Жаңалықтар

Жырау атындағы жыр додасы

Бұқардың тойы – бұқараның тойы! Жыл басынан бері Қарағанды аймағында бабамыздың 350 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде кең көлемде өтіп жатқаны белгілі. Өткен апта соңында Көмекей әулие құрметіне жарияланған республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты шараға ұласты.

Өмір барда, Алаш аманда Бұқар есімі, Бұқар философиясы өшпесі анық. Биыл баба есімінің құрметіне жасалып жатқан рухани шаралардың Бұқарға керегі жоқ. Бізге, ұрпаққа керек! Дұшпаныңнан сақтанып, досыңды сыйлап, өзіңді құрметтеудің сара жолы – Көмекей әулиенің шығармашылық мұрасында. Бұқар баба толғауларындағы сақтық философиясы бүгінгі мемлекетіміздің қауіпсіздігі үшін де қажет. Мұндай зор тұлғаның мұрасын ұрпақ жадында жаңғырту аса маңызды, ендеше. Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Бұқар жыраудың 350 жылдығы мен елордасы Астананың 20 жыл толған мерейтойы құрметіне ұйымдастырған «Өлең – сөздің данасы» атты мүшәйраның көздегені де – сол, ұрпақ тәрбиесі.

Рухани шара қаладағы Бұқар жырау ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Екі-үш ай бұрын жарияланған жыр мүшәйрасына 16 мен 35 жас аралығындағы 50 үміткер өлең жіберген екен. Осы облыспен қатар, еліміздің 11 аймағынан келіп түсіпті шығармалар. Сол 50 үміткердің арасынан 17 ақын жүлдегер атанды. Олардың әрқайсысы республикамыздың әр аймағынан.

Мүшәйра талабы бойынша шығармалар жыраулық дәстүрде жазылыпты. Ақындарға алдын ала берілген үш тақырып: Бұқар жырау Қалқаманұлына, Астананың жиырма жылдығына және бір әлеуметтік-қоғамдық мәселені жырға арқау ету. Бір мүшәйраға үш өлең жазып қатысасыз деген сөз. Бәрі жыраулық дәстүр бойынша жазылуы тиіс. Ақындар сол талапты орындапты да.

Жүлдеге іліккен 17 ақынды «Шалқыма» концерт залында қазылар алқасы қайта тыңдап, сыннан өткізді. Ақындардың әрқайсы мүшәйраға тапсырған бір-бір өлеңін жұрт алдына шығып оқыды. Қазылар алқасының төрағасы – қазақтың белгілі ақыны Есенғали Раушанов – Қазақстан Жазушылар одағының басқарма хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері. Сондай-ақ, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Әбдуов, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Айтбай Жұмағұлов және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Қалқаман Сарин.

Сонымен, қазылар шешімі бойынша мүшәйраның Бас жүлдесін «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, аяулы ақын жерлесіміз Мирас Асан жеңіп алды. Былайғы жұрт Мирас Асанның ақындығына күмән келтіре қоймасы анық бүгінде. Өлеңі де көкейге қона кетті. Ақсүйек өнер! Бас жүлдені ақын Есенғали Раушановтың өзі табыстап тұрып: «Бұқар бабамыздың 350 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл мүшәйраның орны бөлек. Аясының кеңдігі сондай – үш бірдей тақырып қамтылды. Мүшәйра Қарағанды облысының төл мерекесі болып есептелгенімен, Алтай, Атырау арасын түгел қамтыған Алаш баласының қай-қайсына болсын ортақ мерекеге айналды. Сондықтан, республикалық деңгейде өтіп отыр. Сол үшін біз сіздерге рахмет айтамыз!» – деді.

Бірінші орын иегері – түркістандық Ғылымнұр Қыдырханның да толғауы терең мағыналы екен. Болашағынан үміт күттіретін жастың бірі. Жүлделі екінші орын қос ақынға табысталды. Олар – павлодарлық Қуанышбек Шарманов пен астаналық Олжас Қасым. Олжастың да өлеңдері қуатты, төгіліп тұр.

Үшінші орын да үш ақынға үлестірілді. Тараздық Нұрболат Сәтімқұл мен атыраулық Альбина Мұхамбетова және қарағандылық Ерқанат Кеңесбекұлы. Мұның сыртында үш бірдей арнайы жүлде тағайындалыпты. Шортанбай жырау Қанайұлы атындағы жүлденің иегері – әріптесіміз, ақын Рауан Қабидолдин, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнайы жүлдегер – павлодарлық Нұрбек Кеңесбай, Мағжан Жұмабаев атындағы жүлде астаналық Ақжігіт Амангелдіұлына бұйырды. Қалған жеті қатысушы ақынға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Жәнібек Әлиман,

“Орталық Қазақстан”

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button