Ашаршылықта қырылған қазақтың саны қанша?

Ашаршылық, қысым, соғыс, қуғын-сүргін туралы нақты сандар не дейді? Шындыққа жақыны қайсы?

Ашаршылық әлем назарында

АҚШ Мэриленд университетінің ассистент-профессоры Сара Камеронның (Sarah Cameron) “The Hungry Steppe: Famine, Violence and the Making of Soviet Kazakhstan” атты кітабы АҚШ бастаған батыс елдерінің назарын аударды, — деп хабарлады  informburo.kz 

Сара ханым зерттеуінде Кеңестік Қазақстанда 1930-1933 жылдарда болған ашаршылықтан 1,8 миллионнан астам адам қырылғанын айтады. Ол Сталиндік тоталитарлық билікті қатты сынаған.

1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәліметтер бар

КСРО мемлекеттік мұрағатында мынадай құпия дерек бар. «Из всех тюркских или турецких народов России… самым многочисленным являются казахи. На территории в два миллиона триста тысяч кв. верст живет без малого 10 миллионов казахов». (Архив Октябрьской революции, фонд №1318, опись №1, Ед. Хр. №56).

Мәскеулік тарихшы В. Кушкин «Советизация казахского аула» деген монографиясында бұл жылдары Қазақстанның тек солтүстік облыстарындағы (халқы тығыз орналасқан оңтүстігін есептемегенде) қазақтың саны 9 млн-нан асады деп жазған.

1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан: «1914 жылы Ресей халқының жалпы саны 161 млн 700 мың еді. Көкшетау уезінің халқына 1896 жылдан кейін 1907 жылы және одан он жыл өткен соң 2 рет санақ жүргізілді. Қазақтардың өсу қарқыны әлемдік деңгейден жоғары. Егер әрбір 200 қазаққа орта есеппен 3 адам қосылып тұрады десек, онда 1914 жылы қазақтардың саны 6 млн 470 мыңға жеткен» – деп жазған.

«Қазақтар түркі халықтарының 30 пайыздан астамын ұстады»

1897 жылғы санаққа сүйенген М.Тынышбаев былай деп жазады:

«Біздің есептеулерге сәйкес қазақтар 4 091 746 адам. Орыс империясындағы түркі халықтарының 30,08%-ын құрады.

Татарлар – 2 262 074, әзербайжандар – 1 475 553, башқұрттар – 1 321 363, сарттар – 968 655, чуваш – 843 755, өзбектер – 726 534, түріктер – 649 234, түркімен – 281 357, сахалар – 227 384, қырғыздар – 201 682, тептари (башқұрт-татар этно тобы) – 117 734, қарақалпақтар – 104 274, құмықтар – 83 408, ноғайлар – 64 080, ұйғырлар – 56 469, мещеряков – 53 847, қарапапақтар (әзербайжан этно тобы) – 29 902, қарашай – 27 223, қашқарлық – 14 938.

Қазақтардың 96,26% атамекендерінде өмір сүрді. Ресейде 6,45%-ын құрайтын 264,059 қазақ болды. Империяның 123 өлкесінде қазақтар тұрды» – деп жазған.

«Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған кітапты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность советского союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп алғанмын. Ал 1939 жылы 2 млн адам ғана қалған. Мұндай қорлыққа тек қой мінезді жуас халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінезді халық емес пе едік!? – депті жазушы Олжас Сүлейменов 2016 жылы 27 мамырда Баянауыл аудандық «Баянтау» газетіне берген сұхбатында (№22 (10725)).

1916-1918. Бірінші ашаршылық

РГУ ЦГА КФДЗ •Арх. № 5-4353 Көшпенді қазақтар. Павлодар облысы, 20-шы ғасырдың 20-30-шы жылдары

РГУ ЦГА КФДЗ •Арх. № 5-4353 Көшпенді қазақтар. Павлодар облысы, 20-шы ғасырдың 20-30-шы жылдары / Сурет google.kz сайтынан

Себебі: Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азаматтық соғыстың басталуы, мал-мүліктерді тәркілеу мен патшалық биліктің жіберген жазалаушы армиясының басқыншылығы. Індет пен қатты суық және құрғақшылық.

