Суретші мен фотограф

Бір суретші жылдың қай мезгілінде де өзінің ауласында небір көз тартар суреттер салып, не мүсін соғып, олай-бұлай өткендерге шаттық сыйлайды екен. Осы ісі үшін оған ешкім ақы-пұл төлемейді ғой. Сөйтіп сол шебер өзінің сүйікті ісімен бір шағын шаһарда күнін өткізіп тұрып жатады.

Сол қалада талантты бір фотограф өмір сүреді. Ол әлемдік деңгейде өтетін әлдебір фотокөрмеге дайындалып жүреді, бірақ тақырып таба алмай діңкесі құрып, келе жатып көзі үй алдындағы әлдебір ғажайып мүсіндерге, қабырғадағы суреттерге түседі. Есі кеткені сонша, құралын алып, көзіне түскеннің бәрін сыртылдатып түсіре береді.

Ертеңіне қайта оралса, кешігіден де ерек жұмыстар қойылыпты. Бұл негізі шеберді көрейін деп, тілдесейін деп келген болатын. Бірақ оған мұршасы болмайды, аула толы кереметтерді түсірмесе болмайды.

Үшінші күні келсе, тағы тамаша! Құдай-ау, суретшінің неше қолы бар өзінің, қашан тынығып, қашан осының бәрін істеп үлгереді деп ойлаған фотограф енді жұмыс иесін аңдиды.

Кешкісін үйінен шыққан кішкентай бір адам ескі жұмыстарын лезде қиратып тастайды. Бұл жетіп барып, жағасынан алуға оқталды. Алдындағы адамның үй иесі, өзі күткен суретші екені есіне түсіп, ол райынан қайтты. Суретші бүлінген жұмысты арбасына салып әкетіп, көп кешікпей жаңа жұмыстармен оралды. Бәрін орын-орнына орналастырып, бір шетке барып, өз ісіне сүйсінгендей сәл тұрды да ішке еніп кетті. Содан қайтып сыртқа шықпады. Фотограф үйді аңдып, біраз күтті. Терезесінде жарық бар.

Сұлбаның жүргені көрінеді. Іште жұмыс қызып жатса керек. Екі талант иесі бір-бірімен ұшыраспайды. Шебер жасайды, фотограф әзір нәрсені түсіріп үлгереді.

Содан арада біраз уақыт өткен. Фотографтың айтулы байқауға да қатысатын мерзімі тіреліп, ол суретшінің жұмыстарын, оларды орнатып, және көзін жойып жатқан сәттерін бейнелеген жұмысы көрмеге жол тартады.

Қазылар шешімі бір ауыздан фотографты жеңімпаз деп таниды. Оған абырой-атақ, қыруар ақша-байлық бір-ақ күнде жауып береді. Ол мұндайды күтпеген еді. Тұншығып қала жаздайды. Бір сәттің ішінде әлемдік жұлдызға айналып жүре береді. Небір газеттер мен журналдарда, радио, телеарналарда ол туралы талмай айтып, жазып жатады. Бақыттан басы айналған суретшіні көп жер қонаққа шақырып, ол сол жүріспен әлемнің небір сұлу шаһарларында болып, туған мекеніне тек арада жылға таяу уақыт өткенде оралады. Бұл кезде суретшіде пендеге не керектің бәрі бар. Не істесе де өз еркі. Хан сарайдай үйі, шетелдік қымбат көлігі, сұлу әйелі де пайда болған ол енді не істеу керектігін ойлайды. Оған осы атақ-беделді әрі қарай да ұстап тұру үшін де жұмыс жасауы керек қой, ол сонда барып суретшіні есіне алады. Содан құралы-жарағын алып, өзі білетін үйге барса, ол арада бұл күткендей керемет жоқ… Суретші жоқ екен.

Үйден шыққан егде кісіден сұраған, ол:

«Е, ол адам ғашық адам еді, өмірге, өмір иесіне, осының бәрін бергенге асық еді, сол жаққа кетті ақыры…»

Фотограф:

«Сонда қайда кетті? Ол адам кімге ғашық еді?» Мен сіздің сөзіңізден ештеңе де ұқпай тұрғаным. Ойыңызды түсінікті етіп айтасыз ба?-деді.

Егде адам күліп:

«Жарға кетті» деді де, сәл ойланып барып, әлдене есіне түскендей мұның өңіне тесіле қарап:

«Ә, айтпақшы, ол суретшінің жұмысын суретке түсіріп, әлгі бір жарыстан бәйге алған сіз бе осы?»-деп сұрады.

«Иә, сол кісі мен едім… Мен енді не істеймін? Ол кісінің қалған жұмыстары жоқ па еді?»-дейді әлі ештеңенің байыбына бара алмай, дағдарған фотограф.

Ана кісі мырс етіп:

«Ол кісі ештеңе қалдырған жоқ. Өнері өзімен бірге кетті. Өзінен бұрын да кеткен… Қолыңнан келсе, оның артынан барғаныңыз жөн шығар…» деді.

Бұл шошып кетті:

«Құдай сақтасын!.. Қайдағына айтып… Мені әлем мойындады… Менің атағым шықты… Байып кеттім… Сонда айтып тұрғаныңыз не?»

Егде кісі қайырылып кеп:

«Ол бар өнерін ең асылына арнады да соған сыйлауға, сол ісінің қайыр-қызығын көруге аттанды. Ал сіз соның істегенін көшіріп ап, атақты болдыңыз, байып шыға келдіңіз, былай қарағанда сізде түк те жоқ, ол бұл жалғанның сіз сияқты рахатын көрмеген, бірақ адам еді, шын шебер еді. Ал сіз босаңыз өзіңізді жарға қимайсыз, затшыл тірлігіңізді… босатыңыз ауланы, бұл ара… Қас шебердің табаны тиген мекен! «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген, ол ауырып жатқанда келіп емдетсеңіз қайда қалдыңыз? Тым болмаса, келіп, сөйлесіп…» деп шақырусыз қонағын тысқа шығарып жіберді.

Фотограф аула сыртына шықты. Ол өзін ешкімге де керексіз болып қалғандай сезінді… бірінші рет…

Мұнайдар Балмолда

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.