Жырау мұрасы – ғалым зерттеуінде
Көмекей әулие мұрасы Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласына түрлі себептермен бірі жер аударылып, бірі миссионерлік саясатпен жүрген орыс ориенталист, фольклоршы ғалымдарының еңбектерінде бірнеше рет орыс тіліне аударылып, баспа беттерінде жарияланып, жарық көрді. Бұл ретте, жырау шығармашылығын хатқа түсіріп, оны орысшаға аударып, алғашқылардың бірі болып жариялаушы Баянауыл округінің тумасы, фольклоршы, ғалым – Григорий ПОТАНИН.
Қазақ топырағында дүниеге келген Г.Потаниннің өзі сияқты қазақ сахарасында фольклорлық мұраларды жинаушылардан айырмашылығы мен ерекшелігі де сол – өзі туып-өскен елінің тағдырына бейжай қарай алмай, жоғалып бара жатқан жәдігерлерге жанашырлық танытып, отаршылдық қамытын киіп, езгіде жүргендердің ертеңіне елеңдеп, ет жүрегінің езіліп тұратындығында. Демократтық бағытты ұстанған этногроф-ғалым өз естеліктерінің бірінде қазақ халқы «Народ, который в песне видит откровение божье, имеет право жить и творить» деп Патша үкіметінің бұратана халықтарға жасап жатқан озбырлығын сынап, «нельзя быть бесчувственным к положению инородцев» деп гуманистік көзқарас танытады. Осы жазғандарынан оның қазақ халқына ғана емес жалпы патша үкіметінің езгісіндегі елдерге шын жанашыр болғандығын аңғаруға болады.
Әдебиеттанушы ғалым Ж.Смағұлов ұлттық әдебиеттану ғылымында Бұқар жырау шығармашылығының алғаш зерттеліп, жиналуында «Бұқар шығармаларына Г.Потанин де ерекше көңіл бөлген екен» дей келе «Төртуылдың төрт ұлы тауды жайлап» деп басталатын өлеңінің орысша аударылған нұсқасы Потанин жазбаларында жарияланғанын айтады. Бірақ, осы өлең Бұқар шығармалары жарияланған 1962 жылғы «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» атты жинаққа да, «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1984) аталатын жинақтарға да енбегенін айтады. «Себебі, олардың түпнұсқасы сақталмаған. Шоқан да, Г.Потанин де өз аудармаларында өлеңдердің мазмұнын беруді басты мақсат тұтып, қарасөзге жақын аударған. Сондықтан қазақша нұсқасы хатқа түспеген немесе ұмытылған. Ал, Г.Потанин өз жазбаларында кездесетін енді бір топ өлеңді арнайы тапсырма беру арқылы Имантай Сәтбайұлына жаздырып алып жариялаған (Олар жоғарыдағы жинақтарға да енген). Бұл айтылғандар Бұқар жырау мұрасын жинап-жариялаудағы, хатқа түсіру мен ғылыми тұрғыда игерудегі алғашқы қадамдар еді» деген пікір білдіреді. Және де Бұқар мұрасының басқа да орыс ғалымдарының зерттеу еңбектерінде кездеспейтінін айта келе «Г.Потаниннен басқа қазақ даласын зерттеген орыстың ориенталист, фольклорист ғалымдарының еңбектерінен Бұқар туралы ешбір дерек кездеспейді» деп ойын түйіндейді.
Семипалатинск облысы, Қарқаралы уезінде Тоқырауын жағасындағы ағайындардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып алуда талай күндерді бірге өткізіп, көп үлесін қосқан ағартушы, математик ғалым Әлімхан Ермековтің де Потанин туралы естеліктері көп нәрсеге ой салады. Әлімхан Ермеков Потанин үшін Тоқырауын жағасында арнайы киіз үй тігіп, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жасаушылар мен айтушы ақын-жыршыларды жинап бергені туралы, тіпті, оған әнші Ғаббас Айтбаев пен Уәлидің Майрасы келгендігін, олардың айтқанының бәрін хатқа өзі түсіріп тұрғанын және Потаниннің блокнотқа орысша аудармасын жазып алғандығын айта келе «Сначало это были свои – местные, потом приходилось посылать и в дальние волости. Рабочий день Георгия Николаевича начинался часов в 10 утра» деп, ғалымның көзі ауырып, қалжырап жүрсе де қыруар еңбек жазып алғанын еске алады.
