Партияның пәрмені күшейеді

Өткен бейсенбіде облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиындағы әңгіме өзегі партия жұмысын жандандыру, қайта жүктеу бағыттарын талдау мен партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мәселелері болды.

Өз кезегінде, аймақ басшысы елдегі масылдық мәселесін түбегейлі жоюға шақырып, партияның жаңа форматтағы жұмысына қатысты нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің айтуынша, масылдық мәселесі кейінгі уақытта ерекше қарқын ала бастады. Мәселен, жастар жұмыс істеуге құлықсыз. Солай бола тұра, мемлекеттен көмек талап етеді.

  • Жақында мен бір ауылда болып қайттым. Онда атаулы әлеуметтік көмек алуға өз өтінішінің мақұлдануын күткен жас азаматты кездестірдім. Мен одан «неге жұмыс істемейсің?» деп сұрадым. Ол жұмыс жоқ деп жауап берді. Мен оған сол жерде жұмыс тауып беруді ұсындым. Алайда, ол жұмыс істегісі келмейтінін айтты. Бізде көлігі мен үйі барына қарамастан атаулы әлеуметтік көмек алуға өтінім беретін тұрғындар бар. Мемлекеттен жәрдемақы алу үшін жалған ажырасуды рәсімдейтіндер де табылады. Адамдар осындай әрекеттермен айналысудан ұялуы керек, – деді Ерлан Қошанов.

Ерлан Жақанұлы партия мүшелерінің бүгінгі басты міндеті – жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу, елімізде лайықты жалақы алу және жұмыс істеу үшін барлық жағдай бар екенін түсіндіру екенін атап өтті.

Мәселен, партияның бастамасы бойынша өңірлерге арнайы мобильді топ қатынайды. Бұл топ жастарға қайта оқыту және жұмысқа орналасу бойынша қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы жеткізеді. Жыл басынан бері осындай топ жұмысына төрт мыңнан астам адам жүгініпті. Нәтижесінде, олардың көпшілігі тұрақты жұмыс орнын тауып, кейбірі қысқа мерзімді курстарда оқудан өтіпті.

  • Мұндай бағдарламалар мен механизмдер туралы білмейтін адамдар әлі де бар. Біз олармен жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, бізде 500-ден астам электриктер, газбен дәнекерлеушілер, монтажшылар жетіспейді. Олардың жалақысы жақсы. Бірақ, ниет білдірушілер аз. Біз бұл мамандықтарға тиесілі грант санын 8700-ге дейін арттырдық. Жастар оқып, шәкіртақы ала алады. Кейін дайын мамандар кепілді түрде жұмысқа орналастырылмақ, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі «Еңбек» бағдарламасы бойынша үш айдан алты айға дейін тегін курстардан өтіп, жұмысшы мамандығын алуға болатынын да еске салды. Оқу кезінде шәкіртақы төленеді. Өзге қаладан келген студенттерге тұрғын үй беріледі. Бұл ретте, Ерлан Қошанов жастарды партия жұмысына белсенді түрде жұмылдыруға шақырды. Осы жұмыс жастардың ынталануы мен олардың азаматтық позициясын дамытуға ықпал ететін болады.

Бүгінде Қарағанды облысындағы жастар үлесі жалпы тұрғындар санының 22%-ын құрап отыр. Аймақта олар үшін жаңа жұмыс орындары құрылуда. Биылдың өзінде 30 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, аймақ басшысы мәслихат депутаттарының жұмысын да назардан тыс қалдырмады. Ерлан Жақанұлының айтуынша, халық қалаулылары тұрғындармен жиі кездесіп, азаматтардың өтініштерін тезірек қараулары тиіс.

Айта кетейік, партия жұмысының «қайта жүктелуі» туралы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Жұмыс форматының өзгеруі туралы айта келе, Елбасы 7 негізгі тармақты анықтады. Соның бірі – депутаттық фракциялардың азаматтық белсенділігін арттыру

Ерлан Қошановтың айтуынша, кей өңірлердегі мәслихаттың депутаттық фракциялары биыл бірде-бір рет тұрғындармен кездеспеген.

  • Адамдар өз округіндегі депутатты учаскелік дәрігер немесе полиция қызметкері секілді жақсы тануы тиіс. Депутаттық фракциялар қатаңырақ, өжет жұмыс істеп, мәселенің нақты шешу жолдарын ұсынулары тиіс. Сол кезде тұрғындар тарапынан қолдауға да, беделге де ие болады, – деді аймақ басшысы.

Халыққа жақынырақ болу үшін Ерлан Қошанов партиялас депутаттарға тұрғындармен көбірек кездесулер өткізуді, шалғай ауылдарда көшпелі қабылдаулар ұйымдастыруды және қысқа мерзімде азаматтардың өтініштерін қарауды тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДА