Тұлға

Қобыз сарыны

Белгілі қобызшы, ҚазКСР Халық артисі Фатима Жұмағұлқызы БАЛҒАЕВА 1926 жылы бұрынғы Шымкент облысы, Қызылбастау ауылында дүниеге келген. Кейін әке-шешесі Алматы қаласына қоныс аударады. Фатима Жұмағұлқызы №38 қазақ мектебінде оқып жүргенінде, он бес жасында Қазақ мемлекеттік филармониясына шақырылып, Құрманғазы атындағы оркестрге домбырашы ретінде жұмысқа тұрады.

Оркестрде жүріп, қобызшы Жаппас Қаламбаев пен Гүлнафис Баязитованың қобыз ойнағанына қызығып, 1945 жылы Ресейдің белгілі скрипка саңлағы А.Ауэрдің шәкірті – профессор Иосиф Антонович Лесманның класына түседі. Бес жыл оқып, Құрманғазы оркестрінде және көп жыл бойы консерваторияда – халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Үш шекті қобызда ойнауға үйрету пәнінен сабақ беріп, негізін қалады.

Алғашқы оқушысы – Төкен Тоқтаров (1936-1978). Қарағанды Тәттімбет атындағы Музыка училишесінің іргетасын қалаған, өте білікті, білімді директор болды. Сол кезде Қарағанды музыкадан бірінші орында болатын. М.Хайруллин, С.Нокин, О.Сейтқазин, Қ.Кагенова, А.Берікболов, Қ.Мерембаев және осы жолдар авторы, домбырадан – Ж.Ермусин, барлығы жүзге тарта шәкірт бітірді.

Профессор Фатима Балғаева бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалінің лауреаты. 1951 жылы – Берлинде, 1953 жылы – Бухарестте, 1958 жылы Мәскеуде биіктен көрінді. 1958 жылы Мәскеудің үлкен театрында «Қазақстанның Әдебиет және мәдениет күндерінде» симфония оркестрінің сүйемелдеуімен Фатима Жұмағұлқызы «Ер Тарғын» операсынан үзінді орындады. «Алтынай» атты үш бөлімді күрделі шығарманы ойнайды. Бұл қазақ елі үшін үлкен жетістік. Дирижері Н.Тілендиев болды.

Алтынай – қазақтың ару қызы. ХІХ ғасыр. Туған жері – қазіргі Орал облысы. Негізі – Жетіру ішінде – Тама. Шағыр атасынан тарайды. Алтынайдың әкесі ерте қайтыс болып, ағасы Сұлтанғалидың тәрбиесінде өсті. Алтынай тұрмысқа шыққанда, шымылдықты ашып жіберіп, өзін күймен таныстырады. Бұл күй – «Алтынай – Ақжелең» деп аталады.

«Алтынай-Ақжелең» күйін 62 тармақты «Ақжелең» күйінің құрамына қосады. Бұл – Атырау күйшілік мектебінің шыңы. Алтынай – әйгілі күйші, композитор Есбай Балұстаұлымен (1842-1910) күй тартысына түседі. 1903 жылы Қаналы төре әкесінің асында батыстың күйшілері күй тартысына түскенде Алтынайдың шәкірті, 18 жасар Науша қыз әйгілі Есбаймен өнер сайысына түсіп, 61 жастағы Есбай «Менен кейін ешкім күй тарта алмаушы еді. Дәуренім өткен екен» деп жеңілгендігін мойындаған екен.

«Алтынай» күйін қазақ күйлерінің қорына кіргізген – Лұқпан Мұхитов. Бағын ашқан домбырашы – Рысбай Ғабдиев. Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсына «Алтынай» күйі алтын арқау – лейтмотив болды. Алматы облысындағы Сүйінбай атындағы филармонияда 1986 жылы Алтынай атындағы Мемлекеттік халық ән-би ансаблі ашылды.

Фатима Балғаева 1968 жылы Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектепинтернатында тұңғыш қобыз-прима сыныбын ашып, ұзақ жыл сабақ беріп, халық аспаптар бөлімін басқарды.

Алматыда конференцияларға, фольклорлық халық аспаптарын жаңғырту туралы пікірталасқа жиі-жиі қатысып, Б.Сарыбаевтың ізденушілік еңбегін қолдап, ғылыми-әдістемені оқу бағдарламасына енгізуге жол ашқан Фатима Балғаева – «Абыз Дана», «Қобыз Ана» екені даусыз.

Фатима Балғаева туралы кафедра ұстаздары «Өнері – өнеге» атты тұңғыш ғылыми еңбектер жазды. Фатима апай 90 жасқа толғанда «Ф.Ж.Балғаеваның орындаушылық және педагогикалық ұстаздық, шығармашылық бейнесі» атты кітабы қайта басылып шықты. Бұл кітапқа өзі орындаушылық жасаған шығармалары және Ә.Қазақбаевтың «Фатима сарыны» атты шығармасы кірді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыстық білім басқармасының басшысы Е.Иманғалиевтың, МММИ директоры К.Илимбаевтың қолдауымен ХХ ғасырдың ІІ жартысында шектеліп қалған үш шекті қобызды қайта жаңғыртуға шешім қабылданды. Себебі, халықаралық конкурстарда Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың шәкірттері Қазақстанда өткен конкурстарға екі, үш, төрт ішекті қобыз аспаптарымен қатысып жүр және осы қобыздары оркестрлерінде ойнайды. Таяуда Алматыда Орта Азияның ұлттық оркестрлері ойнады. Конкурсқа Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолиядан екі, үш және төрт ішекті қобыздармен жеке орындаушылар қатысты.

Қазіргі біздегі төрт ішекті қобызшылардың барлығы – үш ішекті қобыздың мектебінен өткен. Сондықтан, үш ішекті қобызды қайта жаңғырту қиын емес. Конференцияның басты мақсаты – осы мәселенің дұрыс шешілуі.

 Роза БИМЕНДИНА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button