Өлгендер – деректерге талдау жасағанда кемі 1,5-2 млн адам.

Босып кеткендер – 300 мыңнан 1 млн-ға дейін. 1916-1917 жылдары 300 мыңға жуық қазақ басқа өңірлерге, атап айтқанда Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға және оңтүстік облыстарға ауып кетті.

Мысалы, «Наша газета» 1918 жылғы 13 тамыздағы нөмірінде: «Сыр өңірінде басталған аштық пен індеттің халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездердегі тарихи деректерден көреміз. Бір ғана 1918 жылдың өзінде «Түркістан халқын­ың 30 пайызы аштықтан қырылған» деп жазыпты.

1917-1920 жылдар аралығында халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға кеміген.

1919-1922. Екінші ашаршылық

Қырғызстан. Тоқмақ. Ашыққан жұрт бала ұрлап жеген

Қырғызстан. Тоқмақ. Ашыққан жұрт бала ұрлап жеген / Сурет google.kz сайтынан

1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың себебі:

  • Бірінші – азамат соғысы мен жаңадан орныға бастаған Кеңестік биліктің түрлі әскери жазалаулары, тонаушылық.
  • Екінші – табиғи апат, қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жұт. Малдың 80%-ы кырылды. Ауылшаруашылық өнімінің 80%-н Кеңстік билік орталыққа тасып әкетіп, халық азық-түліксіз қалды.1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізе бастаған азық-түлік диктатурасына сай «Азық-түлікті тәркілеу» науқаны басталды.
  • Үшінші – Сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді.

Ашаршылыққа ұшыраған өңірлер: Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай, Семей, Ақмола губерниялары.

Ашаршылыққа ұшырағандар саны: КазОАК-нің Төрағасы С.Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректе Қазақстан бойынша аштыққа 2 832 000 адам ұрынған.

Өлген адам: 1 млн 700 мың адам (Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша).

Ал Қазақстан Тарих институтының директоры, тарихшы Бүркіт Аяған: » Соңғы мәліметтерде, «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн адамға жеткені» туралы мәліметтер бар» – деп жазады.

«Ал Кеңестік деректер 1 114 000 адам өлді» деп көрсеткен. 2010 жылдың 12 желтоқсанында Украинаның «Наше слово» газетінде (украин тілінде) шыққан қазақстандық саясаттанушы Данила Бектұрғановтың «Ұлы жұт немесе қазақ даласындағы Ұлы аштық қырғыны жайлы» мақаласында.

1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша аштыққа ұшырағандардың саны 2 млн 286 мың 591 адам болып, соның 68,2% – 1,5 млн қазақ өлген.

Нәтижеде Қазақстан жеріндегі халық саны 1917 жылғы 6 218 300, 1920 жылға келгенде 4 679 795, 1923 жылы 3 786 910 адам болды.

Зерттеушілер пікірі:

1920 және 1923 жылы жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарының және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30%-ға дейін азайған. Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100%-ін қамтып, олар түгелдей дерлік босып, жолда, біразы атамекенінде қырылып қалды.

Ашыққан балалар тобы

Ашыққан балалар тобы / ҚР Президенттік Мәдениет Орталығының мұражай қорынан

1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жаланаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жетті.

Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам өлген.

1924-1928. Голощекин келді

1926 жылғы КСРО санағы бойынша Қазақстанда 6 198 467 адам тіркелген. Оның ішінде қазақтар – 3 627 612. 1897 жылғымен салыстырғанда небәрі 11 мыңға ғана өсіп, үлесі 58,5%-ға дейін төмендеді.

Голодщекин

Голощекин / Сурет tarih-begalinka.kz сайтынан

1925 жылы Қазақстанның басшылығына Голощекин келді. Ол «Қазақ даласында Қазан төңкерісі болмаған екен, «Кіші Қазан төңкерісін» жасаймыз» деді. Сөйтіп, 1928 жылы аласапыранды бастап кетті.

Қазақстан тарихы оқулығында: «1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды. Әсіресе Сталиннің 1928 жылы қаңтардағы Сібірге сапарының барысында Новосібір мен Омбыда сөйлеген сөздерінде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 107 бабын жаппай қолдануды талап етуінен кейін қатыгездік сипат алды.

