Тұлға

Күрескер ұстаз

Білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарай алмайтын, сол жолда өткір сөз айтып, өзекті проблема көтеріп қана қоймай, ісімен дәлелдей білген ұлағатты ұстаз, кейінгі 25 жылдай облыстық білім басқармасы жанындағы «Білімді дамыту» қоғамдық кеңесінің (бұрынғы «Ақылдастар алқасы») мүшесі Раиса ЕЛЕУСІЗОВА – бүгінде 80 жаста. Жұмыс өтілі тура 25 жылға толып, еңбек ардагері деген атаққа іліккен жылы болатын. Жағымпаздықты жаны сүймейтін мұғалім көпшіліктің көкейінде жүрген қазақ тілінің құрдымға кетіп бара жатқан қауіпті халін жазып («Орталық Қазақстан», 13 наурыз, 1987 ж.), найзағай жасынындай жарқ ете түскені талайлардың есінде.

Мақала мазмұны менің де, мен сияқты әріптестер мен көпшіліктің де жанайқайы еді. Баса қоймас деген ойда болатынмын. Ол еңбекте қазақ тіліне салқын көзқарас танытқан білім саласындағы басшылардың аттарын атап, шындықты шымбайына батыра, кемістіктерді көзге шұқи көрсеттім. Осы жарияланымнан кейін сол кездегі қала басшылары (Ш.Оразалинов, М.Оспанова), білім саласын басқарушылар (Н.Максимова, Р.Хасенов), аты аталған білім бөлімінің қызметкерлері мен мектеп басшыларының кейбіреулерін қолма-қол қызметінен босатты. Қабылданған оң шешімдер мен жоспарланған шаралар тіл жанашырларының рухын көтерді. Мен де жігерлене түстім. Десем де, соңымнан шам алып түскен шовинистік пиғылдағы жаттілділер, олардың ықпалындағы құйыршықтардың салдарынан жүйкем әлсіреп, денсаулығым төмендеп, ауруханаға түстім, мүгедек халге ұшырадым. Бірақ, еш өкінбеймін, аз да болса ана тілімінің дамуына септігім тигендей, – деген қазақтың қайсар аруының сөзін естіп мақала жазушылар аз болмады.

Балалық шақтың балдәурен қызығын көрмей, еңбекке ерте араласқан жеткіншек 7 сыныпты туған ауылында бітіріп, 1957 жылы Қарағандыдағы №2 мектеп-интернатта оқып, аттестат алған. Әке-шешесінің жолымен 1958 жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының биология-химия факультетіне түскен. Алайда, шешесінің денсаулығы сыр беруіне байланысты 4-ші курстан ҚарПИ-ге ауысып, оны 1962 жылы аяқтаған.

Раиса Сейітқалиқызының орыс тілінің басымдығын, қазақ тіліне деген пасықтардың пиғылын сезген кезі – алғашқы жұмысқа орналасқан жылы. Ол кезде Қарағандыдағы жүздеген мектептердің ішінде ауыл балаларына арналған №2, №7 мектеп-интернат бүкіл қала балаларының қазақша оқитын жалғыз аралас мектеп (Киров ауданындағы №32 ОМ, оның өзі 1967 жылы жабылды). Қаншама білімді, керемет ширақ болсаң да өз тіліңде сабақ берер, жұмысқа орналасар мүмкіндік жоқ. Өзі сияқты талай жастың басына түскен, шеттетуге көзі жеткен жігерлі жас тіл мәселесімен айналысуға бет бұрады. Ғылым кандидаты, доцент өмірлік жұбы Арғынғазының ҚарПТИ-ге орналасуына орай 1962-1986 жылдары Ленин ауданындағы №5, 41, 43, 45 мектептерінде орыс сыныптарында қазақ тілінен сабақ беріп, мектеп пен білім бөлімдері басшыларының бұл пәнге деген немқұрайды көзқарасын, тіпті, 1981 жылы Павлодарда өткен республикалық Педагогикалық оқуда арнайы баяндама жасап, олардың «өйтеміз, бүйтеміз», «келістіреміз, көтереміз» деген алдаусыратқан көзбояушылықтарына 24 жыл шыдап, төзімі таусылған мұғалім, басқа әріптестерімен ақылдаса келе жоғарыда айтылған «Қазақ тіліне салқын қарауға болмайды» атты мақаласын «бомба» секілді бұрқ еткізді. Қарағанды облысында өтетін Республика мұғалімдерінің VI съезінде.

