Жаңалықтар

Жуалының Жұмабегі

Фотожурналист Жұмабек Иманәлиев – 75 жаста

Арқа өңірінің баспасөзінде өзіндік орны, өзіндік қолтаңбасы қалған азаматтың бірі – өзіміздің «Орталықта» қырық жылға жуық еңбек еткен Жұмабек Иманәлиев.

Түрегеп тұрған 14 жастағы Жұмабек. Алдыңғы қатарда (солдан оңға қарай) шешесі Қыздариға, інісі Жұматай, әкесінің жеңгесі Шобал апа, інілері Бекболат пен Байболат. 1964 ж.

Иә, Жұмекең біздің газеттің фототілшісі болып қызмет атқара жүріп, өзінің түсірген әсем көріністерін, еңбек адамының, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, мұғалімдердің, дәрігерлердің, көптеген әйгілі тұлғалардың бейнелерін басқа да басылымдардың беттерінде үнемі жариялап отырды. Өйткені, Жұмекеңнің түсірген суреттері өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. Жиырма жасынан бастап фотоаппаратын қолынан тастамаған ол сурет түсірудің қыр-сырын толық меңгерген нағыз кәсіпқой, бесаспап фототілшіге айналды. Жұмекеңнің қандай фотосын алып қарасаңыз да оның сол сәтті қалай бейнелеу керектігін дәл табатын сезімталдығы мен көре білетіндігі анық байқалады. Сөйтіп, бір сәтті мәңгі есте қалдырып, қағаз бетіне көңілден шығатындай етіп түсіріп береді.

Жетпісінші жылдардың аяғында Қарағандыдағы Кеншілердің Мәдениет сарайында облыс комсомолдарының конференциясы өтіп, «Орталықта» фотолары жарық көретін Жұмекең екеуміз сонда таныстық. «Суретті түсірген Д.Иманалиев» деп жазатын. Сөйтсем, аты Жұмабек екен. «Газетке неге «Д.Иманалиев» деп жазасың?» деп сұраймын ғой. «Менің атым паспортымда «Джумабек» деп жазылған дейді ол. Кейіннен «Ж.Иманәлиев» деп дұрыс жазатын болды. Мен ол кезде Қарағанды телерадио комитетінде жастар редакциясында аға редактор болып істейтін едім. Келесі жылы мен де облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қызметке келдім. Содан бастап біз отыз жылдан астам бірге қызмет атқардық. Алтыншы қабатта отырғанымызда кабинетіміз де қатар болды. Қолымыз босаған сәттерде әңгімеміз жарасып, әртүрлі тақырыптардың басын шалатынымыз да бар. Кейде мақала немесе фоторепортаждар жасауға бірге шығатын уақыттарымыз да болатын. Газет бетінде талай фоторепортаждар бастырдық. Қисықтығы мол Жұмекең қырсығып қалса, «Әй-й!» деп қолын бір сілтеп кетіп қалатыны да бар. Ондай сәттерде тілін тауып, икемге келтіріп алмасаң «Не буду я» деп мойнын қисайтып алып, жүре беруі де мүмкін, өзінің орысша сөйлейтін әдетімен. Соған орай өзіме қандай адамдарды түсіру қажеттігін көрсетіп беремін де, сырттай бақылап қарап тұрамын. Қалай түсіру керектігін ескертсең болды, жаныңда бөгде адамдардың тұрғанына қарамастан: «Я сам знаю. Не вмешивайся» деп айта салудан тайынбайды.

Әңгімелескен сәттерде өзінің Жамбыл облысындағы Жуалы ауданында туып өскендігін, бүкіл қазақтың пір тұтатын қос азаматы Бауыржан Момышұлымен және Шерхан Мұртазамен өзінің жерлес екенін мақтаныш сезіммен айтып отырады. Шақпақ стансасындағы көпбалалы теміржолшылардың отбасында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және басқа да медальдармен марапатталған әкесі Иманәлі дүниеден өткенде Жұмабек 14 жаста ғана екен. Ең үлкендері жастай шетінейді де, қалған бес ұлдың екіншісі Жұмабек орта мектептен соң Шымкент қаласындағы №85 кәсіптік техникалық училищеде фотограф мамандығын алып шығады. Сонда оқыған кезінде жатақхана болмай, пәтер жалдап тұрған екен. Сол кезде анасы Қыздариға қанша қиындық көрсе де, пәтердің ақшасын ай сайын бір жыл бойы өзі төлепті. Анасының бес баланы қалай асырап-жеткізгенін әлі күнге дейін аузынан тастамайды.