Ол бапта тауарларды сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын жоғарлатқаны үшін қатал жазалау қарастырылған еді.

1929 жылы 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мөжілісінде Голощекин астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құкын беретін қаулы шығартты» – делінген.

1929-1933. Үшінші ашаршылық

Себебі – Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою. Көшпелі және жартылай көшпелі Қазақ шаруаларын тіршілік көзінен айырып, жаппай және күшпен отырықшыландыру науқаны.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін толықтай орталыққа тасып әкету. Еш негізсіз және қасақана салықтарды салу. Соттау мен қудалау.

Аштан өлер алдындағы қазаққа көмек беруге тырысқан Татьяна Невадовская. Қазақстан, 1933 жыл

Аштан өлер алдындағы қазаққа көмек беруге тырысқан Татьяна Невадовская. Қазақстан, 1933 жыл / Сурет Азаттық радиосы сайтынан

Босып кеткендер: 1930-1931 жылдар аралығында 1 млн 70 мың адам Қытай, Иран, Ауған жеріне т.б. көшті. 616 мыңы қайтып оралған жоқ. 414 мыңы кейін елге оралды.

Өлгендер: Ресми халық санағы мен түрлі мұрағаттардың, құпиялығы жария болған мәліметтер бойынша 1930-1933 жылдары 2,4 млн. адам аштықтан қырылды.

Мысалы, Сара Камерон – 1,8 млн., Тарихшы Бүркіт Аяған: «1932-1933 жылдары 2,3 млн. адам құрбан болды» – дейді.

1930 жылы – 313 мың адам;
1931 жылы – 755 мың адам;
1932 жылы – 769 мың адам қайтыс болды.
Мысалы, Актөбе облысында 1930 жылы 1 млн 12 500 адам болса, 1932 жылы 725 800 адамға кеміген (71%). Балқаш ауданында 1930 жылы 60 мың адам болса, 1932 жылы 36 мыңы қырылып, 12 мыңы баска аймақтарға көшіп кетті.

Қазақстан Халық шаруашылығы есебі басқармасының мәліметтерін зерттеген тарихшы Клара Саркенованың келтірген деректері туралы жазғанбыз.

Соттау мен сүргін. Байларды жою науқаны жаппай ашаршылық пен репрессияға әкелді. 1929 жылдан 1933 жылға дейін Қаз АСР-дағы ОГПУ тобы толық емес мәліметтерге сәйкес, 9805 іс қаралды және 22 933 адамға қатысты шешімдер қабылданды, оның ішінде 3386 адам өлім жазасына кесілді, 13 151 лагерьге сотталды.

Ауыл тұрғындарынан 56 498 адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 34 121 адам сотталды. 1928 жылдың 1 қазанынан бастап 1929 жылғы 1 желтоқсанға дейін 125 адам өлім жазасына кесілді, ГПУ желісі бойынша – 152 адам атылды.

Малдан айыру. 1932 жылдың ақпан айына дейін Қазақстандағы колхоздардың 87%-ы және жекелердің 51,8%-ы малынан айырылды.

Мәселен, 1928 жылы республикада 6 509 000 бас ірі қара мал болса, 1932 жылы оның 965 мыңы, 18 566 000 қойдан 1 386 000 ғана қалды. 1928 жылдан бастап 1941 жылға дейін 3 516 000 жылқыдан 885 000 бас, 1 042 000 бас түйеден 1935 жылға қарай 63 000 бас қалған.

1933 жылдың басында қазақ даласында бұрын болған 40,5 миллион бас малдан әрең 4,5 миллион бас мал қалған.

1932 жылы РСФСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген Т. Рысқұлов Сталинге бірнеше мәрте: «… Балқаш ауданындағы (жергілікті ОГПУ деректері бойынша) 60 мың адамның 12 мыңы көшіп кетсе, 30 мың адам өлген. … 1932 жылдың мамырында Қарқаралы ауданында 50,4 мың адам болса, ал қарашада 15,9 мың адам қалғанын» мәлімдеген.

