапшыл ұстазымыз да еді. Қураған шыбықтарды тергізіп, оны бірдей етіп сындырып, жіпке бөлек-бөлек будырып, шашып жіберіп, қайта тергізіп, қосып-алғызып баулитын. Осылайша, ептілікке, ойыңды тез айтуға, ауызша есепке, жұмбақтап сөйлеуге үйретуші еді. Ертегі айтып, батырлар жырын жатқа оқитыны есімде. Бізді өтірік сөйлемеуге, орынсыз күлмеуге «қолымнан келмейді» деген сөзді айтпауға қалыптастырды. Қазір ойласам, баланың миын жетілдірудің, дұрыс сөйлеу мен әдептілікке бейімдеу әдісінің бірі екен ғой.

Бәйбек Шадиннің туған жері – Қоңырат ауданы, Ақтұмсық колхозы. Сонда еңбекке ерте араласып, ел басына түскен небір қиыншылықтар мен аштық нәубетін де бастан кешіріп, қажырлы еңбек етіп, туғантуыс, ауыл-аймағына қолдан келген көмегін аямаған адам. Тоқырауын бойында өсетін, аты аңызға айналған ақбидай тұқымын жиі еске алатын. Қуырылған ақбидай бұл үйдің дастарқанынан үзілген емес.

Әскер қатарына 1942 жылы 27 маусымда алынған. 1942 жылы 39-атқыштар полкінің 6-шы құрамасында атқыш болған. Смоленск қаласы іргесіндегі кескілескен шайқаста минаға түсіп, оң аяғы жараланады. Иркутск қаласындағы госпитальде ұзақ емделіп, оң аяғын кестіріп, жаны аман қалады. Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі болғанына қарамастан, Ақтұмсық колхозында ферма меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырды. Жанқиярлық ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» және III дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған.

Бәйбек жездем мен Сара әпкем 5 бала сүйді. Ұрпақтарынан тараған немере, шөберелері мен жиен шөпшектері қанат жайып өсіп келеді. Балаларының қызығын қызықтап, әкелік қамқорлығына бөлейтін, тәлім-тәрбиесін молынан берер шағында жездем өмірден озды. Сонда әпкем бар болғаны 32 жаста екен. Баланың кішісі, жалғыз ұлы – Тайтөлеу екі жастан енді ғана асқан сәби еді.

Иә, балалары әке қорғанын, оның мейір-шапағатын көре алмаса да, аналары өсіріп, жеткізді.

Бәйбек Шадин жайында облыстық мұрағаттардан деректер іздестірілді, бірақ табылмады. Көкейіміздегі көп сауал жауапсыз қалған еді. Кейін ресейлік интернет-сайттан (pamyatnarod.ru) біршама ақпарат табу мүмкіндігі туды. Өкініштісі, онда да суреті жоқ екен. Әйтсе де, «орнында бар оңалар» деген…

Күлқабира ӘБДІРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button