…1990 жылы Раиса Сейітқалиқызы Қарағанды қалалық білім бөліміне маман болып келгенде, қазақ тілі өркен жая бастады. Қазақ тілінде балалар бақшасы, мектептер және орыс тілді мектептерде қазақ тіліндегі сыныптар ұйымдастырылды.

Сол мақалада мен көтерген түйткіл – түйіні көп 14 басты бағыттың 14-і де іске асырылды деуге болар. Бірақ, мемлекеттік тілді дамытудың қазіргі жағдайы әлі де сын көтермейді: қазақ тілінде оқитындар, кітапхана залдарындағы оқырмандар және ең бастысы ана тілінде сөйлеушілер тіптен аз; дүңгіршектерде тек орыс тілінде жазылған баспалық материалдар; жиындар орыс тілінде өтуде, құжаттар көп жағдайда орысша толтырылуда; тілге байланысты көзбояушылық, өтірік ақпар секілді кемшіліктер жеткілікті. Бұларды түзеу, «жерсіз – ел, тілсіз – мемлекет болмайтынын» еске ұстау – ендігі жастарға аманат, – дейді Рыкең.

Қарағанды облыстық мұғалімдер білім жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің кеңес мүшесі және штаттан тыс дәріскері (1972-1985 ж.ж.), Ленин аудандық халыққа білім беру бөлімі қазақ тілі пәні бірлестігінің жетекшісі (1972- 1990 ж.ж.), облыстық мұғалімдер мен ғылым қызметкерлері кәсіподағының мүшесі (1984- 1987 ж.ж.), Ленин аудандық ҰОС және еңбек ардагерлер кеңесінің мүшесі (1996-2006 ж.ж.), «Қазақстан мұсылмандары әйелдер одағының» облыстық филиалының төрайымы (1992-1993 ж.ж.), тағы басқа қоғамдық жұмыстарға қатысып, жаһандағы, ел ішіндегі жағдайларға жіті көз тіге жүре, қала жеткіншектерін ғана өнербілімге тартып қоймай, ауыл балаларына ұлттық тағылым беруді де дәстүрге айналдырған. Мәселен, Қарқаралыда «Шежірелі Сарыарқа» (2004 ж.) семинарын өткізсе, Шет ауданында этнопедагогика бағытындағы «Жігітке тән өнер – құсбегілік пен атбегілік» атты (2005 ж.) семинарын өткізді.

Ұлағатты ұстаз, әмбебап әдіскердің тартымды тәжірибелерін, әсіресе, тілді дамытудағы еңбектері мен «Атамекен» орталығының қарымды қарекеттерін, желкенді жетістіктерін радио-теледидар, «Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Өзгеріс – Перемена» (кейінде «Ізденіс») газеттері мен «Қазақстан мектебі», «Азия-Транзит» журналдары жиі жариялады.

Жас ұрпаққа білім, тәлімтәрбие беру саласында қырық төрт жыл елеулі еңбек еткен Раиса Сейітқалиқызы «ҚазКСРнің халық-ағарту ісінің үздігі» (1974 ж.), «КСРО оқу ағарту ісінің үздігі» (1976 ж.), «Еңбек ардагері» (1986 ж, 2018 ж.), «Аға мұғалім» (1982 ж.), «Әдіскер мұғалім» (1987 ж.), ҚазКСР-і Білім минстрлігі мен Ы.Алтынсарин Ұлттық ғылым академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Тілеуғалы ӘМІРТАЙҰЛЫ,

ардагер-педагог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button