1932 жылы тамызда ҚАССР Халық комиссарлар кеңесінің төрайымы У.Исаева Сталинге: «1929 жылымен салыстырғанда бір қатар қазақ қоныстанған өңірлердегі халықтың жартысы жоқ. Өңірдегі шаруашылықтырдың мөлшері 1931 жылға салыстырғанда 23-25%-ға төмендеген» – деп жазған.

Тарихшы А.Н.Алексеенконың айтуынша «…әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 млн 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды.

  • Шығыс Қазақстанда 379,4 мың адам өлген немесе1930 жылғы халықтың 64,5 пайызынан,
  • Солтүстік Қазақстан аймағы қазақтардың жартысының көбінен – 410,1 мыңнан немесе 52,3 пайызынан,
  • Батыс Қазақстан 394,7 мың немесе 45,0 пайызынан,
  • Оңтүстік – 632,7 немесе 42,9 пайыз қазақтан,
  • Орталық Қазақстанда – 22,5 мың немесе осы аймақтың 15,6 пайызынан айырылды.
  • Басқа халықтарда да шығын аз болған жоқ: украиндер – 200 мың (23 пайыз), өзбектер – 125 мың (54 пайыз), ұйғырлар – 27 мың (43 пайыз)».

Мемлекеттік саясат басқармасының (ОГПУ) бір естелігінде: «1932 жылы 1 сәуірден бастап 25 шілдеге дейін Атбасарда 111 адамның өлімі тіркелгені айтылған. Оның 43-і шілде айында өлген. 5 адам адам етін жеген» – деп көрсетілген.

Жалпы қырылған қазақтың саны қанша? Босқындар ше?

Жоғарыдағы мәліметтерді жинақтағанда:

  • 1916-1918: 1,5-2 млн. Босып кеткендер: 300 000-1 млн.. (Ашаршылық)
  • 1919-1923: 1,7-2,3 млн. Босып кеткендер: 2-2,5 млн. (Ашаршылық)
  • 1929-1933: 1,8-2,4 млн. Босып кеткендер: 2-3 млн. (Ашаршылық)
  • 1937-1940: 50 мың. Сүргінге кеткендер: 70-80 мың (Қуғын-сүргін)
  • 1941-1945: 300 мың. Оралмағандар: 600 мың. (Ұлы отан соғысы)
  • 1979-1989: 782. Хабарсыз кеткендер: 21.(Ауған соғысы)
  • 1986: 100. (Желтоқсан оқиғасы)

Жалпы: 5 350 882-7 050 882 адам аралығында адам қырғынға ұшырады.

Босқан, сүргінге айдалған немесе хабарсыз кеткендер – 4 970 021-7 180 021 аралығында. Олардың кемі жартысы оралмаған.

Бұл толық мәлімет емес. Неге?

  • Бірінші – Бұл есеп әр дәуірдегі зерттеушілер мен мемлекеттік санақтың және жария етілген құпия құжаттардың мәліметтері бойынша жасалды. Әлі де ашылмай жатқан құпия деректер бар.
  • Екінші – Ресей Империясы мен Кеңес Одағының алғашқы жылдарында кезінде қазақтар «әскерге әкетуден сақтану», «салықтан жасырыну» және «қазақ баласының санын айтпайтын» салты негізінде жасырып, барынша төмен көрсетті.
  • Үшінші – Ресми билік ауыр қырғындарды жасыру үшін белігілі дәрежеде формалды санақтар өткізді немесе халықты көбейтіп көрсетті.
  • Төртінші – Босып барып басқа халықтарға сіңіп кеткендердің саны да бірнеше миллионға жетуі мүмкін.

Табиғи өсім қанша болу керек еді?

1900 жылы 12 миллион болған Түркия халқының саны қазір 81 миллионнан асты. Сол кезде қазақтардан саны екі еседен де аз өзбектер 31-32 миллионға жетті.

1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәлімет бар екенін жоғарыда келтірдік. Ал біз сол санға енді ғана жеттік. Жүз жылдан кейін – 2018 жылы қарашада 12 млн. 250 мың қазақ болдық. Жоғарыдағыдай нәубеттерден аман болғанда кемі 50-60 миллионнан асатынымыз даусыз еді.

