Бас тақырып

Жылу радиаторлары шығарылады

Арнайы экономикалық аймақтың сонда түскен инвестиция түйірін гүл-гүл жайнататын құнарлы топыраққа айналар күнін күткелі көп жыл. Инфрақұрылымы сайма-сай аймақтар инвестиция құюға ықыласты жатты да, жақынды да жатсынған жоқ. Сұраған орнын ойып беріп, экономикаға үлес қосатын жобаларға есігін айқара ашқалы да біраз. Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында іске асуы тиіс сондай жобаның бірі – «Sillumin of Qazaqstan» ЖШС-нің алюминий және биметал радиаторлар өндірісі.

Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жұмабектің айтуынша, зауыт 2022-2024 жылдар аралығында бой көтереді. Қазіргі таңда жерге қатысты жұмыстар басталған. Яғни, зауыт салудың алғашқы қадамы жасалған. Жобаға сәйкес зауыт құрылысы үш кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі 2024 жылға межеленген екен. Бұйыртса, 2024 жылдың ақпанында зауыт ашылады деген жоспар бар. Одан кейінгі екі кезеңде зауыттың қуатын арттыруға негізделген өндірісті ұлғайту көзделеді. Олар да кезең-кезеңімен қосылмақ.

– Жобаның құны 17 млрд. 710 млн.теңге шамасында. Бірінші кезеңде «V Manegment» компаниясының қаражаты 1,7 млрд. теңге болса, 14,1 млрд. теңге несие. Оның белгілі бір пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады. Жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі – 6 жыл. Жоба іске қосылғанда 183 адам жұмысқа алынады. Қуаттылығы – бірінші кезеңде жылына 3,3 млн. секция, – дейді Нұрсұлтан Жұмабек. Компания басшысы бірінші кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен, өндіріс, инженерлік жүйелер салынатынын айтады. Зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын болады.

Мұндағы алюминий және биметалды радиаторлар шығару өндірісі бірнеше циклды. Яғни, алюминийді балқытып, құюдан бастап, жинап, бояп, қаптап шығаруға дейінгі барлық өндіріс зауытта жүзеге асады. Қысыммен құю технологиясы қолданылады.

– Утилизацияға түскен көліктердегі алюминийді қайта қорытып, балқыту арқылы радиатор құйылады. Одан соң жинақталып, боялып, қапталып, нарыққа шығарғанға дейінгі процестің бәрі зауыт ішінде атқарылады, – дейді компания басшысы.

Осылайша, өндірістегі өнім шығару бірнеше сатыны қамтиды. Ең алдымен алюминий сынықтары, қалдықтары қайта қорытылып, қысыммен құйылады. Одан кейін ол радиаторлар механикалық желі секциясында жиналады. Содан кейін боялып, сынақтан өтеді. Үш кезең толық іске асқанда жылына 8 млн. секция радиатор нарыққа шығады.

Жоба экономикаға шикізаттық емес экспортты дамытуға үлес қосуды діттейді. Сол арқылы елдің өнеркәсіп әлеуетінде жаңа кластер құруды мақсат етеді.

Компания басшылығының мәлімдеуінше, зауыттың «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында алған ауқымы – 6 гектар. Зауыттың үш кезеңінде де құрылыс жұмысына тартылатын адам саны жүзге жуық.

– Зауыт жұмысына негізінен жергілікті тұрғындар тартылады. Зауыт тарапынан оқытып, маманды дайындауға ден қоямыз. Кей мамандар үйрету үшін Ресейден келеді,– дейді Нұрсұлтан Жұмабек.

Жалпы қазір алюминий радиаторлар жылу жүйесінде кеңінен қолданылып жүр. Бұлардың өзге радиаторларға қарағанда бірқатар артықшылығы баршылық. Айталық, ең бірінші, оның құны. Алюминий радиаторлар басқаларға қарағанда бағасы жағынан сәл арзандау түсетіні жасырын емес. Сонымен қатар, жылу бөлуде де өзгелерден озық. Оған қоса, салмағы жеңіл. Деректерге сүйенсек, оның бір секциясының салмағы 1,5 кг көлемінде. Соның өзінде 15 секциялы ұзын батарея бар-жоғы 15 келі болады. Бұл өз кезегінде тасымалдау мен монтаждауда қиындық тудырмайды.

Ал, радиатордағы ыстық судың градусын 130 градусқа дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Алюминийдің жылу өткізгіштігі өте жоғары. Бір секцияның 150-200 Вт жылу энергиясын өткізе алатын мүмкіндігі бар екен. Сонымен бірге, эстетикалық сыртқы бейнесі, сапалы боялуы да бұлардың бәсін жоғары қылатын бір кілт.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button