«Өзім» өзге үшін жұмыс істейді
Қарағандыда ғана емес, Қазақстанда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бірегей жоба қолға алынды. Оның ерекшелігі қаржыландыру жауапкершілігін әдеттегідей ата-ана емес, мемлекет көтеретіндігінде. Мұнда бала күні бойы болып, тиісті көмегін алса, ата-ана жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Әйтпесе, мүмкіндігі шектеулі.
«Өзім» шағын үйінің жұмыс істегеніне 26 маусымда бір жыл болған екен. Енді пилоттық жобаға қатысып отырған орталыққа келетін әр бала жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне енеді. Яғни, қазір келіп жүрген 12 баланың күнделікті емдік шаралары, тасымалы мен тамағын Үкімет төлеп береді.
– Бұл – ата-аналарға үлкен қолдау, – дейді даму орталығының директоры Эльнара Смағұлова. – Біздің орталыққа қазір 12 бала келіп жүр. Сабақтар жеке және шағын топтарда өтеді. Балалармен логопед-дефектологтар, нейропсихолог, арт-терапевт және музыкалық терапевт жұмыс істейді. Олардың қозғалуына көмектесетін тьюторлар бар. Балалар сегіз сағат бойы осында. Үш рет тамақтанады. Үйлерінен алып кетіп, қайта апарып тастаймыз.
Эльнара – өзі де ерекше баланың анасы. Сондықтан, басқа ата-аналарды жақсы түсінетіндігін айтады.
– Бұл істі қызыма қарау үшін бастадым. Ерекше баламен отырғанда жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан, осындай шағын орталық ашып, басқа ата-аналарға көмектескім келді. Қазір алдағы негізгі мақсатым – орталықты кеңейту. Кезекте тұрған балалар бар. Қызым үшін өзім төлеймін, – дейді ол.
– Мұнда екі баламды әкелемін. Екеуінде де церебральды сал ауруы. Бұған дейін Қарағандының, Алматының басқа орталықтарында болдық. Бірақ, мұндағыдай нәтижеге жетпедік. Балалар қазір жаңа сөздерді айтып, әлеуметтене бастады. Бір сөзбен айтқанда, ашыла бастады. Бір кездері қаржылық жағдайға байланысты бара алмай қалғанымызда, орталық мамандары бізбен бірге қиналды. Педагогтері өте жақсы. Мемлекеттен көмек көрсетілсе, септігі тиер еді, – дейді Ақбота Сеңгірбаева.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік қызметтер жүйесін модернизациялау қолға алынған. Шараға арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары Гаухар Қалмақованың айтуынша, пилоттық жоба Қарағандыдан өзге жеті аймақта іске асады.
– Жоба не береді десек, әуелі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасына жұмыс істеуге, екіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтерді отбасынан ажырамай, үйден алуға мүмкіндік береді. Бала отбасында қалады. Сондай-ақ, жеке секторды тарту арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасы жақсарады. Себебі, әр бала үшін мемлекет қаражат беруге дайын. Ата-ана қызмет көрсететін ұйымды өздері таңдайды. Қазір ел бойынша 182 үкіметтік емес ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіп отыр, – деді Г.Қалмаханова.
Гаухар Амангелдіқызының айтуынша, сыйымдылығы шағын үйлер ауылдық елді мекендерде де ашылмақ. Жоба аясында тірек-қимыл аппараты бұзылған және нейропсихиатриялық ауытқуы бар балалар қамтылмақ. Үкімет бір балаға 180 мың теңге төлемек. Айта кетсек, бүгінгі таңда облыста мүмкіндігі шектеулі 5 мыңға жуық бала бар.
Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz