Руханият

Тастан басталған тіршілік…

Жазу пайда болмай тұрған дәуірлердегі кез келген халықтың тарихын тек археология ғылымы ғана зерттеп, зерделеп, түсіндіре алатынын білеміз. Біздің Сарыарқа өңірі де тас дәуірінен бері бабаларымыздың құт мекені болғандығы бесенеден белгілі. Адамзат тарихындағы ең ұзақ дәуір – тас дәуірі. Бүгінде қаншалықты дамып кеттік десек те, тасқа тәуелділік әлі де бар. Жұмыр басты пенденің табиғатқа тәуелділігін осыдан-ақ көруге болады.

Орталық Қазақстанның тас дәуірін жоспарлы түрде зерттеу ісі Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында 1946 жылы Әлкей Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрылуынан басталады. Сол кездің өзінде осы экспедиция ғалымдары Сарыарқаның батысындағы Сарысу мен Жиделі өзендерінің жағалауларынан палеолит пен неолиттің ондаған тұрақтары мен тұрғын орындарын ашты.

1960 жылдары М.Клапчук Қарағанды облысы аумағындағы Кенжебайсай-7 және Сарысу (Қосмола) ескерткіштерін зерттеп, оларды орта палеолит уақытымен мерзімдеді. 1960 жылдардың аяғында ол Батпақ-7, Қарабас-3, Ангренсор-1,2 сияқты палеолит тұрақтарын ашты. Одан кейін тас дәуірінің әртүрлі кезеңіне жататын бірқатар жаңа ескерткіштер ашылды: Жаманайбат-3-4, Ақайдар, Обалысай, Мұзбел-1-2, Айдарлы-2, Қосқұдық, Сорқұдық, Батпақ-7-12, Зеленая балка, Қарағанды-15 және басқалары. Тіпті, Шыңғыстау, Семізбұғы, Хантау таулары және осылармен төңіректес бірқатар жерлерден палеолит дәуірінің мыңдаған тас бұйымдар жиынтығы бар тұрақ-шеберханалар анықталды. Табылған тас құралдар түгелдей дерлік Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық қорында. Қазіргі таңда музейдің «Археология» залында көпшіліктің назарына тұрақты түрде ұсынылып келеді.

Дархан ШАШЕНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button