Қазір Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде фототілші болып қызмет істеп жүрген Жұмекеңмен әңгімелескенде сонау Жамбыл облысынан Қарағандыға қалай тап болғанын суыртпақтап сұраймын. Ол жағын көп тарқатып айта бермейді.

– Отбасының жағдайымен келдім ғой, – дейді де қояды.

Техникалық училищені бітірген соң фотограф болып орналасады, бірақ оның жұмысы көңілінен шыға қоймайды. Сол кезде бір танысының айтуымен осындағы ауруханада рентген-лаборант болып істеп жүргенде Қарағандыға көшіп келіпті.

Айы оңынан туып, сол кездегі Мичурин аудандық «За коммунистический труд» газетіне фототілші болып орналасады. Болашақ маман фототілші болуына, фотоаппаратты қалай ұстау қажеттігіне осы газеттегі қызметінің игі әсер еткенін ризашылықпен әңгімелейді.

– Қызметке тұрған соң көп ұзамай газеттің редакторы Топар кентінде орналасқан училищеден бір сурет түсіріп әкелуге жұмсады. Түсіріп алып келіп, фотосын шығарып бердім. Оны көрген редакторымыз Валентин Баландин: «Мына түремшігің кім?» дейді бетіме қарап. Мен оның түремшік емес, сол училищенің шебері екендігін айттым. Ендеше басындағы мыж-мыж малақайына қарашы, бір құлағы түсірілген, бір құлағы едірейіп тұр, өзі мүлде қырынбапты. Мұндай суретті газетке қалай шығарамыз? «Балаға тәрбие беріп жүрген адамның сиқы осы ма?» деп ел күлмей ме?» – деді. Мен адамның түр-әлпетінің газет бетіне шығуға лайықты болуы қажеттігін содан бастап түсіндім. Одан соң осы «Орталыққа» келген кезім. Бір күні шахтадан сурет түсіру қажет болып, «Индустриальная Караганда» газетінің қызметкері Владимир Лунякин екеуіміз бардық. Шахтада бірінші рет болуым. Суретке түсірейін десем, ешкім тыңдамайды. Анау да өтіп кетеді, мынау да өтіп кетеді. Сол кезде Лунякин мұндай жүрістен ештеңе шықпайтынын, батыл болу керектігін, тіпті ұятты белге түйіп алып, қасқайып қарсы тұру керектігін түсіндірген еді. Шынында да оның ақылының жөні бар екен. Міне, содан бері мен сол ақылдан тайған жоқпын, – дейді фотожурналист Жұмабек Иманәлиев.

Ағайынды Иманәлиевтер (солдан оңға қарай) інісі Жұматай, ағасы Төребек, Жұмабек және інісі Бекболат.

Қызмет еткен жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Журналистер одағының грамоталарымен және дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталған. «Байқағыштығы үшін» аталымы бойынша облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығын (2006 ж.) жеңіп алды. «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері.

Журналистика саласындағы жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асқан журналист әріптесіміздің фотоаппарат объективіне іліккен авторлық фотосуреттері республикалық «Еgеmеn Qazaqstan», «Казахстанская правда», кезіндегі «Лениншіл жас», «Ленинская смена» газеттерінде, «Қазақстан әйелдері» журналында, корейлердің «Ленин кичи» газетінде, немістердің «Фройндшафт» газетінде, өзіміздің облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде үнемі жарияланып тұрды. 1977 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Міне, облыс өмірінің қай саласында болмасын еңбек етіп жатқан жандардың суреттерін баспасөз бетіне шығару арқылы тарихта қалдыруға өзіндік үлес қосқан фототілші Жұмабек Иманәлиев бүгінде 75 жастың желкенін керіп отыр. Сондықтан да Жұмекеңе ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілей отырып, алдағы уақытта да қолыңнан фотоаппаратыңды тастамай, белсенді қызметті жалғастыра бер демекпіз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
жазушы-журналист

Басқа материалдар

Back to top button