Г.Потаниннің қазақ халық ауыз әдебиеті мен мәдениетіне әсіресе, ақындар айтысы мен шежіре, жыр-дастандарға деген қызығушылығын досы Шоқан оятқан болатын. Сол кезде атағы мәшһүр болған ақын Жанақ, Орынбайлар мен Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау туралы алғаш мәліметтер берген де Шоқан еді.
Г.Потанин Моңғолия сапарынан оралған соң Семипалатинск облысы, Баянауыл округындағы Шормановтар ауылында бір апта жатып, Шормановтардан аңыз-әңгіме, ертегілер мен шежіре жазып алады. Бұл Потанин үшін қиынға түспейді, себебі Шормановтар әулеті ел ішінен халық ауыз әдебиетінің құнды мұраларын жинастырып қойғанын Шоқан Уәлихановтың естеліктерінде жазып кеткен.
Г.Потаниннің «Племена и поколения, населяющие Северо-Западную Монголию» атты зерттеу еңбегінде Бұқар жырау Қалқаманұлының ата-тек шежіресін тарқатып береді. «…У Меийрямсофы четыре сына: Шубыртбалы, Каракисек (Булаткожа), Куандык и Сююндук (последние два от одной матери, старшей жены Меийряма). У Сююндука, третьего сына Меий рямсофы, дети Карджас, Айдабул, кулюк и Козган. У Карджаса три сына: Сатылган, Кулюкэ, и Алтынторо. У Алтынторо дети Джолумбет, Мамбеталы, и Артык. У Джолымбета Назар, Ырсыпбет, Калкаман и Коисары. У Калкамана Бухар; у Бухара Акдербис, Джарылгап, и Джанта».
Оның Баянауылға келгендегі басты мақсаты Бұқар жыраудың немересі жыршы Құрекеден (Куреке) қазақша толық аты Құрманбай атасының жыр-толғауларын жазып алу еді. Қазақша жақсы білмейтін фольклоршы ғалымға жыраудың мұрасын хатқа түсіру ауыртпашылық тудырғандықтан Құрекеге көршілес тұратын Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай Сәтбаевқа өтініш қылады. Тіпті, Имантайға өтінішпен жазған хатында «Привет г. Имантаю! Прошу записать от Куреке отдельные эпизоды и повествования Бухар жырау об Аблае, в частности: осуждение Аблая, восхваление его коня, эпизод отправлении сына (его) Адиля вместе с Жарылгапом в Китай… Рассказы о войне с калмыками… Для записи этих рассказов приехал товарищ Чокана Г.Потанин с супругой» деген екен. Имантай Сәтбаевтың көмегімен Бұқар жыраудың Абылай ханның атын мақтағаны «Ай айтамын, айтамын. Мінген атын айтамын», «Абылай хан қалмаққа жора айт дегендегі сөйлегені», «Абылай ханның мүлкін мақтағаны», «Он екі қазылық үй түндік», «Қалмақтар туралы айтқаны», «Тілек», «Абылай ханды жамандағаны», «Бұқардың зары», «Көк көгершін, көгершін», «Жал құйрығы қаба деп», «Бағаналы орда, басты орда» деген жыр-толғаулары жазылып алынады. Бұл жыр-толғаулардың барлығын Потанин қашан, кімнен, қалай жазып алғандығы жайлы мәлімет беріп отырған.
