Аграрлық саланың адымы аршынды

Биыл Арқаның шаруалары ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, мол өнім жинады. Бүгінде облыста егіс науқаны аяқталып, диқандар жұмыстарын қорытындылауда. Қамбасы дәнге, даласы әнге толған өлкенің жылдағыдан тартуы мол. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметіне сүйенсек, бидай алқабы – 626,5 мың гектарды құраған. Ал, картоп 14,5 мың гектардан жиналған. Сондай-ақ, көкөніс өнімдері – 100 гектарға артып отыр. Дәнді-дақылдарды жинау бойынша аудандардың көшін Абай мен Нұраның диқандары бастап тұр.

Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді.

– Біздің облыс ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын ел экономикасының жаңа драйверіне айналдыруды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынды. Қазіргі уақытта облыс өз өндірісі есебінен азық-түліктің негізгі түрлері бойынша, өңірді толықтай қамтамасыз етуде. Әсіресе, бидай, картоп және көкөніс көлемінің жыл сайын өсіп келе жатқанын айтуға болады. Биыл 500 гектар алқаптан 45 центнер дәнді-дақыл жиналды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сомасы – 195 миллиа́рд теңге. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы өнімі 82,8 миллиа́рд теңге, мал шаруашылығы – 111,9 миллиа́рд теңгені құрап отыр. Ал, экспортталған ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы сомасы – 24 миллионнан астам АҚШ долларына жетті. Аграрлық кешендер өздері еккен өнімнің қандай түрін болса да 100 пайыз жинап үлгерді. Қардың астында қалу, суыққа үсітіп алу деген мәселелер туындаған жоқ, – деді Сағынжан Апақашов.

Сонымен қатар, осы жылы сұранысқа ие болғандықтан облыста алғаш рет «Найдоровское» ЖШС астық жинау фермасы бидайдың сынамалық егу жұмысын жүргізген. Биыл Бараев институтынан «Дамсин» және австриялық «Дурум» қажетті астық тұқымы сатып алынып себілген. Бидай, арпа мен сұлының тұқымы еліміздің өзге де облыстарына жөнелтілуде.

– Ала жаздай атыз жағалап, ащы терін жерге сіңірген диқан еңбегінің қайтарымы бар. Бүгінде жаңа техникалардың арқасында жұмыс жеңілдеген. Бұрынғы техникаларға қарағанда қазіргі техника әлдеқайда жақсы. Жұмысы автоматтандырылған. Көп қызметі компьютерлік техника арқылы басқарылады. Өте ыңғайлы. Осының арқасында жерді тыңайту, дән себусынды егіс алқабындағы жұмыс жандануда. Биыл орташа өнімділік кезінде гектарына 253 центнерді құрады. Бұл дегенің 348 мың тоннаға сәйкес. Ал, 2,9 мың гектардың орташа өнімділігі 310 центнерден асты. Осы жылы 107 мың тонна көкөніс (100%) жиналды. Картоп бойынша жақсы көрсеткіштерді Абай және Нұра аудандарының диқандары көрсетті. Ол аудандарда орташа түсімділік тиісінше 340-400 центнер, – деді Сағынжан Апақашов.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша алға ілгерілеушілік байқалады. Мемлекет жәрдемі ауыл шаруашылығының қуатын арттырып, мүмкіндігін ұлғайтып отыр. Ауыл шаруашылығындағы табыстарын еселеу алда тұрған меже. Келер жылдан бастап Осакаров ауданының шаруалары егіншілікті әртараптандырып, мал шаруашылығы бойынша көрсеткішін жақсартумен мықтап айналыспақ.

Қазіргі таңда ет өндіру де облыстың келешегі мол саласының бірі саналады. Оған ең алдымен Қытайдың күн сайын өсіп отырған нарығы мен олардың азықтану құрылымдарының өзгеруіне байланысты, құрамында ақуызы мол өнімдерге деген сұраныстарының артуы себепші болып отыр. Бұл ретте облыстың ұсына алатын сапалы да, экологиялық таза өніміне деген сұраныс аса зор. Қарағандылықтардың қазіргі тұтынушылары Ресей елі көрінеді. Жақында Қытайға 20 тонна қой етін экспорттау жоспарлануда.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқарма басшысының сөзінше, 9 айдың қорытындысы бойынша 92,2 тонна ет, 368,5 тонна сүт, 540,9 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Сонымен қатар, табиғи жайылымдарды түбегейлі оңтайландыру жолы арқылы, тыңайған жерлер мен жарамсыз қалған жерлерді айналымға алу іс-шаралары жүргізілетін болады.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.