Елімізде ардагерлердің қосымша санаттары белгіленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов  Мәжілістің пленарлық отырысында «Ардагерлер туралы» заң жобасын таныстырды. Онда ардагерлер үшін қосымша санаттар қарастырылған.  

— Жаңа заң жобасы бойынша ардагерлердің келесі санаттары белгіленеді. Біріншісі – Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Оларға ҰОС ардагерлері мен мүгедектері жатады. Екіншісі – басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс шайқастарға қатысқан ардагерлер. Заң жобасына сәйкес олардың қатарына келесі азаматтар кіреді: Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер, 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларын күзетуді күшейтуге қатысқан азаматтар, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, таулы Қарабахта этносаралық жанжалды шешуге қатысқан азаматтар, Ұлттық контингентке кіретін, Ирактағы бітімгершілік операцияға қатысқан тұлғалар, — деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша,  заң жобасына сәйкес үшінші санатқа жеңілдіктері мен кепілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген сегіз санаттағы азаматтар мен ҰОС мүгедектеріне теңестірілген бес санаттағы азаматтар кіреді.