Бір қызығы, Бұқар жырау жыр-толғауларының мәтіні И.Березин жазба қоры арқылы жарияланғанын айта кетуіміз керек. Ал, И.Березин бұл деректерді 1880 жылы Потаниннің Моңғолиядан оралып, Баянауыл округында бір апта Мұса Шорманның ауылында жатқанда алғандығын айтады.
Бір айта кететін жайт, Потанинге дейін Бұқар жыраудың «Ай, Абылай, сені мен көргенде» деп басталатын толғауын Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы Орынборда жарық көрген «Қырғыз (Қазақ) хрестоматиясында» (1 кітап, 2-3 бет) жариялаған болатын. Алайда, кітаптың кейінгі басылымдарында бұл толғау Қожаберген жыраудың есімімен жарияланып жүр. Бұқар жырау шығармаларының кейбір мәтіндерінің өзгеруінің себебін Кеңес дәуірінің ықпалы әсер етті десек, ал авторының атын ауыстырудағы мақсаты не екенін түсініп білмедік.
Сол сияқты, Г.Потаниннің алғаш жазып алған қолжазбаларындағы Бұқар жырау жыр-толғаулары кейінгі басылымдарда, кеңестік дәуірдегі әдебиет тарихында «Алдаспан», «Ақберен», «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» ақынжыраулар жинақтарында көп өзгеріске ұшыраған. Тіпті, әр басылымда әртүрлі берілген.
Бұл жөнінде жыраулар мұрасын зерттеп, ХV-ХVІІІ ғасырдағы ақын-жыраулар мұрасынан кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми айналымға енгізген ғалым, қаламгер Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны» монографиясында Бұқар жырау жырларының түпнұсқаларының кейбіреулері сақталмай, өзгеріске ұшырап жоғалып кеткені туралы дерек келтіреді. Жазушы «Сол сияқты, Г.Потаниннің жазғандарынан белгілі «Төртуылдың төрт ұлы туды жайлап» деп басталатын өлең де ұмытылған» деп күйінішін білдіреді.
Дегенмен, Г.Потаниннің қолжазбасынан алынған Бұқар жырау мұрасы 1925 жылы «Таң» журналының №2 санында 97-98 беттерде жарияланады. Бұл Бұқар мұрасының Қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы жариялымы болды.
Потаниннің Бұқар жырау шығармашылығын жазылып алу барысында мәліметтер мен түсініктерді академик Әлкей Марғұлан толықтырып отырғанан айта кетуіміз керек.
Мәселен, Потанин еңбегінде «Ай, айтамын, айтамын» деп басталатын толғауы: Шұбар ағаш, құба жонда Абылай ханның шүршіт еліне жау болып, шұбырған қалмақ қолы соғыстан жүдеп, Абылай ханның аяғына жығылып, тарту беріп, қараймын, – дегенде, Абылай ханға Бұқар жырау атын мақтап, һәм қалмақты қырамын дегенін жырменен айтқаны:
Ай, айтамын, айтамын,
Мінген атың айтамын.
Құлында емген, тай да емген,
Құнанында арда емген.
Дөненінде үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен,
Бестісінде белі күшті болсын деп,
Бес байталға салдырған,
Алтысында аттай мұрнын танатқан.
Жетісінде жетіп құлан шалдырған.
Сегізінде серке сан деп атанған.
Тоғызында тола семірген.
Онында оқ жыландай қарғыған
Ойнай басқан аяқтым.
От орнындай тұяқтым
Қиғаш қамыс құлақтым.
Саптыаяқтай еріндім.
Сарымсақтай азулым.
Саурсын кере жараған.
Кекілін қыздай тараған.
Тостаған көзді торыны,
Топ тарқамай мінсене.
Еліңнің қамын жесене.
Есіліп кеңес айтсана.
Айта да айта кетсең жұртыңа.
Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа.
Еш келмеді қыртыңа.
Кең Абылай, кең аям,
Шұбарағаш, құба жон
Мекен еткен шөлде, аям
Телі менен тентегің,
Иіліп алдыңа келді, аям,- деп басылған.
