Жылыжай – береке бастауы

    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ауыл еңбеккерлеріне Қазақстан әлемдік нарыққа азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруші және жеткізуші ел ретінде танылуы керектігін баса айтқан еді.

Осы орайда, елімізде көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Оның бір айғағы, жер-жерлерде жылдың төрт мезгілінде өнім беретін орындардың көбеюі, нәтижесінде, ел тұрғындары отандық сапалы өнімді тұтынуда. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығына тәуелсіз жылыжай шаруашылығы мол өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Қарқаралы ауданында да жылыжай шаруашылығын дамыту әлдеқашан қолға алынған. Қарағайлы кентіндегі жас кәсіпкер Жандос Қонысбайдың жылыжайы бүгінде аудан халқын сапалы көкөністермен қамтамасыз етіп келеді. Аталмыш кәсіпті бес жыл бұрын қолға алған азамат күні бүгінге дейін кәсібінен қол үзген емес.

Жас еңбеккердің шаруашылығын қолдау мақсатында, облыс әкімінің қайтарымсыз гранты да берілген. Қолына тиген қаражатты тиімді пайдаланып, заманауи технологияны пайдалана отырып, шетелдік поликорбанат деп аталатын суық өткізбейтін, жылуды сақтайтын, күн сәулесін жақсы қабылдайтын жабынмен жасалған. Және өсімдікке қажетті жеті түрлі витамин бөліп тұратын қасиеті тағы бар. Жылыжай ішіндегі қияр-қызанақтар тамшылату әдісімен суарылады. Ал, жылу арнайы электроконвектор деп аталатын құрылғы арқылы беріледі.

Осындай жоғары технологияны қолданып, шаруашылығын дөңгелеткен Жандос тағы бір жылыжайдың құрылысын бастап кетті. Тынымсыз еңбек иесі өнім жақсы болған кезде төрт тоннаға дейін қияр алады екен. Бұл қомақты қаражатқа кенелтеді. Жас кәсіпкердің айтуынша, екі миллион теңгеге дейін пайда табуға мүмкіндігі бар. «Ол үшін ерінбей еңбек ету керек», – деді шаруашылық иесі.

Тұтынушылар өнімді тапсырыс арқылы жылыжайдан алып кетіп жатады. Оның үстіне, аскөк, ақжелкен, көк пиязды да осы жерден табады. Барлығы – табиғи өнім. Жалпы, көлемі 200 шаршы метр болатын жылыжайдан бір тоннаға жуық голландиялық сұрыпты қияр, жарты тонна қызанақ, 300 келі болгар бұрышы алынған. «Он бесінші қаңтардан бастап қызанақ, орамжапырақ, болгар бұрышының көшеттерін ыдыстарға отырғызамыз. 60 күннен кейін арнайы арыққа орналастырамыз. Осы кезеңдерде жылыжай іші жылу энергиясымен жылытылады. Сәуір айынан бастап суық түскенге дейін өнім ала бастаймыз. Сонымен қатар, аталмыш көкөністердің көшеттерін де сатамыз», – деді Жандос.

Жақында Жандос «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында аудандық кәсіпкерлер палатасының жолдамасымен Қарағанды облысы ауылдық елді мекендеріндегі тіршілік сапасын көтеру үшін су үнемдеу, жасыл технологиялармен тәжірибелерді енгізу «Су – өмір үшін тіршілік» атты жобасы негізінде оқып келді.

Табыс – маңдай тер мен қажырлы еңбектің жемісі екендігін жете түсінген Жандос Қонысбай тағы бір жылыжайдың құрылысын бастап кетті. Өзі дәнекерлеуші, өзі құрылысшы, өзі бағбан. Ерінбейді. Бар ынтасымен жұмыс істеуге дағдыланған Жандостың алда тұрған жоспарлары да зор.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.