Ашаршылықтарды «геноцид» немесе «этноцид» ретінде бағалайтындар бар

Сара Кэмерон зерттеуінде «Кеңес билігі мүмкіндігі бола тұра көмектеспеді, керісінше қырылуға себепкер болды» деп қарап «мақсатты жасалған генодцид» ретінде бағалаған.

«The Wall Street Journal» басылымы биыл қазанда АҚШ қос палатасының Украинада 1932-1933 жылдарда болған ашаршылықты генодцид ретінде бағаланған құжатқа қол қойғанын жариялады. Мақалада қазақ жерінде болған ауыр ашаршылық туралы да айтылған.

Әзірше қазақ билігі ашаршылық және қуған-сүргін құрбандарына арнап еске алу күнін белгілеуден аса алмады.

Айдос Сарым: XX ғасырдың алғашқы жартысындағы ауыр ашаршылық қазақ халқын құртып жібере жаздады

– Алайда түбегейлі зерттеу және тану мәселесі әлі де артта қалып отыр. Мысалы, дәл осындай трагедияны Украина елі мелекеттік деңгейде, жүйелі түрде көтеріп голодомор ретінде әлемге мойндатуда. Біз де солай істеуіміз керек.

Ал Қазақ билігі қазірше бұған құлықсыз. Оған Ресеймен байланысы әсер еттіні белігілі. Алайда қазақстандағы қазіргі демографиялық жағдай, табиғи танымның дамуы түптің түбінде билікті ырқына жібермейді.

Сол үшін отандық ғалымдар осы бағыттағы зерттеулерін көбейтулері, жүйелі тұрде жұмыс жасаулары керек. Сонымен бірге шетелдік ғылыми ортада танылуына ықпал ету үшін кинолар түсіріп, көрмелер мен конференциялар ұйымдастырулары тиіс. Еңбектенуіміз керек.

Сонда әлем бұл трагедиядадан сабақ алады әрі таниды, – деп ойлаймын.

Расул Жұмалы: 20 ғасырдың алғашқы жартысындағы қырғынға Тәуелсіз ел ретінде саяси баға беруіміз керек

– Егер оны әлемдік деңгейде көтеріп, танытатын болсақ, яғни әлемдік қауымдастық саяси тұрғыда баға беретін болса міндетті түрде жауапкершілік қузалады. Онда Кеңес Одағының мұрагері ретінде Ресей жауап беруге міндетті.

Бұл мәселені АҚШ-қа барғанда көтердік. Қазір белсенді топтар жұмыс жасап жатыр. Алайда Қазақ билігі әлі де жабық ұстап отыр. Бұл бір бөлім адамдардың қарсы екенін білдіреді.

Шын мәнінде толық егемендікке қол жеткізе алмай отырмыз. Ресейдің де әсері қатты. Оның үстіне халықтың саяси танымы да жеткіліксіз, – дейді.

Ашаршылықты қалай бағалауымыз керек?

Әлеуметтік желідегі «Ашаршылық ақиқаты» парақшасының жүргізушісі, зерттеуші, Тобыл-Торғай.кз сайтының атқарушы директоры Амандық Әмірқамзин:

– Дәл осындай қылмысты мысалы еврейлер дүние жүзіне мойындатты, біз де сол бағытта жүруіміз керек, халқының жартысы қырылса геноцидке (этноцидке) қалай жатпайды? – дейді.

Саясаткер Қуаныш Еділханов: «Мұны Ресей де, оның халқы да мойындамайды, олардың үгіт-насихатына ерген өзімізден шыққан кейбір қырттар басқаша айтады.

Алайда уақыт бұлайша тұра бермейді, оның да кезегі келеді. Бірақ қазіргі биліктің тұсында емес. Әзірге бізден сұралатыны – мүмкіндігінше тірі куәлердің сөздерін жазып алу, қолда бар құжаттардың жоғалып кетпеуін қадағалау, қосымша материалдар жинақтай беру» – дейді.

Мақаш Тәтімов бастаған демографтар, Сағат Жүсіп ағамыз бастаған зерттеушілер Ашаршылықта өлген адам санының өте көп екенін алға тартып, геноцид ретінде тануды үнемі айтып келеді.

Дереккөз:  informburo.kz 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.