Кейінгі жариялымдарда мәтінде азкем өзгешеліктер туындаған. Мысалы, жоғарыда «Алтысында аттай мұрнын танатқан» деп берілсе, «Нар заман мен зар заман» жинағында осы жолдар «Алтысында талдай мойын талдырған» деп келтіріледі. Ал, толғаудағы «Еш келмеді қыртыңа» деген жолдар мүлдем жоқ. «Мінсене», «жесене», деген сөздер «мін-сана», «же-сана» деп берілген. Потанин жариялаған Бұқар жыраудың бір толғауынан бірнеше өзгерістерді байқап отырмыз.
Тағы да мысал келтіретін болсақ «Абылай хан қалмаққа жора айт дегендегі сөйлегені» толғауының не себепті түбегейлі өзгеріске ұшырағанын түсініп болмадық. Жырдың кейінгі басылған нұсқаларында мазмұны ғана сақталған десе болады. Аракідік кейбір жолдардың үзінділері ұшырасады. Г.Потанин нұсқасы:
Он екі қаздық әр түңдік
Шауып шықтым белеңге.
Тау суындай сарқырап,
[…] жатыр өреңде.
Он сан қазақ тізгіні,
Ер Абылай төремде.
Шүршіт деген ел бар-ды
Келер деген келмеді.
Шүршіт келсе, сырықтар,
Жылқың жатсын өлеңде.
Қойың жатсын шөліңде.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт келсе бір
Жаһан қоймай қуалап.
Алып кетер ғалемді.
Шүршіт жатыр арқада,
Барын көлдің басында,
Егін салып қасында.
Ақылы жоқ сал қазақ
Атын сатты кәпірге.
Ылау атын мінген соң
Күнін, түнін бір етіп
Бір күн жетер сол кәпір,
Жаушылыққа шығар ол,
Елшілікке барар ол,
Түрі момын болар ол.
Құлан қайда семірсе,
Жүнін онда төгер ол.
Егер шүршіт келмесін.
Егер шүршіт келсе бір ,
Қабырғаңды күйретіп,
Жон-жұмыңды сөгер ол.
Бұқар жыраудың шығармаларына арналған еңбектер мен жырау мұрасы енген әртүрлі жинақтарда жоғарыдағы жырдың аты да өзгертіліп, көп басылымдарда «Шүршіт келсе, сырға көш» деген атаумен беріліп жүр.
«Шүршіт келем!» деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап:
«Інжіл» атты қаламда.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді (кетер) ақтарып,
Көмулі көрден денеңді.
Шүршіт келсе, Сырға көш,
Ішетұғын суы бар.
Келіп сізді қамайды
Үй түндік пенен Белеңде.
Баяғыдай еркін деп,
Сарыарқада қалмаңыз!
Сірә, байқа шіркінді!
Шүршіт келсе, жарамас,
Ай-түйіңе қарамас!
Сай суындай сарқырап,
Қалай көшіп барасың?!
Найман жатыр өренде,
Қырғыз жатыр шөлеңде,
Атың жатар белеңде,
Түйең жатар өлеңде,
Он сан Алаш билігі
Хан Абылай, төреңде
Міне байқағанымыздай кейбір жолдарындағы ұқсастық болмаса, жырдың толығымен өзгеріске ұшырап, түпнұсқадан алшақтап кеткендігін көреміз. Осындай жайттардың белең алуының себеп-салдарын анықтау үшін әр жылдарды жарық көрген Бұқар жырау жыр-толғауларын салыстырып, зерттеу қажеттігі туындап отыр. Бұдан бұрын да әдебиеттану ғылымында Бұқар жырау толғауларының текстологиясы мен М.Мағауин, Қ.Өміралиев, Р.Сыздықовалар жұмыс жүргізген. Ол кезеңде Бұқар жырау мұрасының толық нұсқалары қолға тиімсіз болса керек. Сондықтан, Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармаларының толық текстологиясын жасау мәселесі – бүгінгі күннің басты талабы.
Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.